Осы сөздің кейінгі, соңғы II ғасырдағы тарихы күрделілігімен көзге түседі. XVIII ғасырдың аяғынан бастап европалықтарға белгілі болған «арий» сөзі XIX ғасырдың соңына таман кеңінен танымал болды, ал XX ғасырда осы есімді герман нацистері иемденіп, бар болғаны 12 жыл ішінде тарих алдында еш күнәсі жоқ «арий» атауын адамзаттың тарихындағы ең зұлым әрекеттің, сұмырайлықтың символына айналдырды. Солардың кесірінен екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі лингвистика ғылымында «арийлықтар» деп аталған тілдік топты осылай атаудың ыңғайы болмай қалды да, осы топты «үндіиран» тобы деп атау дәстүрі қалыптасты. Соған қарамастан осы «арий» сөзінің мағынасы мен «арийлықтар» деген этникалық атау жөніндегі басы ашылмаған олқылықтар күні бүгінге дейін жалғасып келе жатыр.

Біріншіден, «арий» атауы бастапқы үндіирандық тіл тұтастығы заманындағы (б.з.д. 3 мыңжылдықтың аяғы) үндіирандықтардың атауы ма, әлде осы атау кейінірек (б.з.д. 2 мыңжылдықта) пайда болған жалпы үндіирандық емес, үндіираидықтардың аймақтық тобының атауы ма? осы сауалға жауап берілген жоқ. Бүгінгі үндіеуропалық тіл және тарихтануда «арий» атауы көбіне-көп нақтыланбай, жалпылама атала береді, яғни үндіиран тайпалардың бәрі бірдей осы атауды пайдаланғаны немесе пайдаланбағаны тәптіштеліп жатпайды.

Біздің шамалауымызша «арий» этнонимі б.з.д. 2 мыңжылдықтың 2 жартысында ғана пайда болған сияқты. Сондай-ақ, осы атауды тек үндіарийлерге ғана түгелдей таныс болды дегенге сенуге болады. Ал, ирандық тайпалардың барлығы бірдей осы сөзді біле бермегені анық, білсе тек олардың шығыс, орта азиялық тобы ғана білген.

Екіншіден, «арий»” сөзінің этимологиясы түсіндірілген жоқ. «Арий», «арья» сөзінің мағынасы «еріктілер» дегенді білдіреді. Бірақ бұл – сөздің бастапқы мағынасы емес, тарихи дәуірдегі қалыптасқан туынды мағынасы. Міне, осы тұста сөздің түп-төркінін анықтауға түрк тілдері ғана көмек бере алатындығын байқауға болады.

Дей-түрктік «ар» сөзі «адам», «еркек» мағынасын білдіруі тиіс, өйткені бүгінгі қазақ тіліндегі «ер» (герой, мужчина), «еркек» (мужчина), «ерен» (герой, воин) сөздерінің болуы, «ер» сөзінің ХІ ғасырдағы Махмұт Қашғари сөздігінде ғана емес, VIII ғасырдағы орхон-енисейлік көктүрк жазбаларында кездесуі осы сөздің пайда болу уақытының тым ежелгі замандарға кететінін көрсете алады.

Реконструкцияланған дей-түрктік Ар – әлдебір жасампаз тектілікті білдіреді. Абақ таңбадағы нүктенің «ар» деп аталуы осындай сипатты мағынаның пайда болуына жағдай жасаған еді. Осы сипатты бүгінгі қазақ тілінен көруге болады:

