Адамзат баласының организміне белгілі бір препараттардың дұрыс әсер ету-етпеуін анықтау үшін ғалымдардың алғашқы тәжірибесін егеуқұйрықтарға жасайтыны белгілі. Сондай бір тәжірибенің бірін нәтижесімен өздеріңізге ұсынғалы отырмыз.
«Ғалымдар егеуқұйрықтың миындағы гиобластма аталатын ісіктен генетикалық модификацияланған «сальмонолла»-ның көмегімен арылған. Бұл дегеніңіз адамзат миындағы ісікті емдеудің жаңа жолдарын ашады», – деп мәлімдейді АҚШ-тағы тәжірибе жасаушы Дьюк университетінің мамандары.
Гиобластма дегеніміз – мидағы қатерлі ісіктің кең таралған әрі ең қауіпті түрі. Ол бастапқы ми қатерлі ісігінің 52 пайызын, барлық бас сүйек ісіктерінің 20 пайызын құрайды. Гиобластманы емдеу де өте ауыр. Себебі, ісіккі қан айналымы жүйесін орталық жүйке жүйесінен бөліп отыратын, қан-ми жолдары арқылы дәрі-дәрмектер әсер етпейді. Ал оны ота арқылы алып тастау одан да қауіпті: оның қалдықтары қалып қалса, жаңа ісіктің пайда болуына әкеліп соғады.
Осы қиындықтарды ескере келе, ғалымдар salmonella typhimurium аталатын генетикалық модификацияланған сальмонелланы қолданған. Құрамында бактериялардың бастауын анықтайтын «пурин» бар. Ал осы пуриндер ісіктің ішінде де болады. Демек оның бастауы болып та есептелмек. Тағы бір ерекшелігі: ісік клеткаларының өзін-өзі өлтіретін азурин және Р53-ті өндіретіндігі. Ғалымдардың бұл жаңалығы қазақтарда кең тарап кеткен «уды у қайтарады» деген сөзіне сәйкес келетіндей.
Сальмонелланың формасы таяқша тәріздес. Ұзындығы – 1-7мкм, ені – 0,3-0,7 мкм. Егеуқұйрықтарға жасалған тәжірибе сәтті аяқталды. 100 күннің ішінде гиобластмамен өмір сүру деңгейі 20 пайызды құраған. Айта кететіні, егеуқұйрықтардың 100 күні – адамзаттың 10 жылымен тең. Ғалымдар, егер емдеуді дәстүрлі әдіспен жасайтын болса, ондай нәтижеге қол жеткізе алмайтындықтарын айтады. Оған осы гиобластма ауыры анықталған адамдардың 10 пайызы ғана 5 жыл өмір сүре алатындығын қоссақ... Ендігі жерде сальмонолланың басқа ағза мүшелеріне зиянсыз екені анықталып жатса, адамзаттың мидағы қатерлі ісіктің де жазылмайтын дерт емес екеніне көзі жетер еді...
«The Qazaq Times»