(жалғасы, басы өткен шығарылымда)

Миссионерлік жолмен жіңішкелеп шоқындыру арқылы орыстандырудың ең бір алмағайып тетігі жергілікті халықтардың ішінде аралас мектептер мен оқу орындарын ашудың өзінде миссионерлік мақсатты ұстанған саясатты көреміз. Осының бір көрінісі М. Әуезовтің: «...Бұл шіркеуді «миссия» деп атайды... Ақ шіркеудің жанында школ да бар», – дейтін ішіне қатпарлы сыр бүккен тезистік желідегі сөзінің арғы төркініне үңілер болсақ, көп ойлар сабақтауға, бұларсыз шындықты толық танып білудің өзі қиынға соғарын сезінеміз.

Миссионерлердің қолдауымен ашылған орыс-түземдік аралас мектептер мақсаты жағынан мұсылман мектеп-медреселеріне қарсы идеологиялық құрал ретінде үкімет тарапынан қолдау тауып отырды. Осы себепті де Түркістан өлкесінде аралас мектептерді орнықтырған ғалымдар: «...в Туркестанском крае был намерен держаться обрусительной политики при посредстве русской школы»[1], – деп орыстандыру саясатында аралас мектептің атқарар рөліне ерекше мән беруінің белгілі сыры да болатын, Мұның мәнісін 1863 жылы Перовск уезінде қазақ балаларына арналған мектеп ашылғанда, генерал-губернатор фон-Кауфманның өзі арнайы келіп, орыс, қазақ балаларын араластырып оқытатын аралас мектеп болуын талап еткен. Өйткені балалар жастайыкан аралас мектепте оқыса оның дүниетанымы мен мінез-құлқының қалыптасуы шоқындыруға бейім, өз халқының рухани тамырынан қол үзіп, ұлт тағдырына селқос қарайтын делқұлы жандар шығатынын білгендіктен талап еткен. Кауфман әсіресе қазақ қыздарын оқытуға шешуші мән беріп, оларды ана ретінде келешек ұрпақты миссионерлік мақсат тұрғысынан тәрбиелеуші бесік иесі деп қараған. Ал бүгінгі күндерде Қазақстандағы аралас мектептердің арғы төркіні – осы миссионерлік мақсаттан туғанын, академик Аманошвили айтатын ұлттық рухы, ұлттық ерекшелігі жоқ қазіргі кезде айыпталып отырған ұлттық тамырынан қол үзген нигилистік пиғылдағыларды шығаратын жарымжан мектептер екенін көбіміз біле бермейміз. Ғылыми негізі дұрыс қойылмаған миссионерлік идеяның жемісі болған аралас мектеп үлгісін интернационализмнің ұясы деп көкірек ұра желігетініміз бар.

