ХVІІІ ғасырдың орта шенінен бастап, Шыңжаң өлкесіне қарасты Алтай аймағын мекендеген қазақтар арасында, ислам діні кең тарала бастады. Ал, діни оқу, ислам діні моллаларын жетілдіру Алтайда ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында яғни, 1829 жылдан басталды.
Осы жылы Орта Азияның Бұхар қаласынан ұлты өзбек Шағи Мансұр деген адам өз ұлы Мұхаммет Мұминді (1807 жылы Бұхарда туылып, 1902 жылы Алтайда қайтыс болған) ертіп, Алтайдағы іргелі ел Абақ керей арасына келді. Шағи Мансұр Алтайда үш жыл тұрып, Бұхарға қайтып кетеді. Ал, баласы Мұхаммет Мүмин сол кездегі Ажы гүңнен кейінгі төре тұқымының біліктісі, әрі Алтай қазағына пәрмен жүргізіп отырған Ожеке төреге арқа сүйеп, ислам дінінің ықпалын кеңейтті. Кейін, діни ағартуды жолға қоюға мұрындық болған Шағи Мансұрдың ұрпақтарын жергілікті халық «Атаң ауылы» деп атап кетті.
1848 жылдың күзінде Қазан, Бұхар қалаларына барып діни оқу оқып Алтайға оралған Сәбит дамолла (Абақ керейдің ителі руынан, 1823 жылы Қазақстанның Қалба тауында туылған) Сауырдағы Қасымхан гүң, Алтайдағы Жұртбай би, Қабадағы Оспан төрелердің ұсынысы бойынша Сауыр, Қыран, Ертіс өңірлерінде, жоғарыдағы би-төрелердің ауылында бала оқытқан. 40 жылдық өмірін шәкірт тәрбиесіне арнаған.
Алтайдың әйгілі ағартушы ғұламасы Ақыт қажы да бала кезінде Қобданың Делуін, Тұлба қатарлы жерлеріндегі қазақ ауылында жеті-сегіз жыл бала оқытқан.
«Алтай – қазақ ұлты ең көп қоныстанған өңір. Сондықтан, Шынжаң қазақтары мекендеген өңірдегі ең алғашқы медіресе, 1865 жылы Алтайдың Қыран өзені бойындағы «Сары мешітте» ашылған медіресе болды. Мұхаммет Мүмин ислам дінін тиянақты әрі көлемді жалпыластыруды көзде ұстап, 1865 жылы жазда Қыран өзенінің бойындағы Балбағайдан қызыл қарағайдан қиып мешіт салдырып, жанынан медіресе ашып, Алтайдағы он екі керей ішіндегі аты бар, ауқаты бар адамдардың балаларынан әр жылы отызға жуық бала оқытқан. Алтай қазақтары бұл мешітті, медресені «Сары мешіт-медіресесі» немесе «Атаң ауылының медіресесі» деп атап келді.
Осыдан кейінгі медіресе Алтайдың Көктоғай ауданының Сарытерек деген жеріндегі, 1870 жылы салынған керейдің молқы руынан шыққан Жота қажының мешіті мен медіресесі болды. Осы медіреседе Мырзабақа деген ғұлама имам болған. Әйгілі ақын Ақыт Үлімжіұлы осы Жота қажы медіресесінен оқып сауатын ашқан екен.
Жоғарыдағы мешіт-медіреселердің ықпалымен 1880 жылы күзде Жұртбай би өзінің қыстаулығы – Қыран өзені бойындағы Бітеуіргеден мешіт салып, оны «Ақ мешіт» деп атады. Әрі мешіт жанынан медіресе ашып, бала оқытқан. Сөйтіп, Алтайдың әр өңірінен әр рудың мешіт – медреселері салынып, ислам шариғаты кеңінен жалпыласып, көрнекті тұлғалардың қалыптасуына түрткі болды.
1917 жылғы Ресейдегі «Қазан төңкерісі» Қытайдың Шынжаң өңіріне де өзіндік ықпалын тигізді. Соның салдарынан Орта азиядағы одақтас республика көлеміндегі Қазақ, Өзбек, Татар, Түрік зиялылары жер аударып, Қытайдың Алтай өңіріне барып паналауға мәжбүр болды. Олар сол кезге дейінгі ислам шариғатын негіз еткен Алтай ағарту саласына жаңаша ғылыми беталыс ала келген еді.
Осы кезде Алтай ағарту ісінің тізгінін алған көрнекті тұлға әйгілі Жұртбай бидің баласы Мәми бейсі болды. ХХ ғасырдың басында Орта Азиядан, Қазақстаннан келген Сейітқазы Нұртаев, Шабдан Әбдікерім, Кәрім Дүйсебай, Сәлім Жаназар, Мырзахмет, Құсайын қатарлы зиалылар еді. Олардың алды болыс болған, Ыстамбұл, Мәскеу қалаларында университет оқыған, арты асыл текті тұқымнан тараған көп тілді, аса білімді жандар болатын. Бұлардың дені Совет үкіметінен тепкі көріп, қуғынға ұшырап, Алтайдағы төрт бидің бірі Мәми Жұртбайұлының ауылына келіп паналаған. Зиялы жастардың білімін зерделей білген Мәми бейсі, 1905 жылы Қыран өзені бойындағы әкесі Жұртбай салдырған мешіт-медіресені мектепке өзгертіп, мектепті Алтайдағы Абақ керейдің білім ұясы ретіне «Абақұя» деп атады. Кейін келе бұл атау дыбыстық үндестіктің салдарынан және сол кездегі Қазақстанның Зайсан өңіріндегі «Тарақия» мектебінің әсерімен, «Абақия» болып өзгеріп кеткен деседі. Осылай бой көтерген «Абақия» мектебі Алтайдағы жаңаша оқыту әдісін жолға қойған ағарту саласының бастамасы болды.
