«Хафиз, кенеттен жасы ұлғайған шағында, бұл мистик әрі данагөй өзінің көп жылды қ күш-жігерін сарп еткен еңбегінің жемісін тастап, енді жалындаған жасын қайратымен, ғарыштың жеті түрлі бояуымен құбылып, жәннәттің жерде жоқ хош иісіне бөленіп, махаббат жырларын жаза бастайды».

А. Феттің Хафиз туралы зерттеуінен

XVI ғасыр. Франция. «Плеяда» дәуірі немесе «Ронсар» заманы. Пьер Ронсар и Жоашен (Иоахим) дю Белле деген заманынан озып туған қос ақын «Плеяда» деген әдеби бірлестік құрды. Әдеби бірлестіктің басты мақсаты француз тілінің көркемдігін әлемге паш ету, ақындық үлгінің классикалық, романтикалық бейнелерімен астасып, француз поэзиясының асқақтығын, сұлулығын көрсету болды. Тіпті, француз ақындарының поэзияға деген асқан сезімталдықпен, үлкен құрметпен қарауының тағы бір үлгісі – ақынның сыртқы образы, киім кию мәдениетінің, талғампаздығының биік үлгісін асқақтату болды.

XXI ғасыр. Қазақстан. «Жаңа Қазақстан» дәуірі. Заманынан озып туған, классик ақын Заида Елғондинова бір өзі сұлу өлеңдерімен жыр бірлестігін құрады. Поэзияны шарықтатады, шыңға шығарады, қиял құсының қанатын көкке жаяды. Сюрреализмнің сиқырлы сырын жұмбақ жырына арқау етеді.

Тумысынан поэзия айдынында ерекше үнімен шалықтап, қазақ тілінің шұрайлы да ырғақты нәшімен кестелі жырдың көркемдігін оқырман қауымға зор ілтипатпен ұсынатын ақын Заида Елғондинова мәңгілік махаббатты жырлайды. «Тек махаббат туралы айтыңыздар! Ал қалған дүниенің барлығы түк емес!» дейді француздың ұлы ақыны Луи Арагон. Себебі, қазақтың «Қыз Жібек пен Төлегені», Шекспирдің «Ромео мен Джуллиетасы», үндінің «Махабхарата мен Рамаянасы», шығыс шайырларының дастандары қос ғашықтың махаббаты арқылы, адамзат баласының ұлы өмірге деген шынайы махаббатын бейнелеген.

Сөздеріңнің әр әрпі жасыл, қызыл, көк теңіздің иісімен,

Махаббаттың көктем даусы құлағымда сыңғырлап! 

Сенің шіркін, сымбатыңа, сымбатыңа сүйсінем,

Жүрегімде аласұрып, аласұрып мың ырғақ!

Көбелектің қанатында ұйықтағанмен мың сезім,

Ертегілер раушан гүлдің ернінде.

Мұндай бақыт, мұндай рахат сезінбедім, шын сөзім,

Басқа әлемге айналдым мен, өзің кіріп келдің де!

Сезім сергек, сана салқын,

Лебіңде мың ән бар!

Мен ханшайым, сен ханзада, махаббатпенжарасатын,

Беу, далада шуылдайды гитар тартып сығандар

дейді ақын Заида Елғондинова. Махаббаттың ерніндегі қасиетті сөз, киелі сөздің әрпі қызыл, жасыл түске боялған, тіпті, көк теңіздің иісі аңқып тұрады. Таңданбасқа шара жоқ! Мың сезім көбелектің қанатында ұйықтағанымен, таңғажайып ертегілер раушан гүлдің ернінде. Яғни, ақынның жырында таңды таңға ұрып, қиялғажайып әлемге жетелейтін ертегілерді гүлдер айтса, махаббаттың көктем даусы ақынның құлағында сыңғырлап тұрады. Артынша ақын «сезім сергек, сана салқын, лебіңде мың ән бар» деген тамаша өлең жолдарын келтіреді. «Лебіңде мың ән бар». Бұл сөздің астарында ашылмаған бір әлем жатқандай. Ақын ғашығының лебінен мың әнді естуі – ақын жүрегінің асқан сезімталдығын, ақын жырының мөлдірлігін, ақын сезімінің тереңдігін ерекше байқатады.