Миссионер ғалымдар осы бағдарға орай оқытушылар кадрын даярлау ісіне де айрықша мән берген. Бұл салада Мәскеу, әсіресе Қазанның рухани академиясының орны бөлекше деп саналған. Қазанның рухани академиясында арнайы мақсат көздеп ашылған «мұсылмандыққа қарсы бөлімнің» (противомусульманская отделение) тұңғыш кафедра меңгерушісі Ильминский түркі-моңғол тілді халықтар үшін ашылған аралас мектептерді кадрмен қамтамасыз етудің ордасына айналдырды. Бұлар осымен қатар жергілікті халықтың өкілдерінен келешек миссионерлік жолға берілген дін кадрларын даярлау үшін, тіпті ерлер мен қыздар монастырын ашуға да тікелей кірісіп кетті. Мысалы, 1881 жылы Ыстықкөлде қырғыз, қазақтың жетім балаларынан еркектер монастыры ұйымдастырылды. Бұған Мәскеу, Ташкент, Верныйдағы дін орындары арнайы қаржы бөлді. Жетісудың генерал-губернаторы Колпаковский бұл монастырьға айрықша назар аударып, қанша қаржы керек болса да, қол ұшын беретінін ресми түрде мәлімдеуі жай нәрсе болмаса керек-ті. Өйткені алдағы уақытта Түркістан өлкесінде жүргізілетін зор көлемдегі миссионерлік жұмыстың буынды орталығы осы монастырьларға ауысады деп танылған еді. Осы тәжірибеден кейін тіпті ислам діні басым жатқан Ташкент маңында өзбек, тәжік кыздарынан құралған 1893 жылы ашылған қыздар монастыры Николаевкада орналасты. Міне, бұл іспеттес әрекеттердің тіпті қазақ жерінде де орын алғанын, яғни осыған даярлықтың алдын ала әрекеттерін М.Әуезовтің «Ақын аға» романында: «...қазақтың жетім балаларын... шоқындырып, өсіріп келе жатқан «ізгілік миссионерлік» деп аталатын әрекеттер болды», – деп істің жонын ғана көрсеткендей меңзей айтылатын тұстары зерттей қарамасаң, оңайлықпен ашылмайтын сыр бүгіп жатыр. Осы жерде жазушының көп жылдар қырқасында зерттеп білген ой-өрісінің өзекті желісі ғана қылаң беріп көрінсе де, көп сұмдықтардың көзден таса болып сыр бүгіп ашылмай жатқаны да аңғарылады.

Аралас мектептер мен шіркеу жанынан ашылған приходская школалар қызметкерлерінің бақылауында түрды. 1871 жылы патша ағзамның тікелей жарлығы бойынша Түркістан өлкесі үшін архиерей кафедрасы ашылып, ол Верный қаласына орнықты. Ал Жетісу губерниясында 1872 жылы миссионерлік қызметті жандандыру үшін Верныйда архиепископ резиденциясы ашылды. Өйткені Мәскеу митрополиті Владимир қазақтар арасында миссионерлік шоқындыру жұмысын күшейтуді талап еткен еді. Осы талапқа орай Верныйда 1901 жылы 11 қарашада арнайы түрде миссионерлік эпархиальный комитет құрылып, оған қаланың бас көтерер шенеуніктері мен әскери қызметкерлері, купецтер енді. Олар нақтылы түрде миссионерлік үгіт-насихатты өрістетті. Мысалы, священник В. Я. Яковлев 1902 жылы Верныйда басылым көрген: «Из истории церковной жизни Туркестана» деген кітабында: «...здесь каждый православный христианин обязан быть и миссионером... Мы, русские, призваны насаждать среди всего этого населения начала истинной религиозной жизни» (с. 91-93), – деп жазуындағы пікірі жоғарыда аталған комитеттің мақсатын көрсетіп тұр. Жазушы Шерхан Мұртазаевтың «Қызыл жебе» романындағы түрме бастығы Приходконың бала Тұрарды шоқындыру жолындағы әрекеті де эпархиальный комитеттің талабынан туындап жатқан құбылыс болатын-ды.

1867 жылы қазақ даласы үшін «жаңа низам» ережесінің өмірге енуімен қатар қазақтар арасында орыс-түземдік деп аталатын аралас мектептер ашыла бастады. Бұл мектептің отаршылдық мүддеден туындайтын түпкі саяси-миссионерлік мақсаты неғұрлым бұратана балалары орыс оқушылармен араласып оқыса, соғұрлым орыстандыру үрдісі де жылдамдайды деген танымға негізделген болатын.

Патша үкіметі қазақтар арасында, әсіресе қыздар мектебін ашуға көңіл бөле бастады. Өйткені 1868, 1872 жылдар ішінде қалмақ қыздары үшін ашылған мектеп үлгісін көптеп ашып, бұл әрекет шоқындыру, орыстандыру жолында аса пайдалы буын екендігіне іс жүзінде тәжірибеде көзі жеткен миссионерлер енді қазақ қыздары үшін де мектеп ашу ісіне ықыластана кірісті.

