Өткен аптаның соңы Қарақалпақстандағы қан төгіспен аяқталды. Тәшкен билігі Қарақалпақстанның дербестігінен айыратын конституциялық өзгерістерден бас тартқанымен, ресми мәліметтер бойынша Нүкісте 18 адам қаза тауып, 243 адам жарақат алды. Бейресми мәліметтер қаза тапқандар мен зардап шеккендер саны бұдан әлде қайда көп деп санайды. Бұл Мирзиеев билігінің «бір қолымен амандасып, бір қолымен жұдырықтағанындай» әрекеті болды.
Осылайша күтпеген жерден Орталық Азияда Қарақалпақстан мәселесі нәзік тақырыптардың біріне айналып шыға келді. Кейбір сарапшылар қан төгіс этностар арасындағы ұзақ уақыттық жанжалға ұласып кетуі мүмкін деген болжамдарды да айтып жатыр. Елдің ата заңынан Қарақалпақстанның дербестік құқын алып тастауға наразылық білдіріп он мыңдаған адам Нүкіс көшелерінде ереуілдетті. Бұл қарақалпақтардың дербестікке деген ұмтылысын да оятты дейтін айтулар да бар. Дегенмен, ұзақ уақыттан бері Өзбекстан құрамында болып келе жатқан Қарақалпақ республикасының дербес мемлекет болып кетуіне түрлі кедергілер де жоқ емес. Айталық, Қарақалпақстанның аумағында қарақалпақтар сан жағынан да басымдыққа ие емес. Бұдан өзге де бірқатар себептері бар.
Қарақалпақстандағы кезекті толқу шетелдерде жұмыс істеп жүрген қарақалпақ азаматтарының наразылық акцияларынан басталды. Осының өзі де белгілі деңгейде тәуелсіздікке ұмтылуға бастамашы болатын, тұтас халық таныған жетекші тұлғалардың, саяси лидерлердің жоқ екенін көрсетті. Анығында Қарақалпақстанның жоғары элита өкілдері Өзбекстан Парламенті Жоғары кеңесінде бар, бірақ олар өзбек билігімен Қарақалпақстан тәуелсіздігі бойынша пікір таласып, қарсылық көрсетуге дәрменсіздігін көрсетті. Бір сөзбен айтқанда қарақалпақтардың саяси элитасының өзі дербестік күресіне дайын емес.
Бұған қоса, Орталық Азияда немесе одан тысқары елдер мен аймақтарда Қарақалпақстанның тәуелсіздігіне мүдделі тараптар жоқ. Өзбекстанмен аймақтағы лидерлікке бәсекелес саналатын Қазақстанда да бауырлас Қарақалпақстанның дербестігін үміт ететін саяси ұстаным жоқ. Тіпті, ҚР СІМ тарабы Тәшкен билігінің жағдайды тұрақтандыру бойынша іс-шараларын қолдайтынын мәлімдеді. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев толқулар кезінде «сыртқы күштердің» факторы туралы сөз етті. Анығында, Қарақалпақстанның дербестігін сырттан қолдайтын айтарлықтай күш жоқ деуге болады. Оның үстіне Орталық Азиядағы және посткеңестік мемлекеттердегі геосаяси жағдайда Қарақалпақстанға ұқсас дербестікке ұмтылушы аймақтардың қалыптастырған жағдайы күрделі геосаяси шиеленістер мен қанды қақтығыстарға ұласып жатқанын көріп отырмыз. Аймақтың тұрақтылығынан алаңдаған өзге елдер Қарақалпақстанның дербестікке деген ұмтылысын кемінде қазіргі кезде қолдауы неғайбыл.
Қарақалпақстан аумағында қарақалпақтар халық санының үштен бірін иелейді, үштен бірін өзбектер, қалған үштен бір бөлігін қазақтар мен өзге де этностар ұстайды. Қарақалпақстан жерінде тәуелсіздік алу бойынша референдум өткен жағдайда да тәуелсіздікті қолдаушылар санының басым түсуі екіталай жағдай. Қарақалпақстан аумағының басым көп бөлігі шөлді аймақтар және жылдан жылға қуаң тартып, егін және мал шаруашылығы үшін қолайсыз климаттық апаттар да жиі қайталанып келеді. Өзбекстан да өңірдегі климаттық жағдайды реттеудің кешенді шарасын қабылдаған емес. Өңірдегі тұрғылықты халық әлеуметтік жағдайдың төмендігінен көбіне шетелдерге шығып жұмыс істеуге мәжбүр. Сондықтан да қазіргідей күйде Қарақалпақстанның дербестігі өңірдегі әлеуметтік тұрақсыздыққа соқтыруы да мүмкін.
Міне осындай жағдайларға қарамастан Өзбекстан Конституциясындағы дербестікке деген жолды жауып тастайтын қадамға қарсы ауқымды наразылық Орта Азия елдерін таң қалдырды. Тәшкенттің қуатты әрі орталықтанған билігіне қарсы ашық наразылыққа он мыңдаған, тіпті жүз мыңдаған халықтың жиналуы тосын жағдай ретінде қаралды. Бұл жағдай қалайда ендігі жерде Қарақалпақстанның дербестігі үшін күресетін жаңа ұрпақты тәрбиелеп кеткені анық.