Ақын Заида Елғондинованың поэзиясын оқи отырып, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан қара өлеңінің биік үлгісін әлемдік поэзиямен шендестірген жаңа бір стильді көресің. 1863 жылы өмірдің прозасынан жалыққан Францияның жаңа дәуір ақындары бірлесіп «Парнас» әдеби ұйымын құрып, «таза поэзия» ағымына қайта оралғанда, «Поэзияның тілі Тәңірдің тіліндей асқақ, таза, биік» деген байламға келеді. Яғни, ақын Заида Елғондинова өзінің күллі ішкі жан-дүниесіндегі сезімін, әсерін, қиялын Тәңірлік тіл – бұлақтай таза, аспандай жұмбақ, күндей жарық поэзия тілімен бейнелеп, астарлап береді.  

Ал бірде ақын:

Ей, заман!

Тербеттім жырмен екі ғасырыңды!

Әлемнің махаббаты жүрегіме жасырынды.

Тербеттім тауды дағы, тасты дағы,

Шығардым тастай қатқан тас үніңді!

Өзен ғып дауылдаттым жыр ағынын,

Өсірдім жүрегімде махаббаттың бұла гүлін!

Отаным, сүйем сені бар-жоғыңмен,

Жүрекке тұмар қылған лағылым!

Жарқырап, жастайымнан күліп өстім,

Ақыным деп арқамнан қақты Күнім есті!

Жайлатып жаз жайлауда, асқақтаттым,

Мәңгілік махаббаттың гүлін ескі!

деп Отанына хат жазады. Ақын «екі ғасырыңды жырмен тербеттім» деген рухты ұранмен туған жеріне деген ыстық ықыласын жырмен жеткізеді. «Тербеттім тауды дағы, тасты дағы, шығардым тастай қатқан тас үніңді, өзен ғып дауылдаттым жыр ағынын» дейді ақын отты ырғақпен. Ақынның бұл жырынан ертеде қол бастаған, сөз бастаған, от ауызды, орақ тілді жыраулардың сарынын байқауымызға болады. Яғни, ақын Заида Елғондинованың қалам қарымынан лирикалық сарындағы жырлар қаншалықты қуатпен, тегеурінмен туса, өр рухты, берік ұстынды жасын жырлардың соншалықты сойы серпінмен, ерекше екпінмен туатынын тағы да аңғаруымызға болады. Ақын «Отаным, сүйем сені бар-жоғыңмен, жүрекке тұмар қылған лағылым» дейді. Отанға деген шексіз махаббатты бір өлеңге сыйдыру, әсте, үлкен ақындық қуатты қажет етеді. Ал, бұл ақындық рух, ақындық қуат пен екпін ақын Заида Елғондинованың отты жырларынан анық көрініс табады.

Ақын Заида Елғондинованың тағы бір ерекшелігі, ақын махаббатты табиғаттың тосын құбылыстарымен туыстыра отырып суреттейді. Мәселен, мына бір өлеңге назар аударып көрейікші:

Сенің отты жүрегің бұлттарды мәңгі  ыстық етті,

Менің отты құшағымда бұлқынады Күн елі.

Түнгі жұлдыз менің ғұмырымды күшті деп тұр,

Махаббаттың жер үстінде дүрсілдейді жүрегі!

Жасыл өскін жымияды желге еркелеп,

Толқындардың әуенінде менің ауа махаббатым тыныстап!

Аққу біткен шаттанады айдын шалқар көлге еркелеп,

Жұлдыздар жүр қуанышпен гүл ұстап!

Ақын жырындағы махаббаттың отты жүрегі суық бұлттарды ыстық етеді. Ал, ақынның отты құшағында Күн елі бұлқынады. Түнгі жұлдыз ақынға сөйлейді. Үн қатады, сырласады. Тіпті, ой кешеді. Махаббаттың жүрегі аспанда емес, жер үстінде дүрсілдейді. Жасыл өскін желге еркелесе, толқындар ән салады. Тіпті, аққулар көлге еркелеп, шаттанып жатса, жұлдыздар қуаныштан гүл ұстап жүреді.

Жұлдызды түн, жүрегімде қалды әнің,

Кімді, нені сағынамын, білмеймін!

Жарық беріп дүниеге менің сұлу таңдарым,

Алақанында Тәңірдің әр таң сайын гүлдеймін! 

Ұйқысырап жанарымда адамзаттың елесі,

Сол елесті қалғып-мүлгіп ұзақ таңға тербеттім!

