Қазақстанның азаматтық қоғамын жиі толғандыратын мәселе «саяси тұтқындарды» босату тақырыбы. Ел арасында «билік қысымының» символына айналған диссидент-ақын Арон Атабекті босату жөнінде қол жинау аяқталғаны, бұл құжат Ақордаға «Еститін мемлекет» құруды көздейтін президент Тоқаевқа жолданғаны хабарланды.
Белгілі құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның Facebook желісіне жариялаған жазбасына қарағанда, Арон Атабекке рақымшылық жасау туралы хатқа бес күн ішінде 2,5 мың адам қол қойған. Ол аталған хатты 20 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдағанын мәлімдеді.
Осыдан 15 жыл бұрынғы атышулы Шаңырақ оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған диссидент-ақын Арон Атабекке рақымшылық жасау туралы хатқа қоғам арасында қол жинау науқаны өткен аптада басталған. Оған дейін биыл қыстан бері белсендіні босату туралы жазушылар-әдебиетшілер бастама көтерген.
Бұған дейін, Қазақстанда Ұлттық алдын алу тетігі (ҰААТ) қатысушылары түрмеде Арон Атабекпен жолығып, халінің нашар екенін айтқан еді.
«Алдаспан шайыр, адам хақының қайсар күрескер ары» ретінде ардақталатын Атабек 2006 жылғы «Шаңырақ» оқиғасынан 18 жылға сотталған. Билік оны сол оқиға кезінде қаза тапқан полицейдің өліміне кінәлі деп тапқан. Құқық қорғаушылар үкімнің негізсіз екенін айтып, оны «саяси тұтқын» деп таныған.
Құқық қорғаушы сарапшылар кеңесінің есебінше, босап шыққандарды есептемегенде қазір елде 23 саяси тұтқын абақтыда жазықсыз жазаланып жатыр. Халықаралық ұйымдар Ақорда мен «Еститін Үкіметті» азаматтардың хақын құрметтеп, адам құқығын қорғап-сақтауға жиі шақырады, тіпті екпінді ескерту де жасайды. Дегенмен елде саяси-азаматтық көзқарасы берік жандар түрлі себеппен көп жауапқа тартылады.