Қаладан жалғыз шыққам. Көлікпен. Беталсым жақын жер емес. Шығыс жақтағы мың шақырым қашықтықтағы Жарбастау ауданы.   Жол бойындағы жанармай бекетіне аялдап, енді қозғала бергенімде мөлшері 20 жасқа енді келген жігіт келіп амандасты да:

– Аға, Жарбастауға бармайсыз ба? – деп сұрады.

– Иә, – дедім мен.

– Ала кетесіз бе?

– Жарйды, көлікке отыра ғой, – дедім мен жападан жалғыз зеріккенше жол бойы әңгімелесіп отырар деп ойлап.

– Аға, бірақ менде жолға берер ақшам жоқ, Қажет десеңіз жақсы бір сағатым бар еді соны берем,  – деп төс қалтасынан жай адамдардың қолы жете бермейтін бір қымбат сағатты алып шықты.

– Керегі жоқ, жол бойы зеріктірмей әңгімелесіп отырсаң жетеді... – дедім күліп.

Көлікке отырып аз жүргесін, Қорғандағы жол полициясының тексеру бекетіне жете бере:

– Аға, жанымда құжатым жоқ еді... жақын туысым деп алып өтіп кетіңізші, – деді, жалынышпен.

– Жарайды, – дедім менде селсоқ. Дегенмен әлденеден тіксініп қалғандай болдым.

Бағымызға жарай тексеруге тоқтамай-ақ өтіп кеттік.

Аз-кем жүрген соң:

– Ал, інім әңгімеңді айта отыр, жаныңда көк тиын ақшаң да, тым құрғанда кім екеніңді айғақтайтын құжатың да жоқ. Алда тағы да тексеру бекеттері бар. Декенмен, сені жолға қалтырмай жеткізіп қоямын. Қандай сырың бар жасырмай айт, – дедім.

– Аға, пәлекеттің бәрі осы сағаттан басталды, – деп ол әңгімесін бастап кетті.

***

Осыдан оншақты күн бұрын бір шаруаларыммен көрші ауданға барып қайттым. Қайта келгенімде вокзалдан  бұрын университетте бірге оқыған таныс жігітке жолығып қалдым. Хал-жағдайы тамаша секілді, киген киімінің өзі-ақ айтып тұр. Кезіге шүйіркелесіп кеттік. Студенттік кезімізді еске алып, біраз әңгіменің тиегін ағыттық. Қазір белді бір компанияның иесі екен.

– Асығыс жолға кетіп барамын... Келгесін өзім іздеп тауып аламын... Мынаны естелікке тағып жүр... жоғалтып алма, базарын тапсаң бір машинаның құнын шығарады, – деп қоярда-қоймай осы сағатты берді де, өзі жаңа мен түскен пойызға мініп кетіп қалды.

Ойламаған жерден қымбат сағатқа ие болғаныма қуанып мен қалдым. Қаланың шет жағынан үш жігіт бірге пәтер жалдап тұратынбыз. Келе сала қымбат сағатымды соларға көрсеттім. Бөлмедегі үй иесінен қалған ескі теледидарды қосып жаңалық қарап отырғанбыз. Тосын оқиға туралы бағдарлама шыққанда есімнен танып құлап қала жаздадым.

Экранда бағана ғана пойызға мініп кеткен досым қан жоса болып өліп жатыр.

Жүргізуші: «Өткен түні білгілі кәсіпкерді біреулер жұмыс орнында атып, жанындағы бар дүниесін бұлап кеткен. Айқын белгілерінің бірі арнайы тапсырыспен жасалған сағатын да алып кетіпті» деп сағаттың фотосын шығарды.

– Асқар мыну сол сағат қой!

Жанымда отырған Бектас сағатты маған қарай лақтырып жіберді.

– Жоқ, рас айтам. Бағана ғана мен түскен пойызға мініп кеткен, – деп мен шыр-пыр болып жатырмын.

– Қой, кеше өлген адам саған қайдан жолығады, – деп олар күш бермейді.

– Ол кеше өлген болса сағатын маған қалай берді, – деппін мен де мәңгіріп.

– Әңгіме осында. Оның сағаты сенде қалай жүр. Бұл айғақ. Сен өлтірген шығарсың.

Бектас орнынан атып тұрып менің алқымымнан ала түсті де, «сені өз қолыммен полицияға апарып берем» деп есікке қарай сүйрелей жөнелді. Араға Ербол келіп түсті.  Осы кезде Бектастың қолы босап кетті. Мен ашық тұрған есіктен сыртқа тұра қаштым. Сол қашқаннан таң атқанша жүріп, манағы май құю бекетіне келіп, Жарбастау жақтағы апайыма барып істің анық-қанығы ашылғанша паналай тұрсам дегем. «Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, болған жағдай осы, ал қымбат сағаты мынау» деп сағатты маған қарай ұсынды.

Мен не дерімді білмей, сағатты қолыма алып көрдім. Бір түрлі қанның мүңкіген иісі келетін секілді.

– Аға мені Жарбастауға дейін ала кетіңізші... жарай ма,  – деді ол жыламсырап.

Мен не болса да оны барар жетіне жеткізіп салмақ  болып шештім.

 

Алдымызда тағы бір тексеру бекеті...

– Аға мен көлікте отыра тұрайын өзіңіз барып келіңіз... Тек, мені ұстап бермейтін шығарсыз...

Асқар бағанағыдай емес өзін еркін ұстап отыр.

– Мақұл, – дедім де жол полициясымен бірге жол шетіндегі бекет үйіне кірдім.

– Қайда бет алдыңыз.

– Жарбастауға.

– Жалғызсыз ба?

– Жоқ, бір туысқан інім бар, – дедім мен өзімді барынша жайбырақат ұстап.

– Ініңіз қайда еді? – жаңа ғана менімен бірге кірген қызметкер маған таңдана қарап тұр.

– Көлікте!

– Мен қалай байқамадым онда, – деген ол сыртқа қарай шыға жөнеді.

Осы кезде қабырғада қосулы тұрған теледидардан “Тосын оқиға” бағдарламасын беріп жатыр екен.

Экранда қан жоса болып манадан менің қасымда келе жатқан Асқар жатыр. Жүргізуші : «Өткен түні жол бойында, бір жігітті өлтіріп жанындағы бар дүниесін бұлап кеткен. Айқын белгілерінің бірі арнайы тапсырыспен жасалған сағатын алып кетіпті» дегенде көзім қарауытып кетті. Мана байқамай, Асқардың сағатын өзіммен бірге ала шығыппын...

Қойшыбек МҮБАРАК

"The Qazaq Times"