Жаздыгүні жайылымда қоңданатын малды қолға қаратқан, қораға қаматқан биылғы қуаңшылықтың ақыры оңтүстік-батыс өңірлерде жұтқа айналды. Аграрлы бағдарды бетке алған Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңындағы нәубеттің кесірінен шығын, жем-шөп қамдау, мал шаруашылығы саласындағы түйткілді мәселелер, оны шешу жолы, ресми деректердегі қайшылық жөнінде сарапшылар мен Маңғыстау шенеуніктерінің пікірнамасын назарыңызға ұсынамыз.
Жарты ғасырда болмаған жұт
Маңыстаулық белсенді Жәнібек Қожық «биыл бір не жарты ғасырда болмаған жұттың жайлағанын» айтады.
«Жыл сайын Маңғыстауда қуаңшылық болады. Бірақ әзіргі 54 жасыма дейін тап мынадай көктемде жауын түспей, жер жаппай көгермей қалған жағдайды алғаш көруім. Мұның мың сан себебі болар. Каспий кемерінен кеміп, оған құятын Еділ мен Жайық ортайды, Арал тартылды. Үкімет мұның қандай боларын білді. Алайда олар жаманын жасырып, жақсысын асыруға мейлінше құмар» дейді.
Бұрын есепші дегеннің болғанын алға тартқан оның пікірінше, қазір Үкімет бұған балама функцияның үдесінен шыға алмай отыр.
– Есепші әзелден әлдебір жердің аужайын алдын-ала болжап, шаруаларға нұсқау беріп отыратын. Қыс түсерін күні бұрын бағамдап, малды ой-қыстауға ертерек құлатыңдар дейтін.
Қазгидромет және ТЖД мекемелері алғашында билік жіті мән бере қоймаған, кейіннен мал арып, қырғынға ұласқан әлеуметтік-шаруашылық трагедияны «төтенше жағдайға» келіңкіремейді деп бағалады. Әлі де сол көзқараста.
Өңір табиғатына біраз тоқталған Маңғыстау ауданының мәслихат депутаты Бердімұрат Төрекен «Маңғыстау әуелден қуаңшыл аймақ, жауыны азайып кеткелі қашан. 1991 жылға дейін су тапшы болып көрген емес, қанша малы бар бірнеше совхоз орталығы болса да үйлестіріп су жеткізді. Бітелген құдық фонтандар ашу үшін арнайы геофизикалық орталықтар болған. Оның бәрін егемендік алған соң тоз-тоз қылып жаптырды» дейді. Ресей Еділ суына лимит енгізіп, мөлшерін азайтып жіберді. Жолдан каналдар қаздырып тартып алды. Оның айтуында Қазақстан келісім-шарттары дұрыс жүргізілмеген. Тоқырау боп кетті.
«Ең бастысы, қазіргі мәселе – жауын-шашыны аз облыста су көздерін ашу, жайылымдарды үйлестіру мүлдем жоқ. Дәлелдеп дабыл қақтық, еш қимыл жоқ, жергілікті әкімшіліктер жем-шөп деп келіссөз-құжатпен айналысып кетті. Ал мал басы қырылып жатқанда шығынды көзбен көрерге ешкім табылмады. Өйткені шын ниетті жанашырлық жоқ. Соның салдары осыған әкеп соқты», – дейді депутат.
Жем-шөп мәселесі
Шаруалар мен сарапшылардың айтуынша, жем-шөп қамдауда қордаланған мәселе аз емес.
«Республика бойынша өзен я көлі жоқ, егінге бейінсіз жалғыз өңір – Маңғыстау. Сондықтан мұнда шөп дайындау қиын. Мардымсыз қордың өзі қамбада былтырдан қалған күйіңкі шөптің сабақтары. Оның өзін қолы жеткендер ғана шауып талғажау етуге мәжбүр.
Амал ретінде қуаңшылық мінезі Маңғыстауға ұқсас Израиль тәжірибесіне сүйеніп, тамшылап суаруды шындап қолға алу керек. Әр құдықтың басынан бір-бір гектар болса да жүгері, жоңышқа сияқты дақыл-шөпті жылына екі мезгіл егуге болар еді. Дегенмен бұл бізде аяқсыз қалды» дейді сарапшы Жәнібек Қожық.
Көктемде мал өнім бермей, көтерем болып, төлдей алмады деген Бердімұрат Төрекен жазғы қуаңшылықтан шығу жолдары көп дейді. Оның ұсынысына қарағанда, көрші облыстың жері жақсы ауданымен ертерек келісім-шартқа отырып, малды сол жаққа жеткізуге жұмыстану керек еді. «Мал санын және жанын сақтап қалудың екі жолы бар: малды үлкен жүк көліктерімен тасымалдап жеткізу және алға салып, айдап жеткізу. Жергілікті атқарушы органдар қажетті водавоз және мал айдаушылар аялдап-тынығатын жүрмелі вагондармен қамтуы қажет-тін. Ол да болмады» деп өкінеді.
Кезінде ауыл шарушылығы министрлігінде істеген журналист Жасұлан Әбдіхалық жем-шөп қорын дайындаудың жүйесі болмаған дейді.
