Талибан қозғалысы АҚШ-ты келісімге келуге шақырды – деп хабарлайды The New York Times газеті.
Басылым мәліметінше, Ауғанстандағы Талибан қозғалысы АҚШ-ты 17 жылға созылған соғысты тоқтатып, келісімге келуге шақырған. Талибан қозғалысы таратқан мәлімдемеде: «Ауғанстан Ислам әмірлігінің саяси бюросы АҚШ шенеуніктерін Ауғанстан мәселесін реттеуде тек Ислам әмірлігімен ғана келіссөздер жүргізуге шақырады. Егер АҚШ Ауғанстан халқының заңды талаптарын орындап, Ислам әмірлігімен бейбіт келіссөздер жүргізетін болса, онда ол мәселенің шешілуіне септігін тигізеді» - делінген.
Өткен жылы АҚШ Талибан қозғалысын келіссөздер жүргізуге мәжбүрлеу үшін Ауғанстандағы әскер санын көбейтіп, әуе шабуылын жиілеткен болатын. Бірақ Пентагонның бұл әрекетіне қарамастан Талибан қозғалысы әлі күнге дейін Ауғанстан аумағының басым көпшілігін өз бақылауында ұстап тұр.