Лью Шияубо 1955 жылы Қытайда туған. қоғам белсендісі болған. 1984 жылы магистрлігін тамамдаған соң, Бейжің Педагогикалық Университетінде мұғалім болып, төрт жылдан кейін, әдебиет және көркем өнер мамандығы бойынша доктор атанған. Жиырмасыншы ғасырдың 90 жылдарынан бастап, АҚШ-тың Орталық барлау мекемесіне арқа сүйейтін АҚШ мемлекеттік демократиялық қоғамдық қорына арқа сүйеп келген «Демократиялы Қытай» компаниясынан тұрақты мерзімдер бойынша жалақы алған. 1995-1999 жылдар арасында екі рет қоғам тәртібін бүлдіргені үшін, «Еңбекпен тәрбиелеу» жазасын өтейді.
2009 жылы желтоқсанда Қытайдың мемлекеттік саяси құқықтық заңын бүлдірді деген айыппен сотталып, Қытайдың Әділет тарапы жағынан он бір жылдық жазаға кесілген. Сондай-ақ, осы уақытта саяси құқығынан екі жылға шеттетілген.
2010 жылы Норвегия Нобель сыйлығы Комитетінің шешімімен Нобель бейбітшілік сыйлығына ие болады.
Жазасын өтеу мерзімінде ракқа шалдығуына байланысты, 10 шілдеде сырқаты қатты сыр беріп, 13 шілде күні көз жұмды.
Халықаралық Нобель бейбітшілік сыйлығының иегері ретінде мойындалса да, сол сыйлығы өзіне бұйырмаған, тіпті, өзі ғұмыр кешкен әлемдегі алып елде тыныш тірлік ете алмаған, яғни ғұмырының соңы сырқатпен күресумен өткен осы жазушы көз жұмғаннан кейін, батыс пен шығыстың ақпарат көздері жарыса жазуда. Төрткүл дүниенің тіліне тиек болған Лью мырзаның құпиясының құдіреті қайда жатыр?
Ендеше, әңгімені бұл кісі тұтқындалғаннан кейін батыстағы біршама елдердің, яғни АҚШ, Германия, Еуроодақ, Франция, Норвегия қатарлы мемлекеттердің түрлі ақпарлар жариялап, Лью мырзаны еркіндікке шығару, оны қорғау жөнінде Қытай жаққа көптеген өтініштер жазғанынан бастауға тура келеді. Бұдан бөлек жазушыны бостандыққа жіберу үшін Ганконг тұрғындары ереуілге де шыққан. Тіпті, биылғы маусым айынан 12 шілдеге дейін (Лью өмірден өтерден бір күн бұрын) АҚШ жақ Қытай тарапынан Лью Шияубоны АҚШ-қа емделуге жіберуді сұраған. Яғни Лью АҚШ жеріне қай уақытта келсе де, үлдемен бүлдеге орап, ем-домдарын жастайтындарын айтқан. Бұл жөнінде News.creaders.net сайтында «АҚШ-тың Мемлекеттік Істер мәлімдемешісі Heather Nauert Лью мырзаны АҚШ-қа алып келу туралы пікір білдірді» деп жазады. Сондай-ақ, ол Қытай жақтың шығармашылық адамына осыншама ауыр жаза кесуін де қатаң айыптаған. Ол әуелі, адам құқығын шектеп, өз-өзінен үрейленген Қытай қоғамының сыйқы осы деген мағынада пікірлерін білдірген.
Мейлі қалай болмасын, өмірі де өлімі де әлемнің әңгімесіне айналған жазушы Лью шығыстағы алып отанының шымбайына батыра айтқан ақиқаттары үшін осындай күйде өтетін ғұмыр жолын таңдаса керек. 1986 жылдан бастап, әр шығармасында «Еркіндікті» басты тақырып ете білген қаламгердің негізгі қылмысы – оның Қытайдың бес мың жылдық тарихындағы бүркемеленген дүниелерді батыл айтып, тарихи Ұлы Қытай, Көне Қытай мәдениеті деген ұғымдарға қарсы мағынада жазбалар жариялап, батыс елдеріндегі еркіндік пен демократияның өзі туған территориясында өркен жаюын үміт етуі болған сияқты.
Қытайдың түрлі БАҚ беттеріндегі сараптамаларға сүйенсек, атышулы жазушының ағат тұсы ұлт ұғымына қарсы келуден, өзі туған мемлекетінің аса құнды мұра іспетті мәдениеттері мен саяси түзілістерін жоққа шығаруында екен. Тіпті, бір жазбасында «Батыс пен Қытайдың арасындағы айырмашылық- адам мен адам еместердің арасындағы айырмаға ұқсайды» деп қатты кеткені бар.
Қытайдың «Халық газеті» оның 1989 жылғы «4 маусым» оқиғасынан кейін Қытай билігі жағынан «Қара қол» атанғанынан бастап, күні кеше көз жұмғанына дейінгі көзқарастарына жіңішкелікпен сараптама жазған болатын. «Қытай арманы» атты News.creaders.net сайтында жарияланған аса көлемді мақалада Лью Шияубо «Ұлтқа, мемлекетке, социалистік түзімге, партияға қарсы идеядағы тілі ашты қылмыскер» деп айыпталған. Көлемді мақалада Қытайдың сарапшылары ерінбей-жалықпай оның 1989 жылғы Чиңхуа университетінде сөйлеген лекциясынан бастап, Нобель сыйлығының иегері болғанға дейінгі аралықта әр айтқан сөзі мен жазған шығармаларынан «шектен асқан еркіндік» аңсаған осы «опасыз» тұлғаны жан-жақты таныстыруға тырысқан. Оның «Догматизммен адасу» шығармасында: «Қытайдың ұзақ тарихы құлдық түзімде болған, жаңашылдық пен дәстүрлі мәдениет жоққа тән. Келешекте ешкім де мұндай өркениетке мұрагер болмайды» деген. «Жаңа дәуірдегі әдебиеттің дағдарысы келді!» атты мақаласында Қытай әдебиетінің ілгері баспай тұрған тұстарын қатаң сынаған. «Жаңа эстетика толқыны» атты жазбасы арқылы Маркстік иделогияның қатерін айтып, оның қоғамға қосар үлесін жоққа шығарған. Бұдан басқа, Қытайдың ақпарат-баспасөз саласын таң қалдырған «Қара тұлпар», «Оянудың қасыреті», «Оқшаулық туралы»,т.б., шығармалары тілге тиек етілген.