4

Миссионер ғалымдарының елеулі мән берген мәселелерінің бірі баспасөз арқылы миссионерлік идеяны таратып, насихаттау үшін арнаулы зерттеу жинақтарын, газет, журналдар, аударма кітаптар шығарумен айналысуында жатыр. Православие дінінің қасиетті кітаптарын қазақ тіліне аударып, оны нақтылы түрде насихаттау ісімен айналысты. Мысалы, 1860-1917 жылдар арасында қазақ тілінде православие дінінің 72 кітабы аударылып таратылуы жай ғана нәрсе емес еді. Бұларға қоса 1861 жыл мен 1874 жылдар аралығында Ильминский, Катаринский, Алекторов, Васильев, Воскресеньский, Левшин орыс алфавитімен жазылған кітаптар жазумен айналысты, Миссионер ғалымдар негізінен православие дінін насихаттау үшін Қазанның рухани академиясының жанынан 1847 жылы 2 маусым күні арнаулы түрде аудармашылар комитеті құрылып, оны Ильминский басқарды. Ресей империясындағы түркі тілді халықтар тіліне аударылған православиелік рухтағы діни кітаптардың аударылып таралуында, олардың мол тиражбен жарық көруіне де Ильминский тікелей атсалысып, басшылық етіп отырған. Ильминскийдің бұл саладағы істерін оның өзі тәрбиелеп үміт еткен шәкірттері қызу жалғастырып жатты. Мысалы, Федор Демьянович Соколов – Ильминскийдің сенімді шәкірті және де Ыбырай Алтынсарин мектебінің ұстазы болған. Оның 1893 жылы 24 қарашада Орынбор мен Орал облысының епископы Макариге жазған мәлімдемесіне назар аударсақ, ойламаған жағдайға тап боламыз. Ф. Д. Соколов 1887-1892 жылдары Торғай облысындағы екі кластық қазақ училищесінің меңгерушісі қызметін атқарған. Ы. Алтынсарин қайтыс болысымен Торғай облысындағы мектеп инспекторы қызметін уақытша атқара бастады.

Ф. Соколов Ы. Алтынсаринмен 1886-1889 жылдар аралығында жиі хат жазысып тұрған. Ыбырай мектебінің өнегелі оқытушысы ретінде танылып, Ыбырайдың оған жазған бес хаты сақталып келген. Қазақтың тұңғыш журналисі М. Сералин Ф. Соколовтың қолында оқып, шәкірті болған. Ы. Алтынсарин қайтыс болған соң, оның қызметін тікелей жалғастырып жүрсе де, о бастағы көздеген мақсаты миссионерлік жолға біржолата ауысып кетеді. Николаевкідегі (бұрынғы Қостанайдын аты) қалалық шіркеудің бас священнигі қызметін атқаруға кіріседі. Өйткені бұл тұста Қазан қаласы империяның миссионерлік саясатының орталығына айналғандықтан, миссионерлік кадрлар мен оқытушылардың бәрі де Қазанның рухани академиясында даярланып, дін ісіне берік болып шығатын-ды. Осы себепті олар түркі халықтары арасындағы миссионерлік қозғалыстың ұйытқысы болып, белсене қызмет атқаруға міндетті болғандықтан протерей А. И. Макаров: «...Учителя мы, а ученики они. Изучая их, сближаясь с ними, не следует прятать себя и свое все русское, тем более православное. Повторяю, русскому православному нужно всегда и везде оставаться и быть лишь русским и православным» [2], – деп, әрі бұған үлгі ретінде Пушкинді мысалға келтіріп миссионер ғалымдар мен шіркеу қызметкерлерінің идеологиялық танымын аңғартып тұр.

