«Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) 1-жартыжылдықтағы жұмыс нәтижелері бойынша есепті жариялады. Есептік кезеңде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің депозит базасы жыл басынан бері 14%-ға артқан. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.
ТҮҚЖБ халықтың ұзақ мерзімді салымы нарығында 1-орында тұр. Жинақ ақшасының жалпы көлемі 464 млрд теңгеге немесе екінші деңгейлі банктер арасында жалпы депозит қоржынының 28%-на тең.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Басқарма Төрайымы Ләззат Ибрагимованың сөзінше, көрсеткіштердің жақсаруына халықтың тұрғын үй жинақ құрылыс жүйесіне деген сенімінің артуы және 2017 жылдың сәуір айындағы тұрғын үй жинақ құрылысы туралы келісім-шарттар бекітудегі комиссияның алынып тасталуы ықпал еткен.
Осы жылдың төртінші айында 58 390 адам жаңа депозит ашқан, ал 2016 жылдың балама кезеңінде бұл көрсеткіш 20 310-ға тең болған. Жалпы алғанда бірінші жартыжылдықтың нәтижесі бойынша ТҮҚЖБ-да 201 523 жаңа келісім-шарт ашылды. Бұл 2016 жылдың алғашқы 6 айымен салыстырғанда екі есе дерлік көп.
Есептік кезең ішінде Қазақстандағы тұрғын үй құрылысы мен баспана сатып алуға берілген заемдар көлемі 155 млрд теңгені құрады, оның 117 миллиард теңгесін ТҮҚЖБ бөліп отыр. Бұл бүкіл ел бойынша ресімделген барлық ипотекалық заемдардың 75,4%-на тең.
"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұсынатын несиелерге деген мұндай сұраныстың қалыптасуына екінші деңгейлі банктер белсенділігінің халықты несиелендіру нарығындағы бірқалыпты ғана дамуы, жылжымайтын мүлік бағасының тұрақталуы және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы әсер етті", - делінген баспасөз хабарламасында.
ТҮҚЖБ несие қоржыны 14,2%-ға артып, 6 ай қорытындысы бойынша 377,3 млрд теңгені құрады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің NPL-ы (төленбегеніне 90 күннен астам уақыт өтіп кеткен заемдар) 0,41%-ды құрайды.