Тарих ғылымдарының докторы, профессор, қазақтың көрнекті тарихшыларының бірі Талас Омарбеков 73 жасқа қараған шағында Алматыда көз жұмды. Тарихшының қазасын қаламдас қатары, өзге де зиялы қауым қазақ тарих ғылымының мезгілсіз қазасы, орыны толмас қайғысы ретінде бағалап отыр.
Тарихшы Талас Омарбеков Жамбыл облысының Байзақ ауданында дүниеге келіп, 1971 жылы Абай атындағы ҚазПИ-де Тарих факультетінде оқу тауысқан. Еңбек жолын Жуалы ауданында оқытушылықтан бастап, қазақ тарих ғылымына Мұхаммед Қайдар Дулати мұраларын зерттеумен соны еңбектер ала келген.
Марқұм Талас Омарбеков өзінің ғылым жолындағы қажыр-қайратын өткен ғасырдағы ұлт тарихының ақтаңдақтарына көбірек арнады. Сталиндік репрессия, ашаршылық зұлматы, байларды тәркілеу мен күштеп ұжымдастыру кездерінің ұлтқа тигізген зардаптары туралы ашып көрсеткен тарихшы ретінде белгілі болды.
Тәуелсіз елдің тарихи санасын тіктеп, танымын тереңдетуге де аянбай тер төккен Талас Омарбеков өмірінің соңына дейін «Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі ретінде де мол еңбек еткен еді.
Орыны толмас қазаға орай марқұмның отбасына, туған-туыс, дос-жаранына, қаламдас қатарластарына, жалпы қазақ халқына қайғыра отырып көңіл айтамыз! Алды бейіш, арты кеніш болсын!