Ф. Соколов жоғарыда аталып өткен мәлімдемесінде қазақ арасында болып, қазақ тіліне аударылған православие дінінің қасиетті кітаптарын оларға оқып беріп, тікелей діни насихат жұмысын жүргізеді. Қазақтар арасында әлі де болса татарлардың діни әсері күшті болуына наразылық білдіріп, оларды қазақ даласынан қууды талап етеді. Өзінің мәлімдемесінде ол 1892 жылы мамыр айыңда Николаевкадағы 21 қазақ пен екі татарды шоқындырады. 1893 жылы Торғай облысының Домбар болысынан үш қазақты, Кеңарал болысынан он алты жасар Қанипа Жұматова деген қазақ қызын, Арақарағай болысынан екі кісіні, Сырдария болысы Перовский уезінен екі кісіні, Ақмола облысы Құсмұрын болысынан бір қазақты шоқындырып, олардың аты-жөнін орысша қойғанын қуана хабарлайды. Бұл әрекеттен М. Әуезов автоцензурасыңдағы: «...Мекеш деген атын жоғалтып, Михаил, Мишка деп қойыпты», – деген сөздерінің астарында өмірде болып өткен шындықтың ызғарлы табы жатыр десе болғандай.

Миссионер атаулының ең бір ұрымтал тәсілінің бірі шоқынушы бұратана атаулының ата-анасының азаң шақырып қойған атын өзгертіп, орысшалап қою болатын-ды. Осы тұрғыдан қарағанда, неге екені белгісіз Сталиннің миссионерлік оймен рухани семинарияда оқығандықтан ба, әйтеуір ұлты түрік атақты опера әншісі Краузені тыңдап, риза болады. Бірақ артынан ұлты түрік екенін білгенде, оның фамилиясы ұнамай, оны Петров атандырып жібереді. Бұл кездейсоқ нәрсе емес, өйткені осы оқиғадан бұрын грузия әскери ревкомының мүшесі, ұлты түрік, революционер ақын Омар Файкті фамилиясын орысшаға ауыстыруды Сталин талап еткенде, көнбей қойғаны үшін атылуы көп нәрсенің сырын аңғартса керек-ті. Немесе месхет түріктерін туған жерінен Орта Азия мен Қазақстанға сүргін жасауының астарында не ой жатқанын кім білсін? Дәл Сталиннің тікелей нұсқауымен бүкіл түркі тілді халықтардың ғасырлар бойы бауыр басып қолданып келген алфавитін орыс жазуына алмастырып жіберуі – миссионер атаулының ғасырлар бойы жүзеге асыра алмаған арманын іске асыруының астарында әсіресе көсемнің бастауымен болуы – көп құпияны ішіне бүгіп жатыр деген сөз.

Алекторовтың көрсеткішінде де Ф. Соколовтың екі еңбегін кіргізіп, оның негізінен миссионерлік идеяны насихаттап, сол жолда қызмет атқарғанын жасырмайды. Яғни Ф. Соколов Ы. Алтынсарин мектебінде қой терісін жамылған қасқыр тәрізді өзіне құпия түрде тапсырылған миссионерлік әрекетін сездірмей дос-жаран бола жүріп, аралас мектепте «ұстаздық» қызмет атқаруы көп сырды ішке бүгіп жатқан қатерлі рухани жараның өзі болып шығады.

