Әлемдік түркологияда айрықша орны бар ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, бітік тастың білгірі атанған Қаржаубай Сартқожаұлының төрт кітабының тұсауы кесілді.
18-мамыр - Түркі жазуы күніне орай және ғалымның 70 жылдық мерейтойы қарсаңында Астанада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Байырғы Түркі құндылықтары - 2017» атты халықаралық конференция ұйымдастырылды. Оған отандық түркологтармен қатар Түркия, Оңтүстік Корея, Моңғолияның белгілі ғалымдары қатысып, түріктанудың өзекті мәселелері мен болашақ даму бағыттарын талқылап жатыр. Сондай-ақ, халықаралық конференцияда Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрініс тапқан «Туған жер»,«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» сынды жобаларына ғылыми тұрғыдан үлес қосу, түріктілдес мемлекеттердің мәдени өркениеті интеграциясын жасау көзделген.
Сонымен бірге, конференция аясында Қ.Сартқожаұлының «Үйсін хандығы», «Тас кітаптың құпиясы», «Таста қалған тағылым», «Записки казахского тюрколога» атты жаңа төрт кітабының тұсауы кесілді. Мұнда ғалымның көне түрік құндылықтарын зерттеген ғылыми мақалалары қамтылған.
Салтанатты шарағаҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҚР Парламентінің экс-депутаты Алдан Смайыл, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің «Отырар Кітапханасы» ҒЗО директоры, ф.ғ.докторы Тұрсын Жұртбай, ҰР ҰҒА академигі, ғалым, антрополог Оразақ Смағұл, Ыстанбұл қаласындағы «Yedi Tepe»Университеті. т.ғ.д., профессор Ахмед Ташағыл, (Түркия), оңтүстіккореялық ғалым Хео Хэун Сик сынды ғалымның үзеңгілес достары, әріптестері келіп, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Ғалым туып-өскен Бай-Өлке аймағы әкімінің орынбасары Шәріп Қабыл, Бай-Өлке мәслихатының хатшысы Арыстан Серікболат және тарих ғылымдарының кандидаты, ақын Рахмет Сұраған Моңғолиядан арнайы келіп, Қ.Сартқожаұлының қазақ тілінің, мәдениетінің және дәстүрінің сақталуына үлкен үлес қосқанын атап өтті және «Баян-Өлгий аймағының құрметті азаматы» атағын табыс етті.
Қаржаубай Сартқожаұлының есімі көзі қарақты оқырманға жақсы таныс. Ол Түрік қағанатының мемлекеттік тілінің де, Орхон мәтіндерінің тілінің де қыпшақ тілі болғанын дәлелдеп, «Көк Түріктер ескерткішінің тілі ұйғыр тілі» деген тұжырымды теріске шығарған. Моңғолиядан көшпенділер мәдениеті, көне түрік тарихы, жазу емлесіне қатысты құнды жәдігерлерді Астанаға тасып, әлемде баламасы жоқ «Көне жазу тарихы музейін» ашқан. Бүгінде ол - Кемал Ататүрік атындағы Түрік тарихы құрымының (академиясының) толық мүшесі, филология ғылымдарының докторы, Түркітану және Алтайтану ғылыми-зерттеу орталығының директоры, «Күлтегін» сыйлығының лауреаты.