Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері тегі жапон болғанымен, Ұлыбритания азаматы Казуо Ишигуро атанды. Швед академиясы оған "Адамның әлеммен иллюзиялық сезімдер арқылы байланысына құрылған, жоғары эмоционалды күшке ие романдардың авторы" деген баға берді. Бұл туралы ВВС және CNN ақпараттық агенттіктері жазды.
Казуо Ишигуро әлемнің 40 тіліне аударылған 8 кітап жазған. Соңғы туындысы - 2015 жылы жарық көрген "The Buried Giant " (Жерленген алып) кітабы. 62 жастағы жазушыға ерекше танымалдылық сыйлаған "The Remains of the Day" (Күннің қалған бөлігі) және "Never Let Me Go" (Менен қол үзбе) шығармалары белгілі кинофильмдерге арқау болған.
Казуо Ишигуро бес жасында ата-анасымен бірге Жапониядан Ұлыбританияға қоныс аударған. Кент университетінде (University of Kent ) ағылшын тілі мен философия мамандығы бойынша білім алған. Шығыс Англия университетінде (University of East Anglia) креативті жазу саласында магистратураны тәмәмдаған. 1989 жылы "The Remains of the Day" кітабы үшін Booker Prize сыйлығын иеленді.
ВВС журналистері жазушымен байланысқа шыққан кезде, Нобель комитетінің телефон арқылы ресми растауын күтіп отырған Казуо Ишигуро қатты қобалжып, Нобел сыйлығының неліктен маңызды марапат екендігімен бөліскен. Ол: "Нобель сыйлығы мені өмірден озған асқан талантты, ұлы жазушылардың қатарына қояды. Бұл - өте үлкен мақтаныш. Қазіргі түсініксіз, тұрақсыз әлемде Нобель сыйлығына лайықты деп танылған дүниелер адамзат баласын позитивті, жақсы істерге ынталандырғанын қалаймын. Менің шығармаларым да сондай ізгі бастамаларға мұрындық болса, қуанар едім", - деді.
Швед академиясының хатшысы Сара Дениюс жазушының стилін "Аздап Джейн Остинге Франц Кафканы қосыңыз" деп бағалады. Тұрақты хатшыға қойылған "Казуо Ишиугуро өткен жылғы лауреат Боб Дилан сияқты қызу талас тудырмайды ма?" деген сауалға ол "Бұған қатысты үкімді шығаратын мен емес. Біз тек ең үздік деп таныған жазушымызды таңдадық" , -деп жауап берді.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын автор-орындаушы, киноактер Боб Дилан алып, бұл шешіммен келіспегендердің көп болуына байланысты марапат жабық түрде өткен салтанат кезінде табысталған болатын. Дегенмен Казуо Ишигуро 2005 жылы Guardian басылымына берген сұхбатында "Мектеп кезінде Боб Диланның әндерін сүйіп тыңдаушы едім. Ол менің сүйікті кейіпкерім болған және солай қала береді", - деген еді.
Казуо Ишигуро жоғарыда аталған көлемді романдарынан бөлек, шағын әңгімелер мен кинофильмдерге және телебағдарламаларға арнап сценарилер жазады. Биылғы жылы Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығына 240 үміткер ұсынылып, оның 195 тіркелген.