Қоғамда Алматы қаласындағы аудан әкімдіктері жүргізетін карантин ережесінің сақталуын қадағалау және Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің әкімшілік жауапкершілік тарту жұмысы «қос стандартты» сипат ала бастағаны жөнінде пікір қалыптасты. Себеп айлап «қызыл аймақта» тұрған қалада қаулыға қайшы өтіп жатқан түрлі қоғамдық жиындарға қатысты жауапты органдардың реакциясы мен қабылдайтын шешімі бірізді емес. Қалалық СЭБД тойға ұқсас жиын өткізген Әлия Назарбаеваның тұсаукесер кешіне заңдылық жағынан баға беруге негіз болатын материалды Алмалы ауданының әкімдігі екі аптадан бері жолдамай отырғанын айтады.
Алматы қаласы ӨКҚ алаңында өткен брифингте Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының (Жандарбек Бекшиннің) орынбасары Сәдуақас Байғабылов екі апта бұрын карантин кезінде Әлия Назарбаева өткізген мерекелік кештің заңдылығы мен саннорманың орындалуы жөніндегі сұраққа жауап беру үшін Алмалы ауданы әкімдігінің мониторинг топтары материал жолдауы қажет дейді.
– Карантин шектеулерін бақылауға арналған алгоритмде жауапты түрлі мекемелердің құзіреті айқындалған. Жергілікті атқарушы органдар құрған мониторинг топтары тексеріс барысында арналған ережеге қайшы фактілерді тіркеп, оны тиісті аудандық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолдайды. Басқарма өз кезегінде материалды зерделеп, әкімшілік шара қабылдап шешім шығарады, – деді
Департамент басшысының орынбасары аталған сұрақ бойынша тілшілерді екі апта бойы Алмалы ауданының әкімдігіне жүгінуге кеңес беріп келеді. Ол бұл жолы да оқиға туралы факті Алмалы ауданы әкімдігі мен ондағы мониторинг топтың кемшілігінің себебінен басқарма қауына келіп-түспегенін растады.
«Алмалы ауданы әкімдігі жанынан құрылған мониторинг топтары тарапынан аталған жағдайға байланысты жиналған материалдар мен тесеріс туралы ақпарат әлі күнге дейін аудандық басқармаға келіп түспеді», – деді Сәдуақас Байғабылов.
Редакция хабарласқан Алмалы ауданы әкімдікгінің баспасөз қызметінің өкілі Айнұр Серікқызы мәселе «құзырына кірмейтінін» айтып, десе де ресми жауап дайындалып жатқанын жеткізді.
16 қыркүйекте кешкісін бірнеше айдан бері эпидахуалдың тұрақсыздығынан «қызыл аймақтан» қалып қойған Алматыда карантин кезінде Қазақстандағы басты «билік әулетінің» белгілі мүшесі Әлия Назарбаева кітабының тұсаукесерін өткізген.
Індеттің төртінші толқыны әлі басыла қоймаған шақта қоғамдық шара өткізуге тыйым салынғанына қарамастан (оған дейін сенбі күні, 11 қыркүйекте Медеу шатқалында таза ауада топ болып жүгіруге де тыйым салынған) Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында ондаған адам қатысқан мерекелік кеш өтті. Назарбаева қоғамға белгілі тұлғалар шақырылған той форматындағы атышулы тұсаукесердің сол кездегі қаулыға сәйкес мәдени нысандар қатарында театрларды «30%-ға дейін толтыруға болады және Ashyq жүйесі жұмыс істейді» деген талабын уәж ретінде алға тартты.
Бірақ қыркүйек айының ортасында күшінде болған қаулыда театрларда той-мерекелік кеш я банкет өткізуге болатыны жөнінде функционалды бағытын кеңейтетін мүмкіндіктер көрсетілмеген. Мемлекет реттеуіндегі театр арнайы сахналық қойылым тамашалауға арналғаны белгілі. Бас санитар-дәрігер Жандарбек Бекшиннің 2 қыркүйектегі №28 қаулысына сәйкес, тап сол сәтте ресторандардағы бір мезетте 50 адамға дейін ғана қабылдауға рұқсат етілген еді. Мұндай жағдайда көп қонақ күткісі келетін «той иесіне» 50 шақты орынмен шектелетін рестораннан гөрі сыйымдылығы үлкен болатын театр залының 30%-ын жалға алу тиімдірек екені белгілі.
Билігі аса ықпалды экс-президент Назарбаевтың кенже қызы «Место силы» кітабының тұсаукесер тойы өткенде Алматыда республика анықталған күнделікті кейстердің ширек бөлігі анықталып жатты. Қалада пандемия басталғалы 165 мыңнан аса адам ауырған, оның 10 мыңға жуығы қыркүйек айының алғашқы жартысында тіркеліп үлгерген еді.
Осыған дейін департамент Алматы қаласында өткен бірқатар жиын қатысушылары мен ұйымдастырушыларын түрлі көлемде айыппұлға кесіп, әкімшілік жауапқа тартқан. Департамент дерегінше, жыл басынан бері 675 заңды тұлғаға 236 млн, тағы 5457 жеке тұлғаға 240 млн теңге айыппұл көлемінде хаттама толытырылған.