Сенбі күнгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Тоқаев Pfizer компаниясының мамыр айында Қазақстанға 2 млн доза вакцина жеткізу жоспары шенеуніктердің кесірінен іске аспағанын мәлімдеді.
«Қазақстан үшін бөлінген Pfizer вакцинасын жеткізу тоқтатылды», – деді президент.
Ол өзара жасасқан келісімшарттар аясында Pfizer мамыр айында 2 миллион доза жеткізуді жоспарлағанын нақтылады. Былтырғы «маусым-шілде қырғынына» жол берген, биылғы қымбатшылықтың рекордтық деңгейге өсуін тоқтата алмаған Асқар Мамин мен оның минкабині халықтың батыс екпесін алу мүмкіндігін дер кезінде жүзеге асыра алмаған.
«Үкімет жоспардың орындалмау себебін Pfizer ұсынған препаратты жеткізу талаптарымен байланысты түсіндіреді. Алайда талап-стандарттар вакцинаны сатып алған елдердің бәрі бірдей-ортақ болды. Жақында компания тарапынан жаңа ұсыныс келіп түсті, онда барлық әрекеттер алгоритмі көрсетілген. Президент Жарлыққа қол қоюы керек дейді. Егер қажет болса, мен бұған дайынмын», – деді Тоқаев.
Оның айтуынша, «дәл осы вакцинаны алғысы келетін азаматтарға мүмкіндік беру керек».
«Мәселені қысқа мерзімде шешіп, қазақстандықтар үшін Pfizer вакцинасын қолжетімді ету керек» деп Мамин мен минкабына тапсырма берді. Сондай-ақ, Президент әкімшілігі мен Үкіметті ұлттық қауіпсіздік мәселесіне жататын вакцинамен қамтамасыз етуге кедергі келтірген шенеуніктерді жауапқа тартуды міндеттеді.
Пандемия басталғалы 508 мыңнан аса адам (451 мың КВИ+, 57 мыңы КВИ-) ауырды және жалпы вирус жұққандардан 10 462 адам (КВИ+ 4609, КВИ- 3486, ілеспе аурулардан 2367) қайтыс болған. Қазақстан сырқаттар саны бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 44-орында тұр.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 2 млн 389 мың адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған. Елде ресейлік «Спутник V» екпесінен бөлек, отандық мамандар жасаған QazVac, Hayat-Vax (Қытай-БАӘ), Sinopharm вакцинасы салынды.