Уақыт өткен сайын халықаралық сот шешімдерімен шетелдегі Қазақстан Ұлттық қорына тиесілі қаржылар бірінен соң бірі бұғатталуда. Бастапқыда бұғатталған қаржы көлемі 22 миллард доллар болған болса, қазіргі таңда ол 27  миллард долларға жетті. Ұлттық қор қаржысының бұғатталуына себепші болған молдовалық миллиардер Анатолий Стати деген кім? Оның Қазақстанға қандай қатысы бар? Қазақстан билігінің Стати бизнесін тартып алғаны рас па?

Біз бүгін жоғарыда қойылған сұрақтарға жауап іздемес бұрын «Ұлттық қор қаржысының бұғатталуы» атты саяси-экономикалық «көркем шығарманың» жазылуына себепші болған Анатолий Статиге қысқаша тоқталуды жөн көрдік. Себебі Анатолий Статидің Қазақстан бизнес әлеміне келуінің өзі үлкен оқиға және бөлек бір трилогияға арқау боларлықтай «сюжетке» ие.

Анатолий Стати ең алғаш Қазақстанға 90 жылдардың басында келген. Ол келе салып, Маңғыстау облысындағы «Толқын» және «Боранкөл» кен орындарына қаржы салған. Кейіннен Қазақстанның «алып май шелпек екенін» сезінген ол, өзінің «Tristan Oil» компаниясы арқылы 2005 жылы «Боранкөл» газ өңдеу зауытының құрылысына қатысқан. Құны 176 млн доллар болатын зауытқа 156 млн доллар қаржы құйған. Бірақ оның Қазақстандағы шуақты күндерін 2008 жылы сол кездегі Молдова президенті Владимир Воронин бұзады. Ол дәл осы жылы өзінің қазақстандық әріптесі Нұрсұлтан Назарбаевқа Статиге қатысы бар қызықты деректерге толы хат жолдайды. Онда ол қазақ даласына қыруар қаржы салған Анатолий Статидің Молдова оппозициясының демеушісі екендігі жайында, Статидің БҰҰ-ның санкциясына іліккен Оңтүстік Судан еліне қаржы салғандығы жөнінде айтады және Қазақстан президентін ел беделін әлем жұртшылығы алдында түсірмес үшін Статиге тосқауыл қоюға шақырады. Осыдан кейін 2009 жылы Молдовада оппозициялық топтардың бастамасымен жаппай тәртіпсіздіктер басталады. Кейіннен «мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болды» деген айыппен Статидің ұлы Габриэл ұсталады. Бір сөзбен айтқанда Қазақстан, Молдова және Стати маңында Болливуд пен Голливуд сценаристерінің түсіне кірмейтін оқиғалар болады. Бірақ іс бұнымен бітпейді. Молдовадағы жағдайлардан кейін, Қазақстан билігі ел аумағындағы Статиге қатысы бар компанияларға тексеру жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде Анатолий Статиге тиестілі «ҚазПолМұнай» компаниясының магистральды мұнай құбырларын лицензиясыз пайдалананып, 22 миллиард теңге заңсыз қаржы тапқандығы анықталады. Кейіннен Қазақстан заңын белінен басқан компания директоры Сергей Корнегруца төрт жылға сотталып, бір жылдан кейін түрмеден қашып кетеді. Ал Статиге тиесілі компаниялардың барлығы Қазақстан иелігіне өтеді. Бұл 22 миллиарда төңірегіндегі «экшн» жанрындағы оқиғалар топтамасы.

Енді «Ұлттық қор қаржысының бұғатталуы» атты саяси-экономикалық көркем шығармаға кезек берсек. Бұл жерде бізді не күтіп тұр? Бұл арада сіз бен бізді Ұлттық қор мен «Самұрық-Қазынаның» бұғатталған 27 миллиард доллар қаржысы күтіп тұр. Бірақ бұдан бұрын біз 2014 жылға сапар шегуді жөн көріп отырмыз. Неге дейсіздер ғой? Себебі дәл осы жылы ел үкіметі «Ұлттық Қор қаржысы 77 миллиард долларға жетті» - деп «бөріктерін аспанға атқан» болатын. Алайда арада үш жыл өткенде Ұлттық қор қаржысы 20 миллиардқа азайып, 57 миллиард екендігі анықталды. Осы арада «бас-аяғы үш жылда 20 миллиард доллар қайда кетті?» деген заңды сұрақ туады саналы адамның басында. Бірақ оған жауап беретін тірі пенде жоқ жақын маңайда. Жә, 20 миллиардты қоя тұрып, АҚШ-та бұғатталып жатқан 22 миллиардқа оралайық.

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиырынан» емес Статидің Қазақстандағы компанияларынан басталғанын жоғарыда айттық. Аталмыш жағдайлардан кейін Стати өзінің Қазақстанға салған инвестицияларын ел билігі күшпен тартып алғандығын айтып, халықаралық сотқа шағымданған. Нәтижесінде 2013 жылы Стокгольм сауда-өнеркәсіп палатасының арбитражды соты Қазақстан мен Стати арасындағы дауды молдовалықтың пайдасына шешіп, Қазақстан энергетикалық хартия туралы шартты бұзды деп танып, Статиге 500 миллион доллар өтемақы төленсін деген шешім шығарған. Бірақ аталмыш өтемақы төленбеген соң Стати Қазақстанға салған ивестициясын даулап одан ары барған. Бұл айналып келгенде Ұлттық қордың 22 миллиард доллар қаржысы мен «Самұрық-Қазына» компаниясының 5,2 миллиард доллар қаржысының бұғатталуына алып келген. «27 миллиард долларды бұғаттатып қойып Әділет министрлігі қайда қарап отыр?» деуі мүмкін, кейбір жұрт. Стати мен арадағы дауда Қазақстан әділет министрлігі де «айға бата жасап» отырған жоқ. Олар 2013 жылы Стати Стокгольм сотының шешімін «алаяқтық» жолмен алғандығын айтып, 2017 жылдың қазан айында АҚШ федералды сотына шағымданған. АҚШ соты Анатолий Статиге қатысты Қазақстан тарапының шағымын алдағы уақытта қарайтын болады. Ол сот процессі қанша уақытқа созылады? Оның шешімі қандай болады? 27 миллиард елге қайтарыла ма? Оның барлығы уақыт еншісіндегі дүние.

“The Qazaq Times”