Ар – адам баласына ғана тиесілі әлдебір үздік қасиет, ең жақсы қасиеттер мен мінездің жиынтық, символы. Қараңыз: арлы – благородный, честный, с совестью, с достоинством (сөзбе сөз: «с Ар-ом», «Ар-имеющий», «владеющий Ар-ом», «потомок Ар»), арсыз – (сөзбе сөз: «без Ар-а», «не имеющий Ар- а», «потерявший Ар») – подлый, бессовестный, бесчестный. Яғни Ар - әлдебір адамгершілік субстанция, оған «ие болу» – адамды адам етсе, оған ие болмау не одан айырылып қалу – адамдык сипатты жою дегенді білдіреді. Бүгінгі сөздік бойынша ayдарма жасасақ: Ар дегеніміз – ұят пен ождан (совесть, честь). Толығырақ айтқанда Ар – адамның өзі өмір сүретін қоғам алдындағы, айналасындағы адамдар алдындағы адамгершілік жауапкершілік сезімі, Ар – адамның құрметтеуге (қадірлеуге), мақтауға (және мақтануға) тұрарлык, моральдық-адамгершілік қасиеттері және соған сәйкес өмір сүру принциптері. Басқа сөздер арқылы осы праформаның сипаттарын көрсетелік:

Артық (*art-iq) – больше, выше (свыше), сверх, самый-самый. Артық –

лучше. Артықшылық – льгота, привилегия. Арыл (арылу, арылту) – избавление, очищение (күнәдан арылу, жаман қасиеттерден арылу). Ардақ

уважение, почтение. Арыс – избранный, благородный человек, достойный, уважаемый. Ерік (арық - *ar-iq) – свобода, воля, право. Ерке (ерек - *аг- iq > *er-ek) – баловень, баловник, избалованный, ласковый, капризный, любимчик. Осы сөздің ар жағында да «таңдаулы, ерікті» мағынасы жатыр. Ерек (ерекше, айрықша) – особенный, отличающийся, выделяющийся (от других). Міне, осындай сөздердің ортақ, жалпы мағынасын «арья» – «свободные» аудармасымен салыстырып көріңізші, ұқсастық абсолютті деуге болады. Яғни, сөздің өзі де, мағынасы да сәйкес келіп тұр. Бұдан шығатын түйін-сауал мынадай: Бүгінгі қазақ тілі кем дегенде 3500 жыл бұрынғы бөгде жұрттың атауын түсіндіріп тұруы жай кездейсоқтык па, әлде заңдылық па? Дәстүрлі тіл маманы мен тарихшының тарапынан алғанда ежелгі арийлар мен бүгінгі турк тілдері арасында ешқандай байланыс болуы мүмкін емес, олай болса – бұл кездейсоқтық. Бірақ, біз тек бір сөзді ғана емес (бір ұқсастыкты кездейсоқтық деуге де болар), бірнеше сөзді келтіріп отырмыз ғой. Ал, көп ұқсастықты кездейсоқтық дей алмаймыз, ол – заңдылық. Рас осыдан 3500-4000 жыл бұрынғы дей-түрк тілінде бүгінгі қазақтағыдай «ардақ», «артық», «артықшылық», «арлы», «арсыз», «арыс», «армысың», «арыл», «ерке», «ерек», «ерік» сияқты т.б. сөздер болмаған да шығар (болуы да мүмкін), бірақ, сол тілде *ar, *arik, *art сияқты праформалардың болғандығына еш күмәніміз жоқ, яғни «арья» сөзін жасауға мүмкіншілік болған.

«Арий», «арья» сөзінің мағынасын былай көрсетуге болады: Бастапқы нұсқа - *ar-*nga, мұндағы *nga сөзі дей-түрк тілінде *уа болып өзгереді; *аг-уа. «Иа» (*уа, ие) сөзі «владеющий», «имеющий» деген мағынаға ие. Сондықтан, *аг-уа сөзін «Ар-ға иелер» (Ар-имеющие, владеющие Ар), «арлы» деп аударуға болады. Ар - әлдебір мифтік түрың («достоинство») болса, арья – «сол тұрыққа ие болғандар», «артық туған адамдар» деп аударылады.

