Қазақстанның Халық Банкі Қазкоммерцбанкке қаржы құйды. Халық банк артықшылықты сатып алу құқығын жүзеге асыра отырып, Қазкоммерцбанктің жай акцияларының 96,81% үлесін немесе 1 296 698 676 данасын сатып алды. Бұл туралы Qazkom-ның баспасөз қызметі хабарлады.
"Халық Банкі сатып алған акциялардың төлемін жүргізе отырып, Қазкоммерцбанкке 185 млрд теңге көлемінде қаржы құйды. Қазіргі уақытта банк капиталдың жеткілікті коэффиценті бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банктің барлық нормативтерін орындауда", - делінген баспасөз хабарламасында.
Айта кетейік, осы жылдың маусым айында "Қазкоммерцбанк" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Кеңес Рақышев банктің 86.09% жай акцияларын сатып алу-сату туралы "Халық банк" АҚ-ның мәмілесіне қол қойған.
Сондай-ақ, "Қазақстан Халық банкі" АҚ және "Қазкоммерцбанк" АҚ банкоматтық желілерді біріктіру жұмысының басталғаны, 10 шілдеден бастап Halyk және Qazkom карталарын ұстаушылар үшін банкоматтан қолма-қол ақша алу кезінде қосымша комиссиялардың алынбайтыны туралы хабарланған болатын.