Қарақалпақстанның Қылмыстық істер бойынша сот алқасында 1-2 шілде күндері Нүкіс қаласында өткен наразылық акциялары бойынша сот тыңдаулары аяқталып, тараптардың жарыссөзі басталады. Бұл туралы Орталық Азия жаңалықтар қызметі жазды.
"Газета.уз" басылымы хабарлағандай, 19-23 желтоқсандағы отырыста 115 куә, оның ішінде Нүкіс оқиғасы бойынша айыпталып жатқан 39 адам тыңдалған. Қосымша 180 адамның көрсетпесі қаралған. Сот отырысы 4 қаңтарда жалғасып, сол күні тағы 17 куә, бес жәбірленуші және бір арыз беруші тыңдалған.
6 қаңтарда сот алқасы тәртіпсіздік кезінде түсірілген видеоматериалдарды қарауды бастаған.
7 қаңтарда Қарақалпақстанның Жоғарғы кеңесінің төрағасы, шілде оқиғасы кезінде ішкі істер министрі болып тұрған Аманбай Орынбаев куәлік етті. Ол отырысқа жәбірленуші ретінде қатысып, заң аясында айыпталушылардың жазасын жеңілдетуді сұраған.
9 қаңтарда сотта видеоматериалдармен танысу жалғасты.
10 қаңтарда тараптар сарапшылардың қорытындысын және қылмыстық іс бойынша тергеу ісінің қаулыларын қарады.
11 қаңтарда белгіленген сот отырысында тараптардың жарыссөзі жалғасады.