«Арий», «арья» сөзінің түрк (дей-түрк) тілі арқылы оңай, қисынды, жүйелі түрде түсіндірілуі осы сөзге және осы сөзді этнонимге айналдырған үндіирандықтар тарихына байланысты тарихи-тілдік мәселелерді басқаша қарауға жол ашады. Біз «арий» сөзінің тарихын былай көрсете аламыз:

Бірінші - б.з.д. 2 мыңжылдықтың 1 жартысы және оған дейінгі уақыттағы «арий» сөзі. Бұл кезде «арья» сөзі дей-түрктік ұғым ретінде Казақстан (немесе Орта Азия) жерін мекендеген дей-түрк тілді этникалық массивтің әлеуметтік термині болған. Яғни «арий» деп қоғамдағы қалыптаса бастаған жоғарғы сословиелік топқа кіретін адамдарды атаған. Осы сословие өздерін мифологиялық «о» дүниедегі ата-бабалармен байланыстырған («арғы», «аруқ»).

Екінші - б.з.д. 2 мыңжылдықтың ортасына таман Оңтүстік Казақстанға, одан Орта Азияға келе бастаған үндіирандыктардың алғашкы легі жергілікті дей-түрк тайпаларының бір бөлігін бағындырған не солармен қауымдасқан. Жаңа, этникалық тұрғыдан бір-біріне қарсы тұрған екі жағы бар қоғамда жеңімпаздар (үндіирандықтардың алғашқы легі) өздерінің саяси-әлеуметтік артықшылықтарын баянды ету мақсатында жергілікті дей-түрктік әлеуметтік-мифтік терминологияны пайдаланды. Яғни, бұрынғы дей-түрктік «арья» сөзі енді мағынасын сақтай отырып, жаңа жеңімпаз тайпалардың көсемдерін, кейінірек, барлық мүшелерін жеңілгендерден, құл болғандардан айырып, ерекшелеп көрсету үшін пайдаланды. Бірақ, жаңа жағдайда бұрынғы әлеуметгік атау этникалық реңкке де ие бола бастаған еді. Сөйтіп, бірте-бірте, «арья» атауы этникалық атауға, этнонимге айналды.

Бастапқыда осы атауды этнонимге айналдырған үндіарий тайпалары қуаңдана бастаған Орта Азияда көп тұрақтаған жоқ. Ол ауған жері арқылы Үндістанға қоныс аударып, «арья» атауын да өздерімен бірге ала кетті. Бұл – б.з.д. XV-XII ғасырлар аралығы. Бірақ, арийлардың бір бөлігі Орта Азия мен Солтүстік Ауғанстанда қалып қойып, б.з.д. XIV-XI ғасырларда келе бастаған екінші үндіирандық толқын – шығыс иран тайпаларының бір бөлігінің арасына сіңіп кетті. Жай сіңіп кеткен жоқ, дей-түрктерден алған «арья» атауын жаңа үндіирандықтарға жеткізіп кетті. Сөйтіп, б.з.д. XI-X ғасырлар тоғысында қалыптасқан «Арийлар қоғамы» тілі жағынан үндіарийлық емес, ирандық болып шықты.

«Арья» атауы б.з.д. 1 мыңжылдықта реалды этнонимдік сипатын жоғалтты. Өйткені, Үндістанға кеткен арийлықтар да, Орта Азия мен Ауғанстан аймағында пайда болған «жаңа арийлықтар» да бөлшектеніп, жаңа этникалық процестерге қатыса бастады. Нәтижесінде, жаңа саяси-этникалық атаулар жарқырап шығып, көнелері көмескіленіп қалды. Үндістанға қоныстанғандар «арья» сөзін, этнонимін тек ведаларда ғана сақтап қалса, ауған жері мен Орта Азиядағылар тек аңыздарда, эпоста сақтап қалды.

