Абай ұлы ақын, сонымен бірге композитор, философ, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы. Мұнымен тынбай Абай қазақтың ертеден келе жатқан халықтық әдет-ғұрып, заңдарын, «Жеті жарғысын», патша өкіметі шығарған статияларды, араб, түркі тіліндегі кітаптар арқылы шариғат ережелерін жақсы білген. Бұл жағынан оны заң ғылымдарының маманы деуге болады.

Абай Құнанбаев

Абай адам мінезін қылт еткізбей танитын писхолог болды. Абай жазған өлең сонша көп емес. Бірақ, мазмұнының тереңдігі, көркемдігі жағынан теңдессіз. Абай қазақ халқының бүкіл ақыл-ойын, зейін-зердесін бойына сіңірген данышпан, ол өлеңнің пірі, оны қазақтың пайғамбары десек те болады. Зерттеушілер Абай 170 тен астам лирика, 30 дай аударма өлең және басқалар мен қосқанда екі жүздің үстінде ғана өлең жазған дейді, сан жағынан мұншалық өлең осы күнгі орта қолды ақындарымыздың бәрінде бар. Бірақ, «алтын аздығымен емес, нағыздығымен қымбат» деген ғой. Абай өлеңдері мазмұны, көркемдігі, түрі жағынан бірдей жаңа болды. Ол жаратқан өлең түрі 17-ге жеткен. Оның ішінде «сегіз аяқ» пен  16 тармақты «Сен мені нетесің» деген өлеңдері дүние жүзілік поэзияға қосқан жаңа үлес, ерекше тапқырлық болып саналады. Абайдың «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» деген үш поэмасы және толығы табылмаған «Уадим» деген поэмасы бар. Қара сөздері деп аталатын 45 сөзі, 4 мақаласы, жиыны 49 прозалық шығармасы бар.

Абай – өзі жазған өлең түрлері  бойынша қырықтай ән шығарған композитор.

Абай жас кезінде өзінің ірі ақын болатынына онша сенім байламаған сияқты, өлеңдерін әуелде Көкбайдың атында шығарды, кейін былайғы жұрттың жақсы қабылдағанын байқады да 40 жастар шамасында ғана үзбей өлең жазып тұруға кіріседі. Көкбайға осы өлең сенің шамаңнан асыңқырып кетті ғой деймін, алдыңғы өлеңдерімді өзіме қайтарып берсең деп, оған бір ту бие береді де өлеңдерін қайтарып алады.

Абайдың ақындық өнері кемеліне келген шағындағы есіл уақыты ел арасындағы таусылып бермейтін дау-дамайды тыңдап, шешіп отыру ісіне арналған, «қадыры басым, қайратты жасым, айғаймен өтті амал жоқ. Болмасқа болып қара тер, қорлықпен өткен қу өмір» деп жазуы осыны білдіреді. Осы екі себептен Абай өлеңдері сан жағынан онша көп болмаған деп қарауға болады.

Жаңа Абайды қазақ арасындағы заң маманы деп қарауға болады деген бір сөз айттық, оған бір дәлел келтіре кетуге болады.

Бір жолы Қалба тауынан ағып түсетін Шар өзені бойындағы «Қарамаола» деген жерде Семей, Өскемен, Зайсан, Қарқаралы және Павлодар(Кереку) осы бес районнан жетпістен артық ірі билер қатысқан съез өткізіледі. Шешімін таппай созылып келе жатқан ел арасындағы үлкен даулы мәселелер ортаға салынады. Сол жолы ел Абайды «Төбе би» деп тағайындап, оның әділ билігіне тоқтаған. Осы съезден кейін Абайға қазақ ішінде жүретін заң жобасын жазып шығу тапсырылған. Абай қазақтың ежелгі заңдарын жаңа заманғы орыс өкіметі заңының ережелеріне біріктіре отырып, 74 тармақты заң жазып шыққан. Бұл заң жобасы «Дала уалаяты» газетінде және Қазан қаласында басылып шыққан. Абайдың ақылия сөзінде (үшінші сөз) «Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келе бермейді, бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолын», Әз Тәуке ханның «күл төбенің басында күнде жиын болғанда» шығарған «Жеті жарғысын білмек керек.» деген жері бар. Абай ел тоқтатарлық билік айтуда өзінің тапқыр-шешен сөзімен қатар, атадан жалғасып келе жатқан ежелгі қазақ заңдары жөніндегі білімдерін кәдеге жаратып отырған.

1845 жылы тамыздың 22 күні Шыңғыстың Қасқабұлақ деген жерінде жарық дүниеге келген Абай 1904 жылы шілденің  5 күні Шыңғыстың Балашақпақты деген жерінде дүниеден қайтқан.

Жарты ғасырдан астам «Махаббат, ғадауатпен майдандасқан» қайран жүрек мұз болды. Қазақ әдебиеті тарихында өз даналығымен қолдан келмес ескерткіш орнатқан ұлы Абай миына қан құйылу себебінен дүние салған. Абайдың сүйегін Ақшоқының бауырындағы Құнанбайдың қасына қоймақ болып көп адам алып жүрген, күнің ыстығынан ба, арбамен жүрген ұзақ жолдан ба жолшыбай бастың қаны сыртқа шығып, сүйек бұзыла бастағансоң, олар Абайды Жидебайдағы інісі Оспанның қасына қойған. «өлсем орным қара жер. . .» деген Абайдың мәңгілік орны осы болды.

“Белестер белгісі” кітабынан

“The Qazaq Times”