Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның Facebook пен Instagram желісіндегі парақшалары 13 қаңтар кешкісін жоғалып кетті деп жазды Орталық Азия жаңалықтар қызметі.

Ол осы күні түске таман желідегі парақтарында елде наразылық пен одан кейін болған дүрбелең жайлы пост жариялаған еді. Назарбаеваның жазбасының астында жұрт негатив пікірлер жаза бастаған.

Назарбаева постында болған жайтты "қайғылы оқиға" деп, қаза тапқандардың отбасына көңіл айтқан. Ол түрлі аймақтан тұрғындардың әкесін қолдап, хабарлама жіберіп жатқанын атап өтіп, "моральдық қолдау үшін" алғыс білдірді.

Кейін Qumash telegram-каналы Әлия Назарбаеваның парақшасының қазіргі жері Біріккен Араб әмірліктері екенін жазған.

Қазақстанда қаңтардың басында сұйытылған газ бағасы қымбаттаған соң басталған наразылықтар шамамен бір аптаға созылды. Наразылық кезінде жұрт президенттіктен кетсе де билікке ықпалын сақтап қалған 81 жастағы Назарбаевтан орнын босатуды талап етіп, "Шал, кет!" деп те айғайлады.

Назарбаев 28 желтоқсаннан бері жұрт алдына шықпады және елдегі жағдайға қатысты ешқандай пікір білдірмеді. Оның баспасөз хатшысы Назарбаевтың Нұр-Сұлтанда екенін, Қауіпсіздік кеңесі төрағалығын қазіргі президент Тоқаевқа өз еркімен бергенін жазды.

5 қаңтарда Тоқаев Қауіпсіздік кеңесі төрағалығын өз қолына алған еді.Ол елдегі наразылық басталғалы Назарбаев жайлы бір рет ғана айтып, "бірінші президент тұсынды табысты компаниялар мен бай адамдар тобы пайда болды" деді.

Қазақстанның қазіргі президенті утилизация алымын жинайтын "Оператор РОП" компаниясының жұмысын тоқтатуды бұйырды. Бұл компанияның Әлия Назарбаеваға қатысы бары айтылады.

Әлия Назарбаева Тоқаевтың компанияны жабу туралы сөзіне ешқандай пікір білдірмеді.

Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева 12 қаңтардағы мәжіліс орнына қатыспады. Көмекшісі жергілікті басылымдарға оның "коронавирус жұқтырғанын" айтты.

Елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев ҰҚШҰ-дан әскери көмек сұрады. Ресей бастаған ұйым Қазақстанға мыңдаған сарбаз жіберді. ҰҚШҰ әскерилері 13 қаңтардан бастап елден шығарыла бастады.

Сарапшылар Тоқаев шетелден әскер кіргізу арқылы элитааралық күресте билігін сақтап қалды деп санайды.