5

М. Әуезовтің 1951 жылы басылым көрген «Ақын аға» романында: «..православие шіркеуінің үлкен ақылды, білімді өкілдері: миссионер Ильминскийді, Остроумовты, әрі ағартушы, зор миссионер Алекторовты айтты», – деп жандаралдың аузынан Абайға насихат айттыру да көптеген деректі ойлардың түп төркінінен хабар беріп тұр. Бұдан автордың жалпы миссионерлік идеяның арғы-бергі тарихынан танымы мол болуы себепті, халыққа жат идеологиялық саясаттың маскасын сыпырмақ болған ойы байқалады. Бірақ жағдайға байланысты өзіяе өзі автоцензура жасауға мәжбүр болған. Я бұл автоцензураның жасалуында жеке басқа табыну заманындағы жазықсыз жазаланудың ащы дәмін татқан жазушының ішкі танымын аша беруге ызғары суық заманның аса қатерлі лебі сескендіргендей. Осыдан келіп өз ой танымына терең барлап, жан-жақты зерттеуден туындаған ой қорытындысын, яғни патша отаршылдарының аса зиянды, мүлде құпия ұстаған миссионерлік саясатының түп тамырларын терең ашып беруге жеке басқа табыну заманы ырық бермеген. Өйткені бұларды терең бойлай отырып шындықты баяндаса, отаршыл өкіметтің арманына айналған саяеи мақсаттарды неге екені белгісіз Сталин тарапынан қайталануын жалаңаштап көрсетуге айналып кетер еді. Мысалы, түркі тілді халықтардың бір кездерде зорлықпен таңылып, сан ғасырлар бойы біртіндеп дендеуі арқылы қалыптасып кеткен жазуын өзгерту, православие дініне шоқындыру арқылы біртіндеп орыстандыру, немесе Қырымды қырым татарларынан тазарту туралы Екатерина патшаға ой салған адмирал Потемкин идеясы мен Кавказды мұсылман халықтардан тазарту жайындағы генерал Ермоловтың ұсынысы, отарланған жерлерді қоныстандыру арқылы түпкілікті иелену т.с.с. бәрі де Сталиннің тікелей нұсқауымен отызыншы жылдардан бастап жүзеге асып жатуы еріксіз ойға оралтар еді...

Жазушы нақтылы тарихи шындық болса да, бұлай ашық айтуға болмайтын саяси қатерлі шындықты әшкере етудің мерзімі жеткен жоқ деп білді. Бірақ келешек ұрпақтың өткендегі бүркемеленген астарлы шындықтан көз жазып, құралақан қалмауы үшін, оның бір ұшын қолына ұстата кету мақсатымен өз ой танымының өзекті бір желісін жанамалап меңзеу арқылы беру тәсілінен сырт айналмады. Әрине, сол бір кезең үшін қатерлі болса да, батыл әрекет етті. Өйткені М. Әуезовтің кезінен бастап дәл бұл күнге дейін миссионерлік идеяның басты идеологтары: Ильминскнй, Остроумов, Алекторов т. б. Қазақстан мен Орта Азия республикаларының ғылыми еңбектері мен оқулықтарында, күнделікті баспасөздерінде оларды интернационалистік, ізгі ниетті ағартушылық құбылыс ретінде өңін айналдырып мадақтай насихатталып келе жатқан мұндай астарлы мәселеге тереңдеп барып, шындықты жалаңаштап ашу – буынсыз жерге ұрылған пышақтай теріс бағаланар еді. Міне, осы себепті М. Әуезов алғашқы нұсқасыңда Ильминский, Остроумов, Алекторовты зор миссионер ғалымдар деп айтып қалса да, (онда да көркемдік тәсілмен айтса да) бұл ойын қатерлі деп санап, өзіне өзі саналы түрде цензура жасауға барған еді. Осы себептерге орай жазушы Ильминский, Остроумов, Алекторов сияқты аса көрнекті миссионер, монархист ғалымдардың атын сызып тастап, өз ойының ең өзекті де мәнді тұсын ғана ишарамен жеткізу тәсіліне барған болатын-ды.

Жоғарыда баяңдалған М. Әуезов ойының түп төркінін ұғынып, ғылыми дұрыс бағытта түсіну, танып білу үшін бізге шешуші кілтті академик А. Н. Кононовтың: «...Для политико-экономического освоения восточных окраин Российской империи было необходимо их предварительное «идеологическое освоение» путем привлечения живущих там народов и народностей в лоно православной церкви. Решение этой задачи взяли на себя православные миссионеры, которые проходили курс специальной подготовки в особых учебных заведениях для овладения языком и ознакомления с бытом и обычаями своих будущих подопечных[3], – деген терең ғылыми танымынан салиқалы да сыншыл тұжырымы ұстатады.

