Қазақстанда алдағы уақытта тұрғын үй бағасы біраз арзандайды. Бірақ бұл тенденция ұзаққа жалғаспауы мүмкін. Сондай-ақ, қазіргі кезде халықтың сұранысы бірінші деңгейлі үйлерден гөрі екінші деңгейлі көлемі шағын үйлерге артқан. Ал кейбір сарапшылардың сөзінше, мемлекет тұрғын үй нарығына араласқанмен, бұл экономикаға пайда әкелетін сала емес. Мұндай пікірлерді сарапшылар Vласть интернет-журналы ұйымдастырған конверенция кезінде айтты.

Екінші деңгейлі тұрғын үйге сұраныс жоғары

Қазақстанның біріккен риэлторлар қауымдастығының вице-президенті Нина Лукьяненконың сөзінше, 2017 жылдың қаңтар-сәуір айларында тұрғын үйге байланысты келісім 2015 жылға қарағанда көбейген. Бұл "нарықтың қайта жандана бастағанының белгісі" дейді ол. Бұдан бөлек қайталама нарықтағы баға арзандап жатыр.

"Қайталама нарықтағы жылжымайтын мүлік бағасы арзандауда. Оның үстіне екінші деңгейлі үйлердің көпшілігі жеке тұлғаларға тиесілі. Сондықтан бұл нарық екі құрамға бөлінеді. Олардың бірі тұрғын үйді тез арада  сату үшін бағаны төмендетіп, сатып алушымен келісім жасайды. Ал екінші құрам  - олар біз, яғни риэлторлар. Біз үйді қайта бағалаймыз. Мысалы кейбір сатушылар үйді сату кезінде бәріне мұқият қарайды. Олар оны сату үшін кредит алып, жөндеу жұмыстарын жүргізетін болса, онда олар қалай бағаны түсіреді? Содан кейін үй қайта бағаланады. Бірақ сатылмай қалады. Осы себепті де баға төмендейді", - дейді ол.

Қазақстанның біріккен риэлторлар қауымдастығының вице-президенті Нина Лукьяненко

Ал үйді сатып алушыларға келер болсақ, Лукьяненко "сатып алуышалардың 80%-ы үйді жеке мүлік ретінде сатып алады, ал кейбірі девальвациядан кейін үй бағасы арзандағалы бері жаңа үйлер сатып ала бастады" дегенді айтады.

Сондай-ақ, риэлтордың сөзінше, бірінші деңгейлі тұрғын үйлерді сатып алу үлесі де біраз жоғарылаған.

"Егер девальвацияны ескерер болсақ, екінші деңгейлі үйлердің бағасы екі есеге өсті. Ол кезде доллар эквиваленті болды. Сондықтан үй салушылар дұрыс шешім қабылдады. Яғни ірі жылжымайтын мүлікке иелік ететіндер бағаны өзгерткен жоқ. Логикалық тұрғыдан алып қарайтын болсақ та олар ескі бағамен бағаланған. Сондықтан бірінші нарықтағы баға қайталама нарық бағасымен салыстырмалы түрде бірдей болды", - дейді Лукьяненко.

Оның айтуынша, Алматы қаласының шығыс айналма жолы маңындағы үйлер, мұз қалашығы, атлетикалық ауылдағы үйлердің бағасы қымбат емес. Бұл үйлер шет аудандарда орналасса да бірінші деңгейлі үйлер құрамына кіреді.

Ал «Global» құрылыс компаниясының бақылау кеңесінің төрағасы Мұхит Әзірбаевтың сөзінше, қазіргі кезде үй сатып алушылар бірінші кезекте сапаға, сәулетіне және сервиске көп мән береді. Яғни қымбат сегментке бет бұрып келеді.

"Нарықта бірқалыпты өсім болады. Оның үстіне инвестициялық қызығушылық бар", - дейді ол.

«Global» құрылыс компаниясының бақылау кеңесінің төрағасы Мұхит Әзірбаев

Статистика

«Krisha.kz» порталының шолушысы Алина Буравцева келтірген мәліметтерге сүйенсек, осы жылдың соңғы бес айында Қазақстанның ірі қалаларында тұрғын үй бағасы -4 %-ға арзандаған. Үй бағасы ең көп төмендеген қала Ақтау (қаңтар айында -6,9 %). Қазір бұл қалада тұрғын үйдің шаршы метрі 232,1 мың теңгені құрайды. Шымкентте баға -6.1%-ға төмендеген. Шаршы метрі 204 мың теңге.  Ал Алматы қаласында баға индексі -5,4 %-ға төмендеген.

«Krisha.kz» порталының шолушысы Алина Буравцева ұсынған мәліметтер

Десек те Алматы мен Ақтауда баға төмендегенмен, бұл қалалар тұрғын үй бағасы ең қымбат өңір болып қала береді.

