Қыркүйек айы бастала салысымен осы уақытқа дейін Сүрия, Қырым және Донбасстың тасасында қалып келген Солтүстік Кавказ аймағы қайтадан әлемдік таблойдтардың бірінші бетіне шықты. Оған себеп, Шешенстан астанасы Грозныйда Мьянмадағы мұсылмандарды қолдаған миллионнан астам адамның шеруге шығуы және ел президенті Рамзан Кадыровтың Кремльге қарата сыни мәлімдемелер жасауы. Жалпы Ресей Федерациясы аумағында болып жатқан бұл жағдайлардан не аңғаруға болады ? Бұл Кремльдің орталықтандырылған билік жүйесінің әлсірей бастауы ма? Рамзан Кадыров осы әрекеттері арқылы Мәскеуге не айтқысы келді? Бүгін біз осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көретін боламыз.
Бір қарағанда Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Мьянма мұсылмандарына Солтүстік Кавказ елдерінің не қатысы бар деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ олардың бір-біріне қатысы бар болып шықты. Қатысы болғанда да осы арқылы Шешенстан президенті Рамзан Кадыров Кремльге өзіндік көзқарасы, тәуелсіз ой-пікірі бар екенін байқатты. Бір уақытта Мәскеуде, Грозныйда, Махачкалада Мьянма мұсылмандарын қолдаған митингтілер Путин басқару жүйесінің сырт көзге айбарлы болып көрінгенмен шын мәнінде әлсіз екенін көрсетті.
2014 жылдан бері Ресей қоғамында Қырым, Сүрия, Донбасс, Украина оқиғаларының тасасында болып келген Солтүстік Кавказ бірақ күннің ішінде әлем назарын өзіне аудартты. Бұл жолы ол 2000 жылдардағыдай террорлық терактылерімен, жоғары лауазымды саясаткерлердің өлімімен емес, біріккен күш ретінде көзге түсті. Бұл сөзімізге дәлел ретінде 2000 жылдардан бергі Солтүстік Кавказ аумағының жағдайына қысқаша тоқталатын болсақ, мұнда біз белгілі бір дәрежеде тұрақтылық орнағанын байқаймыз. Осыдан 15-16 жыл бұрын бүкіл Ресейді шулатқан «Имрат Кавказ» лаңкестік ұйымы мен оның басшылары Доку Умаров пен Әлиасхаб Кебековтардың бұл күнде түбегейлі көздері жойылған. Олардан кейін шыққан «Кавказ Уәлаяты» ұйымы өте әлсіз әрі жергілікті биліктің бақылауында. «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының Солтүстік Кавказдағы филиалының аты дардай болғанымен аумақтағы белсенділігі төмен дәрежеде. Бұған дәлел 2013 жылдан бері солтүстік кавказдық лаңкестер ел аумағынан тыс жерде бірде-бір рет террорлық шабуыл жасамаған. Левада әлеуметтік зерттеулер орталығының мәліметінше, қазіргі таңда ресейліктердің 41 пайызы Солтүстік Кавказды тыныш, тұрақты аумақ деп есептейді. Ал 2005 жылы бұл көрсеткіш тек 5 пайызды ғана құраған. Бір сөзбен айтқанда қазіргі Шешенстан, Солтүстік Кавказ бұрынғы тұрақсыз, теңселіп зорға тұрған аумақ емес.
Бірақ бұл жолғы Грозный қаласының алаңына бір миллион адамның жиналуы Кремль саясатының кезекті қадамы да болуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Өйткені Мәскеуден жыл сайын Солтүстік Кавказға құйылып жатқан қыруар қаржының қайтарымы болуы керек екені белгілі. Ал ол қайтарым әлем жұртшылығы алдында мұсылмандардың қорғаушысы болып қалыптасып қалған Рамзан Кадыровтың дуалы ауызы. Владимир Путин Рамзан Кадыровқа Мәскеуде, Грозныйда, Махачкалада сонау Оңтүстік-Шығыс Азиядағы мұсылмандарды қолдауға рұқсат беру арқылы Таяу Шығыстағы, Сауд Арабиясындағы, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жалпы мұсылман әлеміндегі Ресей позицияларын күшейтіп алуды көздеуі де мүмкін.
Жалпы Шешенстан кеңестер одағы құлағалы бері Ресейдің сыртқы саясатына өзіндік үлесін қосып келе жатқан мемлекет екендігі белгілі. Ал билік басына Рамзан Кадыров келгелі бері Грозныйдың Мәскеуге ықпалы одан сайын артқан. Кадыров осы уақытқа дейін Кремльдің Ауғанстан генералдарымен, араб шейхтарымен жақын тіл табысуына және Таяу Шығыстағы көптеген мәселелерді шешуге үлкен үлес қосып келген деген ақпарат ресейлік БАҚ-тан ауық-ауық шығып келе жатқанына біраз жыл болды. Бірақ Мьянма мұсылмандарына келгенде Путин мен Кадыровтың көзқарастары екіге жарылуы мүмкін. Өйткені Ресей Қытаймен сауда-экономикалық, әскери-саяси әріптестік орнатып отырып Мьянма мұсылмандарын жақтап ресми пікір білдіруі екі талай. Ал бұл мәселеде Рамзан Кадыровтың жалпы Солтүстік Кавказ халқының көзқарасы белгілі. Бұл жерде Путинге көп жағдайда жетпей жататын саяси икемдік, иілгіштік ауадай қажет. Себебі осы жолғы Мьянма мұсылмандарын қолдауға байланысты өткен шеруде белгісіз бір топ будда дінін ұстанған қалмақтарды қанға бояйық деген арандату әрекеттерін жасаған. Ал қалмақтардың басым көпшілігі Ресейдің Дағыстанмен шекараласатын аумағында шоғырланған. Бұл дегеніміз Мьянма мұсылмандары үшін кек аламыз деп жүрген ислам дінінің фанаттары Дағыстаннан ақ шығуы мүмкін екендігінің белгісі. Путин елде дінаралық қақтығыстар болып кетпес үшін тез арада «өгізді де өлтірмейтін арбаны да сындырмайтын» айла ойлап таппаса іс насырға шабуы мүмкін. Бұл жерде Путинге мұсылмандермен тіл табысуда қашанда қасынан табылатын Рамзан Кадыров та көмектесе алмайтыны белгілі. Өйткені Солтүстік Кавказда оналасқан Дағыстан мен Шешенстан сынды қос елдің қарым-қатынасы атам заманнан дұрыс емес.
Қорыта келгенде осы жолы Мьянма мұсылмандарын қолдап алаңға миллиондап шыққан Солтүстік Кавказдықтар Мәскеу үшін үлкен қауіп екені айтпаса да түсінікті. Бүгінгі Солтүстік Кавказды 4-5 жылдық ұйқыдан оятқан Мьянма мұсылмандарының елесі, ертең Кремльге ауыр соққы болып тиюі мүмкін. Себебі миллионнан астам адам көшеге шығып, Ресей Мьянма мәселесінде өзінің көзқарасын білдіру керек деп талап қойып жатсада, Путин билігі осы уақытқа дейін үнсіз отыр. Бұл Кавказ халықтары мен Мәскеу арасында тағы бір вакуум пайда болды деген сөз. Ал ол вакуумды Кремль толтырмаса, оны толтыратын саяси, діни экстремистік күштер Ресей аумағында жетіп артылады. Әзірге белгісіз ол күш қазір Путинге дос болып жүрген Рамзан Кадыровтың өзі болып шығуы да ғажап емес.