Қуғын-сүргін салдарынан Қытай жеріне қашып өткен ендігі бір топ Шәкәрім қажы ауылының адамдары еді. 1931 жылы 2 қазан күні Шәкәрім қажы жазықсыз атылған соң, Зият Шәкәрімұлы, Бердеш Әзімбайұлы Тәкежанов, Мәнәкеш Әзімбайұлы, Қожақапан, Төлеуқазы қатарлылар әуелі Тарбағатайға, онан соң Алтайға қашып барады. Осыдан аз уақыт бұрын ілгерінді-кейінді болып Алтайға жан сауғалап барған Сейітқазы Нұртаев, Шабдан Әбдікерім, Кәрім Дүйсебай, Сәлім Жаназар, Мырзахмет, Құсайын қатарлы асылдың қиықтары бар еді. Демек, жоғарыдағы көп есімдерді атауымыз олардың екі ел арасындағы өркениеттің, әдебиеттің, білімнің алмасуына жасаған игі ықпалын ізетпен еске алу.
1920 жылға келгенде Абақияда бұрынғы оқыту әдісі «Ұсыли жәдми» күшінен қалдырылып, оның орынына Ахымет Байтұрсынұлының «Ұсылй жәдит»(Төте жазу) метоты жолға қойылды. Сөйтіп, бұл мектепте діни сабақпен қатар ана тілі, матаматика, тарих, география пәндері де жүйелі түрде оқытылып жатты. Арнайы сабақ кестесі жасалып, емтихан алу түзімі орнатылып, ғылыми пәндердің салыстырмасы біртіндеп діни сабақтардың салыстырмасынан жоғарылай берді. Демек, Алтайда ғылыми ағартуды тұңғыш рет жолға қойған мектеп – «Абақияның» ірге тасын қалап, ғылыми ағартуды жолға қоюшы Мәми Жұртбайұлы болып табылыды.
Бидақымет Мұқайұлының «Абақия мектебі жайында» атты мақаласында (1988 жылы, «Жастүлек» журналы, 3 сан), 1927 жылы Қанапия бейсі арнайы бес бөлмелі мектеп салып, 150-ге тарта оқушы жинап, оларды сыныптарға бөліп, парта, орындық, қара тақта, бор сияқты жабдықтарды түгелдеп, іші таза, қолайлы ортада білім алуға орай жаратты.
Абақия мектебі алты жылдық мектеп еді. Бұның төрт жылы бастауыш, екі жылын ерекше сынып деп белгілеген. Әр аптаның сабақ кестесі жасалып, күніне төрт сағат пән сабағы, бір сағат дін сабағы оқытылып отырды. Бұрын ауыл молласынан діни сабақ алғанда қолға қарындаш ұстап жазу жазуға тиым салынатын, сурет салсаң «ертең арғы дүниеде бұл бейнелерге жан бітіп өзіңді қинайды» деп қорқытатын. Ал, Абақияда оқушыларға қарындашты қалай ұстаудан, партада қалай отырудан тартып үйретіліп, қосымша дене-тәрбие сабағы да өтілді. Математикадан жай бөлшекке дейін оқытылып, жаратылыс пәндерімен қатар латын әрпі, араб тілінің грамматикасы да тереңдей үйретілді, ай соңында емтихан алынып, оны ең жоғары балы бестік баға бойынша бағалап отырған деседі.
Абақия мектебінің оқыту қаражатына келсек, мектеп үшін сол кездегі қытай үкіметі жағанан арнайы қаржы бөлінбеген. Қаржы жағын Қанапия бейсі бастаған ел басылары өздері шешіп отырған. Мектептің салынуынан бастап, мұғалімдердің айлығы, түрлі жабдықтарға жұмсалатын ақшаның барлығы халықтан діни салық және оқыту қаражаты ретінде жиналып отырды. Мысылы сол кезде 3000 қой біткен Бокы байдан жылына 30 қой, 5 іріқара алынған екен. Ал, оқыту қаражаты үшін жылына бір қой төлем алынып отырған деседі.
1927 жылы сол кездегі Бурылтоғай ауданының әкімі болып тұрған Шәріпхан Көгедаев Абақия мектебіне келіп, оқушылармен кездесіп, мектепті жоғары бағалап «қараңғылықтан құтылу үшін білім керек, жүйелі білім алуға дәл осындай өз ана тілімізде ғылыми білім беретін мектеп болу керек. Қазір Алтай көлемінде бір ғана мектеп бар. Болашақта мектеп саны көбейе береді» дегенді айтады.
1933 жылы Шәріпхан Көгедаев Алтай үкіметінің басшысы болғаннан кейін, Алтай ағартуы дами бастады. Осы кезде бұрынғы Абақиядан оқыған жастар мұғалім болып, өз натижелерін көрсетті. Сөйтіп, Алтай топырағында бой көтерген Абақия мектебінің әсерімен, Алтайдың әр өңірінде ғылыми оқытуды негіз еткен мектептер көптеп ашлыла бастады. Абақиядан оқыған жастардың бір бөлімі мемлекет ішіндегі, шет елдердегі жоғары оқу орындарына оқуға кетті. Нәтижесінде, ел арасында хат танитын сауатты адамдар көбейіп, «қараңғы қазақ көгіне жарқырап тұрар күн болатын» зиялы ұрпақтың қалыптасуына үлкен рөл ойнады. Алтай ағартуы өз сүрлеуіне түсіп, кемел білімнің даңғыл жолына қарай ойыса бастаған еді.
Ретбек Мағазұлы
"The Qazaq Times"