О, тәңірім, гүл ғып жарат өмірімде келесі,

Құшағымда, құшағымда махаббат боп ержет, Күн! 

Ақын әр таң сайын Тәңірдің алақанында гүлдейді. Ал жанарында адамзаттың елесі ұйқысырайды. Ақын Тәңірден «келесі өмірімде гүл ғып жарат» дейді. Ақынның ыстық құшағында алып Күн махаббат болып ержетеді. Иә, ақынның нәзік те сезімтал жүрегі, бәлкім, заманның зілмауыр батпанынан запыс болған ба?! Әлде әлсізді әлді жеген қатыбас қоғамның алашапқын, аласапырынан нәзік жүрегін қалқан болған өлеңімен қорғайын деді ме?! Ақынның келесі өмірде гүл болып қайта туғысы келгені, әрине, ақын жүрегінің тереңінен жасырулы жатқан бір жұмб ақтың ұшпағын суыртпақтап шығарады.

Бүгін түнде көздерің мені сүймеді,

Бөтен болды жарқылы.

Сені сүйіп...күйді ернім,

Лақтырам!

Керегі жоқ!

Сезіміңнің сарқыны!

Бүгін түнде ұлы өзенге айналдым,

Көк теңізге ұмтылған!

Сен сүймеген айлардың,

Жырлары ғой жыртылған!

Айдың қаққан кірпігіне,

Көз жасымыз ілініп.

Қап-қара түн.

Шырпы кімде?!

Дірілдейді гүл үміт!

Ақын Заида Елғондинованың поэзиясында көздің суреттелуі өте ерекше құбылыс. Ақын қаламы сыр жасырулы жұмбақ жанардың ішіне сурет салады. Тіпті, сол жанардың нұрын өз жанарына көшіріп, әлемге сол жанардың нұрымен қарайды.   «Керегі жоқ! Сезімнің сарқынын лақтырамын» деп ақын тосын мінез танытады. Ақын өзін көк теңізге ұмтылған өзенге теңейді. Сүймеген айлардың жыртылған жырларына қарап, гүл үміттің дірілдегенін асқан шеберлікпен суреттейді. Ал өлеңнің ең ұтымды тұсы – Айдың қаққан кірпігі. Айдың қаққан кірпігіне қос ғашықтың көз жасы ілініп тұрады. Поэзия осындай терең образдармен, ерекше теңеулермен, құбылту, астарлау, биіктету, асқақтату, суреттеу, табиғатпен туыстыру іспетті  көркем тәсілдермен ерекшеленеді. Ал осындай поэзияның биіктігі, асқақтығы ақынның сыршыл жырларында айқын көрініс табады.

Сонымен қатар, ақын Заида Елғондинованың жырларында танымдық дүниелер өте көптеп кездеседі. Ақын поэзия тілі арқылы оқырман қауымның жүрегіне жол тартса, танымдық ойлармен оқырманның көңіл көкжиегін көкке өрлетеді.

Мінезімді тастап асқақ, өр, ағат,

Өзімді өзім топ ішінде даралап!

Ең соңғы рет ғашық болсам деп едім,

Белла* сынды жүрегімді жаралап!

Жолы қиын өлеңнің де, өнердің,

Уәжіме ойлап тұрсам сенер кім?!

Хафизді* енді жарты жолда қалдырып,

Жолын қуып кетсем білем Гомердің*!

Жетелейді, жібермейді өмір дөй,

Көлденеңдеп жүрер кейде көңілді ой!

Әрі-сәрі күй кешемін бұл күнде,

"Өлі жандарды" жазған сонау Гогольдей*...

Иә, ақын Белла сынды жүрегін жаралап, ең соңғы рет ғашық болғысы келеді. Тіпті, ғұмырының көп бөлігін диуаналыққа арнап, кейіннен махаббат ғазалдарына қайта оралған Хафизден бас тартып, ғасыр туған, дәуір туған Гомер ақынның жолын қуғысы келеді. Ал, енді бірде мистик жазушы Гогольдей әрі-сәрі күй кешеді. Ақынның бұл жырынан заманға сыймаған, қоғамға сыймаған сананың серпілісін, жүректің қарсылығын байқауымызға болады. Ақын басқа ғасырлармен байланысып кетеді. Ақын Хафизбен де, Хименеспен де, Лоркамен де, Белламен де сырласып кетеді. Ал жыр соңын:

Қайта келсем бұл өмірге қайтадан,

Көктем болып, көктем болып айтам ән!

