Қазақстанда үштіктің ауыс-түйісі үш күнге созылды. Әкім – министрлер – орынбасар триадасы арасында өрбіген кадрлық тағайындау жүрісі «реформашыл» «Еститін биліктің» ескі дәстүрінен жаңылмағанын көрсетті.

Маңғыстау облысындағы қуаңшылық жұтқа айналған шақта шаруалар тарапынан мәселеге дер кезінде әрекет етпеді деп көп сыналған өңір әкімі Серік Тұрымов лауазымынан босатылған бойда Парламент Сенатынан орын алды. Аймақтағы жарты ғасырда болмаған ауыр ахуалды Төтенше жағдай ретінде жариялауға лайықсыз көрген жергілікті атқарушы билік басшысы қоғам сынына қарамастан президент Тоқаев жарлығымен сенат депутаты атанды.

57 жастағы Серікбай Тұрымов 2019 жылдың маусымынан 2021 жылдың қыркүйегіне дейін Маңғыстау облысын басқарды. Кәсібі бойынша инженер-құрылысшы.

Ал оның екі жыл отырған қызметіне, яғни Маңғыстау облысы әкімі шеніне экс-энергетика министрі Нұрлан Ноғаев тағайындалды. Қазақстандағы кадрлық ауыс-түйістің жазылмаған заңына сәйкес, басшының орнын орынбасары басады, сондай-ақ басшы жоғары жақтың пәрмен күшімен «шегіртке шенеунік» кейпінде өзіне бейтаныс кез келген салаға ауыса береді. Ноғаев басқарған ведомствоға күні кешеге дейін экология министрі болған Мағзұм Мырзағалиев барды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі ретінде әдеттегідей осыған дейінгі вице-министр 48 жастағы Серікқали Брекешов келді.

Брекешов 2020 жылдың наурыз айынан бері экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі болған. Оның алдында «ҚазТрансГаз» компаниясында түрлі қызмет атқарған. Мұнай-газ кеніштерін игеру саласында маманданған.

Азаматтық қоғам мен тәуелсіз саяси сарапшылар қазақстандық дәстүр бойынша қосылғыштардың орнын ауыстырғанымен, қосынды мәнін өзгертпейтін мұндай кадрлық тағайындау әдісі нәтижесіз екенін жиі сынайды. Десе де министрлек кабинеті мен аймақ басшыларын тағайындау тек билік шыңында шешіледі, халық талабы мен пікірі ескерілмейтін заңдылық бұрынғыша өзгеріссіз қалып отыр.

The Qazaq Times