Ресейлік «Домодедов жауынгерлер бауырластығы» ұйымы «Ислам мемлекеті» содырларының қолына түскен адамның Ресей азаматы екенін растады – деп хабарлайды «Новая газета» басылымы.
«Домодедов жауынгерлер бауырластығының» мәліметінше, жақында «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымы жариялаған видеодағы адамның бірі Мәскеу облысының тумасы Григорий Цурканов. Ол осыған дейін Югославиядағы әскери операцияларға қатысқан.
Естеріңізге салайық, бұған дейін «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымына тиесілі Amaq ақпарат агенттігі ресейлік сарбаздардың тұтқынға алынғаны жайында бейнежазба жариялаған болатын. Бірақ Ресей Қорғаныс министрлігі Сүрия аумағындағы сарбаздардың барлығы өзіне жүктелген міндеттерді атқарып жүргендігін айтып, бұл ақпаратты жоққа шығарған.