Өмір деген  "Мың бір түннің" түсі ғой,

Өмір деген өзіңді өзің қайталау...

Тым тәкаппар, салқын қанды ғасырдан,

Жүрегімде қазынам бар жасырған

Шекспирді жоғалтудан қорқатын,

Ұлыбританияда өтіп жатыр, өтіп жатыр ғасырлар!

деп ерекше оймен түйіндейді. Ұлы махаббатпен, ұлы күннің алып нұрымен көктем болып ән айтатын ақын, өмірді «Мың бір түннің» түсі деп қабылдайды. «Өмір деген өзіңді өзің қайталау» деп философиялық терең ойға қанат бітіріп, ақын өзі өмір сүріп жатқан ғасырдың бейнесін «тым тәкаппар, салқын қанды» деп суреттейді. Өлеңнің осы бір сәл салқындау жолы көңілге қылау түсірсе, «Шекспирді жоғалтудан қорқатын, Ұлыбританияда өтіп жатыр, өтіп жатыр ғасырлар» деген жасындай жыр жолы оқырманды ерекше қанаттандыра түседі. Сөйтіп, ақын Заида Елғондинова өлең соңына «XIX ғасырда, яғни, 1858 жылы Үндістанды  ағылшындар жаулап алып, өздерінің корольдігіне қосып, той тойлап жатқан кезде, ағылшынның атақты жазушысы Томас Карлейль (1795-1881жж) ағылшын халқына сұрақ қояды: "Сіздер Үндістанды  жоғалтудан қорқасыздар ма, әлде Шекспирді жоғалтудан қорқасыздар ма?!" деп. Сонда ағылшын халқы: "Шекспирді жоғалтудан қорқамыз!" деп жауап береді...» деген тамаша оқиғаны келтіреді. Иә, байлық пен барлықты жоғалтудан қорықпай, Шекспирді жоғалтудан қорыққан халық – рухын жоғалтпаған халық! Ақынын құрметтеген қоғам, шынтуайтына келгенде, Асан Қайғының аңсаған жер үлегі «Жерұйығы», Томас Мурдың «Утопиясы» дер едім.

Ақын осы бір өлеңі арқылы қаншама мәнді де мазмұнды ақпарат беріп, рухани-танымдық азық алуға сюрреализмнің ерекше тәсілін құбылта отырып, астарлай отырып, жұмбақтай отырып, орасан зор еңбек сіңіреді. Бұл ақын Заида Елғондинованың қазақ поэзиясындағы Гималай шыңы!

"Аяғыңның астына қара, сүрінбе..." деген сөз естіп, қанша сүріндім,

Қанша бүліндім!

Хош иісі аңқып көктемде гүлімнің!

Қауызы қарс айырылып, дарақтың бұтағына іліндім!

Аяғыңның астына қарама деді, қарадым,

Аспанымда дара күн! 

Енді міне, ата-баба жолымен күнбатысқа барамын!

Бәрі-бәрі қарап тұрсам күлкілі,

Желге ұшты нәп-нәзік сол гүл тіні!

Ғұмырымды әлдилейді Ай, Аспан,

Тірлігімді әлдилейді жүрегімнің бүлкілі!

Иә, адам баласы күйкі тірліктің күйбеңімен алысып жүріп, аяғының астына қараумен уақыт аласапыранын өткізеді екен. Тіпті, тіршіліктің тынымсыз әуре-сарсаңымен жарық жанарын көк аспанға бір көрсетпей де кетеді екен. Ақын «ата-баба жолымен күнбатысқа барамын» дейді. Ата-баба жолы – ұрпағы қанша қашқанымен, қанша жаңалық ашқанымен, бәрібір қайтып оралатын даңғыл жол екенін ақын астарлап суреттейді. Бірақ, ақын өмірге, заманға, қоғамға күліп қарайды. Бәлкім, сол күлкінің астарында салмағы батпандай салмақты ой жатқанын бірі сезінсе, бірі сезінбейтін де шығар. Бірақ, ақын жүрегі мұны сезеді. Сезеді де:

Қағаз ғұмыр, қағаз тірлік, қағаз күн,

Сан тасынып, бұл өмірде ырғайдай боп сан аздың!