– Әр жеке шаруашылық шама-шарқынша қолдағы малына қарай бір жылдық қана азығын даярлайды. Онысы көкөзек көктемге там-тұмдап жетіп, көкке ілінсек деген ілдебай үміт. Бір жағынан әбден дұрыс. Біреудің жекеменшік малы. Керек болса даярлап алсын деген тоңтеріс пікір. Ал бірақ қазір қолымызға орақ алып, ақынымыз бар, әкіміміз бар шөп іздеп сандалып кеткеміз жоқ па?
Жұттан шығар жолдың бірі – ұжымдасу дейтіндердің қатарында сарапшы Әбдіхалық «осыны жыл сайын әдетке айналдырып, шаруашылықтар кооперативтерге, ұжымдарға бірігіп, бірінің жоқ техникасын екіншісі жауып, бірінде жоқ жұмыс күшін екіншісі тауып, жем-шөп науқанында әуп десе, жұттан жүгіріп өтер едік. Ол үшін оны үйлестіретін, шаруаларды ортақ ұжымға ұйыстыратын, қажетінше техникамен қамтамасыз ететін есі дұрыс жергілікті әкімдер керек. Шырылдап жүріп азық даярлататын ақ адал атқамінерлер керек. ...Мырзахметов министр болғанда осы кооперативтерге біріктіру, көп жылдық мал азығын даярлау ісін арнайы бағдарламаға енгізіп жұмыс бастаған. Әдеттегідей келесі келген министр бұл істі жалғастырмады» дейді.
Жеткізбес шын шығын: Әкімдік шығынды кемітіп көрсетіп отыр
«Ұлы дала» төсін жайлаған жұттың шын шығыны төңірегінде дау көп. Белгісіздік, қайшылық, тиянағы жоқ. Себебі осыған дейінгі жүргізілген саясаттағы кемшілік: тіркеу жүйесінің жүйесіздігі, есептің тұрақты түрде жаңартылмауы, шаруамен тікелей байланысу тетігінің жоқтығы т.б.
– Көп адам малының тізімін бермейді, есебін өткізгеннен ұтары, көрген қызығы жоқ. Себебі қолындағы екі-үш сиыр-түйесінің нәсібін мәлім етсе, алып отырған түрлі жәрдемақысынан айырылып қалады. Олай болмағанның өзінде, осы отыз жылда билік малын сырғалатқан шаруаның ешбіріне жауын не аурудан қырылса да ештеңе беріп көрмеген. Осы себепті жұрт түлігін тіркетуге құштар емес, – дейді Жәнібек Қожық.
Оның сөзінше, малы арып-тозып арам өліп жатқандар көп. Мың жылқысы барлардың өзінен «бірер жүзі кетті».
– Жұрттың арасында отырған соң бәрін көріп-біліп отырмыз. Бірі менен бес, он жылқы, тағы біреуі жалғыз сиырым өлді деп айтады. Жолдың бойында әр жерде теңейіп-теңкейіп жатқан жылқы баласының өлексесі жатыр. Ешқандай көмек болмағасын жұрт Үкіметке шығынының анығын айта бермейді.
Сарапшы егер Үкімет бүркемей төтенше жағдай жарияласа, елден өлген малының фотосын сұратып, шығынның 10%-ын төлейміз десе, арнайы комиссия қарастырса, шығынның шынайы есебі белгілі болар еді деп пайымдайды. «Былтыр да қуаңшылық азабы сүйекке өткен. Күйсіз мал көктем шыға төлдеді, құлыны сорды, әбден әлсіреді. Қырылған малдың санын нақты айту қиын». Ол есептің бірізді болмауы «әкімдіктің санақты азайтып көрсетуінен» деген пікірде.
Бұл ойды депутат Төрекен де қуаттайды. Көрер көзге ауыл шаруашылығы министрлігі мен өңірлік басқарманың, жергілікті әкімдік орынбасарлары ұсынған мәліметтері «тіптен өтірік» деп санайды.
«Өйткені әлі күнге дейін ешкім ел аралап көзбен көрген жоқ. Келді-кетті... аты ғана. Барған жерлері – аздап болса да соңғы жаңбырдан шетін шөбінің қылтимасы бар лекер жанданып келе жатқан малшы ауылдарға барып қайтты. Ал басқа шалғай ауыл-жерлерді көрген жоқ. Сондықтан жариялаған дерегі жалған», – дейді қоғам белсендісі.
Қуаңшылық тек Маңғыстау мен Қызылордада болып жатыр десек қателесеміз, онда тек асқынып көзге түсіп отыр деп есептейтін Жасұлан Әбдіхалық билік шығынды «тағы да азайтып көрсететін әдетіне басар» дейді.
