Қазақстан азаматтарын мамыр айында жеткізілуі тиіс болған Pfizer вакцинасымен уақытында қамтамасыз ете алмай, жоспардың бұзылуына жауапты шенеунік тәртіптік жазаға тартылды. Бірақ жазаның жеңіл түріне жалғыз кіші қызметкерге тағайындалуы Тоқаев сынының зілін аңғартқандай.
Қазақстан Үкіметі QT редакциясының президент Тоқаевтың жаздағы сыны мен тапсырмасы бойыншаекпені жеткізуге кедергі келтіріп, мерзімін кешеуілдеткен шенеуніктерге қандай шара қолданылғаны туралы сұрау хатқа жауап берді.
«Президент қатысуымен өткен 2021 жылғы 10 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысының № 21-01-7.13 хаттамасының 3.23-тармағын орындау бойынша Үкімет пен Президент әкімшілігі бірлесіп, Pfizer вакцинасын жеткізу мерзімдерінің бұзылуына жол берген лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту шараларын қабылдауы қажет болды», – дейді денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев жауап хатында.
Шілде айында Тоқаев Pfizer екпесіне берілген мүмкіндікті қолдан жіберіп алған шенеуніктерді сынаған. Осыған байланысты екі огран тексеріс жүргізген.
«Вакцинаны жеткізу мерзімдерінің бұзылуы себепті тәртіптік теріс қылық жасау фактісі бойынша «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңының 44-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрі-дәрмек саясаты департаменті директорының орынбасарына ескерту түрінде тәртіптік жаза қолданылды», – делінген ресми ақпаратта.
Ұлт саулығы мен президент сынына қатысты күрделі мәселе бес деңгейлі жазаның ең жеңіл түрін бір ғана лауазым иесіне шара қолданумен «шешілген». Шын мәнінде, Тоқаев алдын ала уағдаластыққа қол жеткізіліп қойған ауқымды шаруаның орта жолдан құрдымға ұшырауына кемінде бірнеше адам жауапты екенін меңзеп, «екпенің жеткізілуіне кедергі келтірген лауазым иелеріне шара қолануды тапсырған». Алайда іс жүзінде бір ғана адам жауапқа тартылды және оның аты-жөнін нақты көрсетпеді. Ол – министрлік қарамағындағы Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және стандарттау департаменті басшысының орынбасары. Маусым айының басында департамент директоры ауысқан. Ашық дереккөздегі ақпаратқа қарағанда, көктемде Ботагөз Сыздықова мен Руслан Әділханов директор орынбасарлары қызметінде болған.
Шілденің ортасында Тоқаев Үкімет пен Президент әкімшілігін ұлттық қауіпсіздік мәселесіне жататын вакцинамен қамтамасыз етуге кедергі келтірген немесе салғыттық танытқан шенеуніктерді жазалауға міндеттеген. Компания қойған талаптар барлық елдерге ортақ бола тұра Қазақстан Үкіметі тапсырманы орындай алмаған. Салдарынан жаздыгүні індеттің төртінші толқынында көп адам ауырып, көз жұмды.
Тоқаев «азаматтардың қалаған екпені салдыруына мүмкіндік беруіміз қажет» және «Pfizer вакцинасына қолжетімділік мәселесін қысқа мерзім ішінде шешу керек» дегеніне төрт ай өтсе де қазақстандықтарға батыс екпесін салғызу мүмкіндік туа қоймады.
Өндіруші мен Үкімет арасындағы келіссөз жүріп жатқалы бір жылға жуықтады. Екінші талпыныстан кейін тек қазан айында Pfizer екпесінің 4 миллион дозасын елге жеткізу бойынша келісім жасалған. Қазақстан Pfizer екпесі алдымен 12 жастан асқан балалар, жүкті және бала емізетін әйелдерге салуды жоспарлап отыр.
Ресми есепке сәйкес, 7 миллион 300 мыңнан аса адам толық вакциналанған Қазақстанда 2022 жылдан бастап шетелдік екпелер ақылы болмақ. Бұған дейін министрлік тегін ПТР тестінің аясын тарылтқан. Қараша айында Pfizer екпесі келуімен қатар биылдың өзінде жүзмыңдаған адамға арналған ревакцинация науқаны басталады.
Қоғамда қазір салынып жатқан екпе түрлеріне күмәнмен қарайтындар әлі күнге дейін Pfizer өнімін күтіп жүр. Елде АҚШ-Геремания ғалымдары бірлесіп дайындаған екпені қалайтын азаматтар аз емес.
Pfizer/BionTech — ДДСҰ пен Еуропа пайдалануға рұқсат еткен және алғаш мойындалған вакциналардың бірі. АҚШ-тан шығатын бұл екпенің тиімділігі 95 пайыздан асады.