Отарланған қазақ даласы мен Түркістан өлкесіңдегі бұратана халықтарды «идеологиялық жағынан меңгеріп алу» үшін оларды шоқындыру, орыстандырудағы аса жауапты мемлекеттік дәрежеде қойылып отырған саяси мақсатты жүзеге асыру мәселесін Святой синод миссионер ғалымдардың қолына тапсыруды мақұл тапқан болатын. Мисснонерлік топ мемлекет тарапынан қажетті діни оқу орындарымен, керегінше қаражатпен, баспасөз және материалдық игілікпен қамтамасыз етілді. Қоғамдық пікірде олардың миссионерлік қызметін, тіпті жеке басын марапаттап, «патриот» ретінде танытуды да ұмытпады.

Қазан қаласындағы көптен бері қызмет етіп келе жатқан духовный семинарияны миссионерлік мақсатты жүзеге асыру мен осы жолдағы кадрларды көптеп даярлаудың орталығына айналдыру үшін, оны 1797 жылдан бастап Қазандағы духовный академияға айналдыруы да алдын ала жүргізілген даярлықтың барысын көрсетумен бірге, идеологиялық саяси мәселенің қаншалықты терең де өткір қойылып отырғанын аңғартады.

Патша отаршылдары бодаңдыққа айналған бұратаналардың рухани болмысына терең бойлап ену үшін миссионер ғалымдардың алдына ол елдің дінін, тілін, әдебиетін, фольклорын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, тарихын, этнографиялық, психологиялық ерекшелігін жан-жақты терең танып меңгеруді – басты шарт ретінде талап етті. Осы талап тұрғысынан келіп өздерінің жан-жақты алдын ала даярлықтары мен осы жолға қалтқысыз берілген миссионер ғалымдар Ильминский, Остроумов, Алекторовтар өз орталарынан екшелеп шығып, ұзақ жылдар бойы белсене қызмет атқарды. Бұлардың бәрі де отызыншы жылдардың аяғынан бермен қарай қоғамдық ой-санада ағартушы педагог, ғалым және де халықтар достығына атсалысқан озық ойлы қайраткерлер ретінде бағаланып келді. Олардың етегіне табынып, бас ие пікір айтып насихаттаушылардың атын атап, түсін түстеп жатудың қажеті болмас. Өйткені бұл таласуға келмейтін аксиомаға айналған шындық ретінде танылып, оқырман ұғымының да осы тұрғыдан қалыптастырылғаны жасырын сыр емес-ті.

Бірақ мұндай жалған да жасанды ұғымның сарынына бой алдырмаған М. Әуезовтің миссионерлердің атын, идеялық бағытын дәл танып, сілтеме беруінде, әрине, елеулі сыр да жатыр. Өйткені біздің қалың оқырман қауым олардың атымен, «достығымен», ағартушылық жолындағы қызметімен кеңірдектен келе тойса да, олардың астарлы әрекеті мен жасырын жүргізілген дін жолындағы идеяларымен таныс болмауы себепті, бұл орайда қысқаша болса да мағлұматтар бере кетудің орны бар:

