Ресейлік «Новая газета» бас редакторы мен филиппиндік Rappler басылымының негізін қалаған журналист «сөз бостандығы үшін батыл күрескені үшін» Нобель сыйлығының бейбітшілік аталымы бойынша лауреаттары атанды.
Нобель сыйлығының ресми хабарламасына қарағанда, сыйлық оларға «Филиппинде және Ресейде сөз бостандығы үшін батыл күресіп, демократия мен баянды бейбіт өмірдің басты алғышарты болып саналатын сөз бостандығын қорғауға салған күш-жігері үшін» берілді. Сонымен қатар, ұйымдастырушы комитеттің пікірінше, «демократия мен баспасөз бостандығын қазіргідей шиеленіскен күрделі кезеңде идеал деңгейінде қолдайтын журналистердің өкілдері» ретінде құқай көрсе де ұстанымынан таймаған әріптестер марапатқа әбден лайық.
«[Қызметкерлерінің] өлім[і] мен қауіп-қатерге қарамастан, «Новая газета» басылымының бас редакторы Дмитрий Мұратов (Муратов – түпнұсқа) газеттің тәуелсіз саясатынан бас тартқан жоқ. Ол журналистердің құқығын дәйекті түрде қорғады», – деді норвегиялық Нобель комитетінің басшысы Берит Рейс-Андерсен ВВС Орыс қызметіне берген сұхбатында.
Мұратов 11 жылдан кейін Нобель сыйлығының лауреаттар эстафетасын Ресейге қайта жалғады. Ол «бейбітшілік» жолындағы марапатты Сахаров пен Горбочевтен кейін түрленткен үшінші адам. «Новая газета» негізін қалаушылардың бірі ретінде ол 1995-2017 жылдары бас редактор болған, кейін 2019 жылы қайтадан осы орнына оралды.
«Игорь Домников, Юрий Щекочихин, Анна Политковская, Стас Маркелов, Анастасия Бабурова, Наташа Эстемировалар бүгін Нобель сыйлығын алды», – деді күрескер редактор әріптестерін атап.
«Подъем» басылымына берген пікірінде Мұратов мәшһүр сыйлықты «қазір қуғын-сүргінге ұшырап, қысым көріп жатқан ресейлік журналистикаға арнайтынын» мәлімдеді. «Қазір агент ретінде танылғандарға, қудалау көріп қуылғандарға қолдан келгенше көмектесеміз» деген райынан қайтпайтынын тағы қайталады.
«Журналист және Rappler басылымының негізін қалаушы ретінде Мария Ресса өзін сөз бостандығының көзсіз-батыл қорғаушысы ретінде танытты. Rappler Дутерте режимінің есірткіге қарсы күресіндегі даулы-қандықол науқанын қатты сынға алды. Мария Ресса өзінің туған елінде, Филиппинде билікті асыра пайдалану, зорлық - зомбылық және меңдеп бара жатқан авторитаризмді әшкерелеу үшін негізгі әрі қарапайым құқығы сөз бостандығы хақын пайдаланады», – деп түсіндірді Рейс-Андерсен комитеттің екінші шешімі туралы.
Бұдан өзге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Шекарасыз тілшілер ұйымы, ресейлік оппозиционер Алексей Навальный, Беларусь оппозициясының жетекшісі Светлана Тихановская және экоактивист Грета Тунберг сыйлықтың фавориттері қатарына енді. Жалпы бейбітшілік сыйлығына 329 үміткер (234 адам және 95 ұйым) өтінім берген.