Үшінші - б.з.д. 6 ғасырдың соңына таман Орта Шығыста саяси үстемдікке шыққан жас халық – парсылар Орта Азия мен Ауғанстан жерін (Бактраны) басып алғанда сол жерлердегі «арийлар туралы эпостармен» таныс болды. Парсылар мен мидиялықтар - б.з.д. 2 мыңжылдықтың соңында Орал-Еділ аймағынан Кавказ арқылы бүгінгі Иран жеріне қоныс аударған батыс ирандықтар еді. Сондықтан, олар «арья» сөзімен таныс болмаған деп есептеуге болады. Кейін де осы сөзді білмей-ақ кететін еді, сірә, Орта Азия мен Ауғанстан жерінде қалыптасқан жаңа діни ағым – зороастризмді парсының Ахемен әулетінің патшаларының қабылдауы оң ықпал еткен. Өйткені, зороастризмнің пайда болу ареалы мен этникалық ортасы – ежелгі арийлықтар туралы мифоэпикалық дәстүрді сақтаған ареалы, этникалық ортасы болатын. Сондықтан, жаңа дінмен бірге арий мифоэпикасы, сол мифоэпикасымен бірге «арья» этнонимі парсылардың фольклоры мен тіліне кірікті. Енді, уақыт өте келе парсылар да өздерін «арийлықтармыз», «арий ұрпағымыз» деп санайтын халге жетті. Бірақ, бұл атау ахеменидтер, аршакидтер, сасанидтер дәуірінде де халықтың-эпостық, атау болып қала берді. X ғасырдағы Фирдоусидің осы арийлық мифоэпика негізінде «Шахнама» поэмасын шығаруының арқасында, бұл атау мұсылманданған парсы тілді қоғамда да ұмытылмай сақталуына мүмкіндік берді.

Төртінші - осы атау халықтық, әдеби-фольклорлық атау болып қала берер ме еді? 1930 жылдары фашистік Германияның «арийлықтарының» пайда болуы, парсының жоғарғы сословиесі арасында да «арийшылдықпен», фашизммен әуестенушілікті туғызды. Неміс «арийлары» парсы зиялыларын, офицерлерін өз максаттарында пайдалана білді. Miнe, осындай «арийлық» модаға сай 1935 жылы парсы шахының жарлығымен «Парсия» атауы «Иран» (Ирон, Арийан) болып өзгертілді.

Сонымен, мынадай ақиқаттарды білген абзал:

Біріншіден, «арий» атауының б.з.д. VI ғасырға дейінгі тарихының бүгінгі парсы-ирандықтарға ешңандай қатысы жоқ.

Екіншіден, «арий» атауының немістерге, жалпы еувропалықтарға ешқандай қатысы жоқ. Яғни бүгінгі Америка мен Еуропа елдерінде таралған неонацистік «арийлардың» осы атауды иемденуге тарихи да, тілдік де, этникалық та хақысы жоқ. Бұл – кезіндегі неміс нацистері жіберген қателіктің, ғылыми сауатсыздықтың, Рерих, Блаватская сиякты «еріксіз фашистердің» жасаған туындыларының салдары. Тарихи-этникалық сабақтастық тұрғысынан «арий ұрпақтары» деп үндістандық үндіарий тілділерді, пакстандықтарды, ауғанстандықтарды, тәжіктерді атауға болар еді.

Үшіншіден, бұл атаудың түрктерге тікелей қатысы бар. Түрк арасында этнонимге айналмаған бұл сөз – тегі жағынан дей-түрк болып табылады. Ал бастапкы, әлеуметтік сипаттағы «арий» терминінің сарқыны бүгінгі қазақтың «арыс» (благородный), «ер» (мужчина, воин), «ерен» (воин), «еркін» (свободный, вольный), «ерек» (особый, отличающийся), «арлы» (совестливый, честный), «ерік» (вольный, имеющий право) үғымдарында сақталып қалған.

 

С.Қондыбай, Гипербория: түс көрген заман шежіресі, Алматы, “Үш Қиян” 2003 жыл.

«The Qazaq Times»