Ильминский Николай Иванович – 1822 жылы Пенза губерниясындағы священниктің отбасында туып, діни ортада тәрбиеленген. 1846 жылы Қазанның духовная академиясын бітірген соң академияның арнайы мақсатпен ашылған «Противомусульманское отделение» кафедрасын басқарады. Академияда татар, араб тілімен бірге теологиядан да дәріс береді. Дін жағынан білімін жетілдіріп, тәжірибе жинастыру мақсатымен Сирия, Египетті шарлап, 1847 жылы 2 маусымда Қазан қаласында миссионерлік мүддені көздеген арнайы «Аудармашылар комитеті» құрылғанда бұл комитетті басқару Ильминскийге сеніп тапсырылады. Мұнда православие дінінің қасиетті кітаптарын бұратана халықтардың тіліне аудару мәселесімен шұғылданатын. Бұл комитеттің құрамына сыннан өткен танымал, белсенді миссионерлер: Н. Я. Близновский, Е. А. Малов, В. Т. Трофимов, священник Н. Н. Остроумов, Н. И. Золотницкий, И. Я. Яковлев, Н. А. Боброников, В. В. Катаринскийлер енді. Осы дін қайраткерлері аударып басылым көрген 307 кітаптың 288-і таза діни кітаптар болғандығын татар ғалымы А. Каримуллин де арнайы түрде атап өтеді. Осы аударылған кітаптардың ішіңде бірде-бір тарих, география, арифметика тәрізді өмірге керекті кітаптардың болмауы – тікелей олардың миссионерлік мақсатына байланысты құбылыс екені айтпаса да түсінікті. 1847 жылы 5 қаңтарда граф Протасов татар тіліне православие дінінің кітаптарын ғана аударуға арнайы бұйрық бергенде, бұл жауапты жұмыстың да тетігі Ильминскийге тапсырылған еді.

1858 жылдан бастап үш жылдай Орынбор шекаралық комиссиясьшда қызмет атқарған Ильминский енді миссионерлік істі астыртын түрде қазақтар арасында жүргізуге қызу кіріседі. Өйткені қазақтар ислам дініне құлай берілмей, өз ата-салтын мығым ұстауы себепті оларда діни фанатизмнің болмауы миссионерлік жұмысқа аса қолайлы жағдай жасап, жаңа дінге тез көндігетін халық деген тұжырымға келген еді. Бұл іспеттес таным ол кезде орыс ғалымдары мен миссионерлері арасында кең таралып, талай пікірлер де айтылғанын білеміз.

Ильминский Орынбор өлкесіндегі қазақтардың өмірі мен тұрмысын, әдет-ғұрыптарын жақсы білген. Әсіресе олардың мұсылман дініне деген қатынасына үңіле қарап, жоғарыда айтылған ерекшеліктерін жақсы таныған. Орынбор қазақтары туралы публицист А. Солнцев те өзінің «Из религиозно-нравственной жизни киргизов Букеевской орды» деген мақаласында: «...равнодушное отношение киргизов к закону Магомета дает возможность заключить, что ислам не проник еще в орду, так сказать, до мозга-костей и что Киргизская орда с этой стороны быть самою благородную почвою трудов русских миссионеров»[4], – деп көрсеткен танымына Ильминский Орынборда жүрген кезінде-ақ көзі жетіп, қазақ даласына біржолата бет бұрған болатын-ды. Осы себепті 1861 жылы ең жақын досы П. С. Савельевке жазған хатында: «Мен сізге бар сырымды айтайын, татарларды бұрынғыдай ерекше жақсы көруімді қоя бастадым, енді менің жүрегім түгелдей қазақтарға берілді. Бұдан былай менің құбылам Қазанға қарамай тіке Орал өңіріне ауады»[5], – деуінде оның түпкі мақсатына жетудің жолын танып бұрылуында да астарлы үлкен сыр жатыр.

Ресей империясм отарланған түркі халықтардың ішінде саны жағынан да, жері жағынан да басым жатқан қазақ елін идеологиялық жағынан игеріп алудың келешекте аса зор мәні барлығын, әрі халықты рухани жағынан құлдыққа түсірудің зор саяси маңызын білген Ильминский бұл өлкедегі ағарту мәселесін миссионерлік мүдде тұрғысынан пайдалануға жан сала кірісті. Бұл үшін алдымен қазақтарды татарлардың рухани әсерінен ажыратып бөлектеп, араб графикасы негізіндегі жазуының орнына орыс алфавитіне ауыстыру арқылы да екі араны ажырата оқшаулау – шешуші кілт деп білді.

