Ислам Ынтымақтастық ұйымына кезекті төраға ел ретінде Түркия Стамбул қаласында ұйымға мүше елдерді кезектен тыс отырысына шақырды. Түркияның «Түрік теле-радио» қызметінің сайты хабарлаған мәліметке сүйенсек, саммиттің қорытындысы ретінде декларация қабылданып, онда Шығыс Иерусалимді Палестина астанасы деп жариялаған.
Аталған декларация негізінде әлемдік қауымдастықты да Иерусалимді басқыншылық астындағы Палестинаның астанасы деп мойындауға шақырмақ. Бұл бастаманы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған бас болып көтерген. Ұйымға мүше ислам елдері Иерусалимге қатысты қарарларды бекітіп, халықаралық қауымдастықтың осы шешімге оң жауабын беруін сұраған.
Палестина президенті Махмұд Аббас бастап, АҚШ-ты Израиль мен Палестина арасындағы бейбітшілік процесіне бітімгершілік рөлінен мақұрым ету туралы да шешім қабылдаған.
Дегенмен, Батыс елдерінің ақпарат құралдары жариялаған мәліметтерге қарағанда ұйымға мүше кейбір елдер АҚШ шешіміне қарсы емес. Ислам Ынтымақтастық Ұйымның кезектен тыс отырысында қабылданған қарарлар мен АҚШ шешімі мүлде қарама-қайшылыққа ұласты. Бұл өңірдің бейбітшілік процесіне ауыр қиыншылықтарды алып келді.
Нәтижелеріне қарағанда Ислам Ынтымақтастық Ұйымының кезектен тыс отырысы өңір қауіпсіздігінің мүддесіне сай шешім қабылдай алмағаны байқалады. Себебі, даулы Иерусалим қаласын Палестина астанасы деп мойындау, тек АҚШ пен Израиль шешімін кері жағынан қайталағанмен бірдей. Осының өзі Израиль-Палестина арасындағы дауды өршітпесе, бейбітшілік қадамдарына көмектесуі екіталай.