Тіршілікте мінәжатым өлең ғой, қанымменен жазылған,

Жүреді енді орнына ол мен үшін, бес уақыт намаздың!

Қағаз ғұмыр, қағаз тірлік, жас сәбидей ұмтылған,

Сары гүлдей сап-сары боп жыртылған!

Мен қағаз боп қалатын да шығармын,

Көкте шалқып, тебіреніп жыр Тұлғам!

Қағаз, қағаз, жер де қағаз, көп қағаз,

Жыртылады көк аспан да - көк қағаз!

Адамдарды жылататын қағаз көп,

Адамдарды жылытатын оттар аз...

деп адамзат баласының сан ғасырлар бойы санасын жәукемдеген көк қағаздың адамды сан жылатқанын, ал жылытатын оттың аздығы сан мұңайтқанын асқан шеберлікпен бейнелейді. Ақынның тіршіліктегі мінәжаты – қанымен жазылған өлең. Тіпті, бес уақыт намаздың орнына жүретін өлең ақынды жұбатады, жылатады, қуантады, қуат береді.

Ей, өзендер, жүгірмеңдер асығып,

Сен жүгірсең, қаламын ғой өте алмай!

Мен шайырмын жұлдыз кешкен тасынып,

Арманымды қуып жүрмін жете алмай!

О, жел! Уақыттың аяғына шалынбағын,

О, махаббат жолаушысы, шәй ішіп кет!

Сағындым сәуірімнің қалың бағын,

Самалмен тербелетін майысып көк!

О, Жұлдыздар, түсіңдерші аспаннан,

Сендер де түс, жарқыраған жаз күні!

О, көктемім, сал сәуірден басталған,

Оянсыншы, жапырақтың жадындағы

махаббаттың назды үні!

дейді ақын Заида Елғондинова. Ақынның жыры түнде Ай сияқты, күндіз Күн сияқты жарық! Алып нұрдан тұрады. Асығып аққан өзендерге тыншу айтып, уақыттың аяғына шалынып, сүрініп қалмасын деп желге жаны ашиды. Ақынның жұмбақ жүрегі жұлдыздарды аспаннан түсірсе, жапырақтың жадындағы, қайталап жазамын, жапырақтың жадындағы махаббаттың назды үнін оятады! Неткен сурет! Неткен бояу! Неткен шалқар сезім!

Осы орайда, ана құрсағынан бір туса, заман құрсағынан екі туған, «Феномен Феникс» атанған жыр алыбы Жамбыл бабамыздың жыр туралы осы бір жалынды сөзін келтірсек: «Жыр қалай туады дейсің бе? Ол ақын жүрегінің терең түкпірінде жаратылып, жұртқа жететін жол іздейді. Дүниедегінің бәрі де, тіпті аспандағы бұлттың жерге түскен көлеңкесі де жырға жейде бола алады; дүниедегінің бәрі де, тіпті ат тұяғының дүрсілі де жырға үн бере алады; дүниедегінің бәрі де, тіпті таңғы жұпар да, шүйілген сұңқар да, бәрі де жырға жан бітіре алады! Ал бірақ өлең бір туды екен, ол ақша бұлттар да биік самғайды, түмен-түмен тағалы тұлпарларыңның мың сан дүсірінен басым түсіп, осынау кең жазираға сыймай кетеді. Жат жұрттарға да өтіп, көрмеген елдердің көкейінде бұлбұл болып сайрайды...».

Иә, ақын Заида Елғондинованың әлемін біз қаншалықты түсіне алдық?! Өлеңнің астарында жатқан астарлы ойдың салмағын қаншалықты сезіне алдық?! Ақын мен өлең арасындағы байланыстың қуаттылығын қаншалықты түйсіне алдық?! Әсілі, сананы төстеп алған сауал көп. Алайда, Тәңірге «келесіде гүл ғып жарат» деп өлеңмен мінәжат еткен ақын Заида Елғондинованың күллі он екі мүшесін, алпыс екі тамырын шымырлатқан, жүрек түкпіріндегі өлең әлеміне бір қадам болса да жақындай түссек, қазақ поэзиясының алтын ғасырына бір құлаш болса да жақындай түсетініміз айқын болды!

​​​​​​​Аружан Биназартегі,
​​​​​​​өнертанушы