Бірегей жазушы о дүниеге аттана салысымен кең көлемде жазылған мақаланың соңын Льюды «Социалистік демократиялы Қытай түзімін аудармақшы болған ірі қылмыскер» деген «қалпақ кигізіп» аяқтайды.
Ол өмірден өткен күні жергілікті сақшылар оның мәйітін және төңірегіндегі туыс-туғандарын қатаң бақылауға алған. Кейбір басылымдар "Қытайдың дәстүрлі салты бойынша сүйек күлін өртеу, теңізге шашу немесе мұздатып барып жерлеу сынды қағидаларының бірін таңдамақшы болған Льюдың туыстары үкімет тарапының рұқсатын ала алмады" деп жазады.
Батыстың қорғаштауы мен қолпаштауына ие болып, өз елінің қоршауынан шыға алмай тар қапаста тірлік жолын тәмамдаған әйгілі жазушы туралы айтылған, жазылған сан мың түрлі жазбалардың басын қосу мүмкін емес. Ол Қытайды «Шығыстағы дімкас ел» деп атап, онда «Бүгінгі таңда оқып жатқан магистр, докторлардың 97%-ы адам болмайды» деген сияқты көзқарастарын сұхбаттарында ашық айтқан.
Сондай-ақ, «Қыңыр жолға түскен Лью Шияубо «Таюань дербестігін», «Тибет дербестігін» қолдаған, еңселі елін «балағаттағаннан» басқа мардымды дүние жазбаған адам» деп баға берген Cul.china.com.cn секілді сайттар да жетіп артылады.
Шығыстағы аса ірі Қытай мемлекеті өз елінде туған осы бір қалам шеберін қаншалық қараласа, батыстағы көптеген елдер және ондағы саяси тұлғалар оны «Қаһарман» деңгейінде бағалауда. Айталық, News.creaders.net сайтындf«Әлемдегі әр ел Лью Шияубоға аза білдіруде» деген мақалада жарияланған.
АҚШ-тың мемлекет істер хатшысы Тилерсон:«Лью Шияубо –Нобель сыйлығының иегерлерінде болатын рухты әлемге танытты» десе, АҚШ-тың Қытайдағы елшісі Буланстерд: «Қытай елі еркіндік пен демократия үшін күрескен ұлы тұлғадан айырылды» деп көңіл айту сөзін жазды. АҚШ мемлекеттік жоғары кеңес мүшесі Маккейн: «Оның өлімі – Қытай компартиясының адамдық құқыққа қаратқан қысымының жаңа дәуірдегі көрінісі» деп баға береді. Ал, АҚШ мемлекеттік парламент мәжілісінің мүшесі, демократтар партиясының жетекшісі Nancy Pelosi: «ол біздің дәуірдегі Ұлы моральдың үлгісі» десе, АҚШ республикашылдар уәкілі Шмис: «Льюдың өлімі Қытай үкіметі бүркей алмайтын ақиқаттардың көрінісі» деп жазады. Таюань басшысы Сай Иыңуынь: «Лью Шияубоның арманы – елде демократия орнату еді» дейді. Бұұ-ның адамдық құқық кеңесінің төрағасы Сейт Лад Хусеин: «Лью Шияубо адамзат демократиялық қозғалысының батыл бастаушысы» деп баға берген. Ал, Норвегия Нобель сыйлығы комитеті Қытай үкіметін, сондай-ақ Бейжің тарабын айыптап, «даңқты жазушы Льюдың қысым астында өткен өмірі мен өліміне Бейжің кінәлі» деп танитынын мәлімдеді. Қытай жақ оның кем дегенде марапат төрінен көрінуіне мүмкіндік бермегенін еске алып, сол кезде ол сыйлық алу рәсіміне келмеген болса да, оның орнына есімін жазғанын, оған уәкіл ретінде дайындаған орындықтың үстіне енді басқа ешкім де отырмайды. Ол нағыз Нобель бейбітшілік сыйлығының иегері еді дейді.
Лью Шияубо өз заманына сыймаған заңғар жазушы ма, жоқ, шын мәнінде өз отанының бейбіт күнін бүлдірмек болған қылмыскер ме, оған баға беру біздің құзырымыздағы әңгіме емес. Қалай деген күнде де, жазушы Льюдың жаңа дәуірі қайта туындаған сияқты.
Осы Льюдың тынысы тоқтай салысымен тынымсыз жазылған ақпарларға қарасақ, біздің өз еліміздегі ғұмырының соңына дейін «қылмыскер» болған сансыз ұлт зиялылары мен қаламгерлері еске түседі. Бір ғана Қытай жазушысы ғана емес, өзіміздің қандастарымыздан шыққан талай ғұламалар да тар есік тас босағада ғұмыр кешкені белгілі.