Ал ең арзан үйді Ақтөбеден табуға болады. Мамыр айындағы нәтиже бойынша мұндағы пәтердің шаршы метрі  151 775 теңгені құрайды.

Тұрғын үй құрылысы  пайда әкелмейді

Дегенмен «Банк ЦентрКредит» АҚ басқарушы директоры, экономист Ғалым Құсайынов нарықтағы жағдайға өз көзқарасын айта келіп, жоғарыдағы тұлғалардың оптимистік көзқарасы нарық қатысушысы болуымен байланысты" деген пікір білдірді. Оның сөзінше, нақты цифрларға мән беретін болсақ, жылжымайтын мүлікке сұраныс керісінше төмендеп жатыр. Ал индексті есепке алсақ, баға көтерілген.

«2008 жылдан бері баға 120 мың теңгеге, яғни 43%-ға өсті. Инфляция деңгейі шамамен 150%. Егер 9 жыл ішіндегі баға индексін алып оны көбейтетін болсақ, баға 1,5 есеге өскен. Индекс бойынша бағаны нақтыласақ, ол ешқандайда төмендеген жоқ. Сәйкесінше, жылжымайтын мүлікке сұраныс азайып отыр. Тұтынушылар қабілеті төмендеп жатыр деген сөз. Олар өзінде бар қаржыдан артық төлем жасай алмайды. Оларда ипотекаға төлейтіндей ақша жоқ», - дейді Құсайынов.

Оның сөзінше, пәтерді жалға алған дұрысырақ. Ал инвесторлар бұдан ештеме ұтпайды.

"Мысалы сіз пәтердің орташа бағасы мен үйді жалға алудың орташа бағасын алып, оны пәтердің бағасына бөліп, 12 айға көбейтер болсаңыз  3-4% көлемінде айырмашылықты байқайсыз. Максимум 5% дейік. Жалпы алғанда жалға алған тиімдірек. Ал Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мен Қазақстанның ипотекалық компаниясының бағдарламалары қолданылмаса, екінші деңгейлі банктер арқылы ипотеканың пайызы 16% болады. Ал жалға алатын болсаңыз оған мұнша көп төлемейсіз. Сондықтан инвесторлар айтарлықтай табысқа ие болмайды", - дейді экономист.

Экономист Ғалым Құсайынов. Фото: Kapital.kz

Сондай-ақ, Ғалым Құсайыновтың сөзінше, құрылыстың өзіндік құны жоғарылап кеткен. Ал құрылыс компаниялар ешқандай табысқа жұмыс істеп отырған жоқ.

«Құрылыстың өзіндік құны тым жоғары. Құрылыс компаниялары шығынмен күресіп жатыр, бірақ құрылыс импортқа тәуелді... Бұл не деген сөз? Яғни екі рет болған девальвациядан кейін импорттық құрылыс тауарларының өзіндік құны екі есеге өсті. Егер бізде импорттық тауардың 50%-ының өзіндік құны екі есеген өссе, онда тауардың бағасы 25%-ға қымбат. Яғни біздің құрылыс компаниялары ешқандай пайда тауып жатқан жоқ", - дейді ол.

Сондай-ақ, ол мемлекет жалпы ішкі өнімге арқа сүйеп, тұрғын үй нарығына барынша араласып отыр. Ал бұл шын мәнінде сәтсіз қадам.

«Қазір мемлекет не істеп жатыр дейсіз ғой? «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларын құрды. Оның мақсаты - экономикаға қолдау көрсету. Яғни құрылыс саласы ең қарапайым тәсіл. Мысалы Жалпы ішкі өнім құрылымын қарап отырсаңыз өткен жылы негізгі өсімді ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласы қамтамасыз етті. Егер мемлекет бұл салаға қаржы құймағанда экономика 3-4%-ға әлсіз болар еді. Алайда құрылыс саласы үнемі дамып отыратын сала емес. Яғни алдағы уақытта тұрғын үй құрылысы пайда әкелмейді. Себебі салынған үй сатылады, ал одан артық қосымша пайда болмайды. Ол қызмет немесе тауар емес. Бұл экономикалық өсім үшін жасалған тек бір реттік қадам болып қалады. Сондықтан мемлекеттің неліктен тұрғын үй нарығына қаржы салып отырғаны түсініксіз", - дейді Құсайынов.

Қорыта келгенде қазіргі кезде мемлекет тұрғын үй нарығына араласып, бағаны өздері белгілеп отыр. Ал бұдан кейін нарықта баға тұрақсызданады, құрылыс компаниялары шығынға ұшырамас үшін мемлекеттік бағдарламаға ілініп кетудің жолын іздейді. Салдарынан салынған үйлердің сапасы төмендеп, "Алғабас" ықшам ауданындағы сияқты құлағалы тұрған үйлер көбейеді.

“The Qazaq Times”