Осы ойдың төркінін жете танып білген Ахмет Байтұрсынов: «Қазақ – діні шынығып жетпеген, шала мұсылман халық. Мұны мұсылман дінінен христиан дініне аударып жіберу оңай деген пікірмен, патша өкіметі казақ пен ноғай арасында жік салып, екеуін айырғысы келді. Оның үшін қазақ байлары ноғайша оқымай орысша оқитын боларлық саясат жүргізілді. Қазақ балалары үшін школ ашады, ноғайға қазақтың жазу жағынан сорпасы қосылмас үшін араб әрпін қалдырып, қазақ тіліндегі кітаптарды орыс әрпімен басады. Орыс өзіне тартып, ноғай өзіне тартып, екеуі екі жаққа сүйреп жүргенде, қазақ орыс әдебиеті арқылы Еуропа жұрттарының әдебиеттерімен танысады»[6], – деп, оқырманды көп нәрсенің сырына көз жеткізіп хабардар етеді.

Осы идеяларды жүзеге асыру жолында Ильминский бұл қызметтің сырын ашып, шиін шығармай атқаратын кісіні қазақтардың өз ішінен іздестіре бастады.

1861 жылы Ильминскийге профессор атағы беріліп, енді Орал, Сібір, Еділ, қазақ даласындағы отар халықтарды шоқыңдыру мәселесі тапсырылды, Ол алдымен татарларға арналған орыс графикасы негізіндегі жазудың жаңа үлгісін жасап, оны өмірге ендіру жолында әрекет етті. 1872 жылы Қазан университетіңдегі қызметін тастап, біржолата миссионерлік жолдағы қызметке ауысты. Бұдан бұрын-ақ яғни 1862-1867 жылдар аралығында-ақ татар тілінде жеті кітап шығарып, олардың бәрін де миссионерлік талапқа сай орыс алфавитімен жариялаған болатын.

1872 жылы Қазан қаласында миссионерлердің рухани орталығына айналған оқытушылар семинариясы ашылғанда директорлыққа Ильминский ұсынылды. Белгілі татар ғалымы А. Каримуллин осы мәселеге назар сала келіп: «...таким образом и подготовка кадров миссионеров перешла в руки самого Ильминского... здесь готовили для всех районов России», – деп арнайы атап көрсетуі арқылы Ильминскийдің миссионерлік жолдағы басты мақсатын ашып беріп отыр.

Ильминский 1881 жылы П. П. Масловскийге жазған хатында жалпы Ресей халқының санасы ашылуынан қатты сескеніп, әсіресе бұратана халықтардың өкілдері кадет корпусы, жоғары оқу орны мен орталық университеттердің есігін ашуынан қатты шошынды. Бұны тіпті моңғол шабуылынан да әсері жаман құбылыс деп таныған. Ол тіпті қарапайым халыққа таза бастауыш білім беріп сауаттандырудан да қауіптене бас тартып: «...в школах грамотность... орфография и грамматика совершенно излишни, а для инородческих школ вредко и убийственно», – деп арнайы түрде мән бере жазуы оның әлеуметтік, идеялық мақсатының ішкі сырын жалаңаштай түседі.

[1]               Кауфманский сборник. М., 1910, с. 140
[2]               Остроумов Н. П. Отчет Туркестанской учительской семинари за ХХV летие существования. Ташкент, 1904, с. 5
[3]               История изучения тюркских языков в России. М., 1982, с. 207
[4]               Астраханские Епархиальные Ведомости. 1890, № 8, 11
[5]               Кітапта: Вытебский В. Н. «Ильминский», Казань, 1892, с. 8
[6]               А. Байтұрсынов. Шығармалары. Өлеңдер, аудармалар, зерттеулер, Алматы, 1989, 262-б.

"The Qazaq Times"