24 қазан кеште бір айдан аса уақыт жансақтау бөлімінде жатқан ақын диссидент Арон Атабек қайтыс болды. 

Түрмеден шыққаннан кейін Азаттық тілшісіне берген сұхбатында өзін «Мен қазақтың самурайымын, соңына дейін күресем» деген қазақтың қайсар ұланының жүрегі ұзақ уақыт түрмеде көрген азабының салдарынан ақыры тоқтады.

20 қазанда Аронның қарындасы Рәзия Нутышева ағасының жағдайының нашарлап жансақтау бөліміне түскенін хабарлаған.

2006 жылғы Шаңырақ оқиғасына байланысты 18 жылға сотталып, соның 15 жылын тар қапаста өткізген Аронды өткен 1 қазанда Павлодар соты денсаулығына байланысты қалған үш жылын шартты жазаға өзгертіп түрмеден шығарған. Ал Атабек өзін толық ақтамайынша «денсаулық жағдайна байланысты» босатуға қарсы болған.

Аронның түрмеден босатылуы туралы біраз қоғам белсенділері «Билік Арон түрмеде өліп қалатын болса, халқаралық адам құқықтарына қатысты ұйымдар мен бірге ел азаматтарының да наразылығына тап боламыз» деген үреймен босатты деп санайды.

Бақұл бол қазақтың самурайы! Қош бол тасқа шапса қайтпайтын қайқы қылышы! Жаның жәннаттан болсын! Алла тағала өз панасына алсын!

The Qazaq Times