Нью-Йоркте орналасқан Журналистерді қорғау комитетінің хабарлауынша, кем дегенде 274 журналист қамауда отыр. Бұл – 2020 жылдың желтоқсан айындағы жағдай. Адам құқығы мен сөз бостандығы тақырыбында тәуелсіз Қазақстандағы ахуал да алаңдатарлық.
Комитет ұсынған мәліметтерде бесінші жыл қатарынан қамауға алынған журналистер саны 250-ден асады делінген. Тұтқындалған журналистердің үлесі – 13%.
Зерттеу жүргізу кезінде АҚШ-та мерзімін өтеп жатқан бірде-бір журналист анықталған жоқ. Бірақ 2020 жылы елдегі 110 журналиске қылмыстық айып тағылған. 300 журналист шабуылға ұшыраған. Тілшілерге шабуылды құқық қорғау органдарының қызметкерлері жасаған.
Тұтқындалған журналистердің үштен екісі терроризм немесе тыйым салынған ұйымдарға қатысы мемлекетке қарсы құқық бұзушылық бойынша айыпталып отыр.
Дүйсенбіде «Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымы осы жылдың желтоқсан айында 387 журналистің қамауда отырғанын мәлімдеген. Ұйым сонымен қатар, ақпан мен қарашаның соңында пандемияны жариялауға байланысты 300-ден астам оқиға тіркелген, 14 журналист қамауға алынған. Ұйымның пікірінше, көптеген елдерде коронавирустың таралуына қарсы төтенше шаралар журналистердің ақпарат жинау мүмкіндігін шектейді.
Адам құқығы мен сөз бостандығы мәселесінде Қазақстандағы жағдайға да тоқталып өткен жөн. Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымының биылғы «Интернеттегі еркіндік» (Freedom on the Net-2020) рейтингінде Қазақстан 100 баллдан 32 балл алып, «интернеті еркін емес ел» деп танылған. Ұйым Қазақстанды «интернет, әлеуметтік желілер және байланыс платформалары жиі бұғатталатын», «саяси, әлеуметтік және діни контенттер шектелетін», «блогерлер, құқық қорғаушылар, желі қолданушылар немесе билікті сынағандар жиі қудаланатын, жауапқа тартылатын, шабуылға ұшырайтын» елдер қатарына енгізген.
«Internet Freedom» жобасының мәліметінше, Қазақстанда 2014 жылы – 1300, 2016 жылы – 1150, ал 2019 жылы – 61 сайт сот шешімімен бұғатталған. Былтыр бұғатталған сайттардың дені «әлеуметтік араздық тудырды» деген айыпқа іліккен. Ал құзырлы орындар шешімімен 2016 жылы 31 мың, 2019 жылы – 21267 cайт бұғатталған, оның 17 мыңы – терроризм, діни экстремизмді насихаттағаны үшін шектеуге түскен сайттар.
Былтыр Қазақстанда 42 мыңға жуық сайт бұғатталған. Құқық қорғаушылар оның 80%-ы экстремизм мен терроризмді насихаттау бабы бойынша шектеу қойылғанын, арасында әлеуметтік желілердегі парақшалар мен жеке материалдар да барын айтады.