Еуроодақтың 26 мүшесі Брюссельде шұғыл видео-конференция өткізіп, Газаға берілетін гуманитарлық көмек көлемін арттыру туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ олар Израиль мен Палестинаны екі жақты қарулы қақтығысты тез арада тоқтатуға шақырды. ЕО сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель: «Зорлық-зомбылықтың барлық түрін тез арада тоқтату және оқ атпау режимін енгізу басым бағыт болуы тиіс. Мақсат – бейбіт тұрғындарды қорғап, Газаға гуманитарлық көмек жеткізуге жол ашу. Шейх-Джаррах және Шығыс Иерусалимнің басқа аудандарындағы палестиналық отбасыларды күштеп көшіру үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Халықаралық гуманитарлық құқыққа сәйкес мұндай іс-әрекеттер заңсыз және жағдайды ушықтыратынын тағы да ескерткім келеді», – деді.

Боррель баяндамасында «ХАМАС пен басқа террористік ұйымдардың Израильді зымыранмен атқылауын айыптаймыз және Израильдің қорғануға құқығы бар», деді. Оның бұл мәлімдемесін Венгрияның сыртқы істер министрі Петер Сийярто біржақты деп айыптады.

Екі ел арасында басталған қақтығыс 10 мамырдан бері жалғасып жатыр. 12 мамырда Израиль Газа секторына әуеден шабуыл жасап, ХАМАС тобының командирін өлтірді. Бұған жауап ретінде ХАМАС Израиль тарапын ракетамен атқылады. Сондай-ақ Израиль көшелерінде еврейлер мен израильдік арабтар төбелесіп, жанжалдасқан. Бұл мәселеде Израиль премьері Бенжамин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлескен АҚШ президенті Джо Байден ХАМАС тобының ракета шабуылдарын айыптаған.

Жақында БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі шұғыл отырыс өткізбек. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху «қанша шабуыл қажет болса, сонша соққы» жасай беретінін мәлімдеді.

Газаның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израиль тарабынан жасалған зымыран соққыларынан Газада 215 палестиналық (61-і бала) қаза болды, 1400-ден астам адам жараланды. Ал Газаның Израильге жасаған соққыларынан 12 адам қаза болған, жарақаттанғандар да бар.

"The Qazaq Times"