Билік ТЖ режимі лайықсыз деп санаған алапат қырғын
Үкімет пен әкімдік сылбырланып, ТЖ жариялауға ертерек деп жүргенде шығын көлемі ұлғайып барады. Қазақстан халқы әдеттегідей басына күн туған шақты өз арасында жылу жинап, шөп орысып, орама шөпті артысып атсалысып жатыр. Еріктілердің маңдай термен жиған буын-түйін шөбі де «жауаптылар мен шенеуніктердің әрекетсіздігінен уақытылы жөнелтілмеді» деген сын көбейді. Жүйедегі үйлесімсіздіктің себебін Үкіметтің шығындалғысы жоқ деген уәжбен байланыстырады.
– Басты себеп – төменгі атқарушы органдар мен әкімдіктер жоғарыға жалған-жалтақпай ақпарат бергендіктен, үкімет басындағылар дәлелсіз деп Төтенше жағдай жариялаудан бас тартты. Ал ел ішінде мынадай жағдайды көзбен көріп отырып, жем-шөбін жеткізуге ниетті ерікті-асаршыларға көмектеспеу – мемлекеттегі жемқорлық пен биліктің ашкөздігі деп түсінем. Бір жанашыр министрлік болмағаны ма деп күйінем, – дейді Бердімұрат Төрекен.
Алапат қуаңшылықтың бар себебін табиғаттың тосын мінезіне тели салуға болмайды, мұны ғылым күні бұрын дабылдатты, оны естір құлақ табылмады деген Жасұлан Әбдіхалық үкіметтің сылбырлығына наразы. Оның ойынша, салдармен күресуге әдеттенген үкімет «баяғыша енді оянып жатыр», көзін аша «өзгермес тәсіліне» қол сілтеді.
– Мал шығынын есептейді, субсидия бөледі, бірді-екілі министр шапқылап облыс аудандарды аралап шығады, сонымен шіреніп тұрып есеп береді. Елдің жинаған шөбін, пойызбен тасып соны «біз істедік, бірдеңе істедік» деп ақпараттандырып жатқандарының өзі күлкілі, – дейді депутат.
15 шілделе Маңғыстауға жұмыс сапарымен барған министр міндетін атқарушы Ерлан Қарашөкеевтен сарапшылар мен шаруалар дереу ТЖ жариялау керек екенін ескерткен.
«Қазір әрекет етпесе, ертең күзде мал жаппай қырылып жатқанда бәрібір осы режимді енгізуге тура келеді. Бірақ ол кезде кеш болады. «Қыс келеді қырымнан, қамыңды жаса бұрыннан» дегенді айтудай-ақ айттық. Баяғыдан қалған бір тәмсіл бар. Қалың орман өртке оранғанда аузына бір тамшы суды арқалап қызыл жалпыға беттеген құмырсқаға бір періште келіп, әрекетінің мәнін сұраған екен. Сенің мына ісіңнен өрттен беті қайта қоюы екіталай ғой дегенде құмырсқа қарекет сенен, берекет құдайдан, өсіп-өлген өлкемді мынадай сынаққа қалай қиып тастап кетем деп жауап беріпті. Осыдан соң табиғат жомарттығын танытып, үш күн-үш түн жауып төгіп, осылайша орманның басым бөлігі аман қалыпты. Сол сияқты ел арасынан шыққан атымтай азаматтар, соның ішінде Құрмет Талапқазыдай жігіттердің әрекеті Маңғыстаудың бар малын жарылқай қоймас, дегеннен қазақ халқының бірлігін, елдігін тағы да паш етті» дейді Қожық.
Қоғам қайраткері жалпыхалықтық асарға қарапайым азаматтар ғана емес, ірі кәсіпорындар, соның ішінде батыстағы мұнай компанияларының атсалысуы қажет деп есептейді.
«Өңірде жарты ғасырдан аса қара алтынды есепсіз өндіріп келе жатқан ірі мұнай компаниялары еріктілерден үлгі алып, қол ұшын созуы керек. 60-шы жылдан бері мұнай сорғылаумен айналысатын мекемелер МаңғыстауМұнайГаз, Қаражамбас, ӨзенМұгайГаз, Қарақұдық пандемияның өтінде бір баррелі 25$ болып тұрған кезде де жұмысшыларын ұстап тұрды. Қазір табысы қалпына келіп қана қоймай, еселеп өсіп, 75$-ға жетті. Қарапайым халық құмырсқадай көмектесіп жатқанда ұрты майлы компаниялар қарап қалмай, аянбай атсалысуы қажет. Халықтың арқасында қазанын қайнатып отырған, көптің күні қараған Қазақстан Теміржолы еріктілердің жылуға жиған жем-шөбін шалқайып жатпай, вагонына тегін тиеп, ақысыз жеткізіп бергені жөн», – дейді.
Министр Қарашөкеев 12 тамызда өткен брифингте «өңірде қатты құрғақшылықтың әсерінен жайылымдардың сарқылуы жүріп жатыр, ал бұл тәуекелдер деңгейін арттырды» десе де, Казгидромедтің ауа ылғалдылығы мен топырақтың ылғалдығы жайлы ақпарат-тұжырымына иек артқан облыстағы ТЖД бастығының уақытша міндетін атқарушы подполковник Бекболат Әбдіқадыров ТЖ жариялауға негіз жоқтығын айтады.
Тығырықтан шығар жол
Маң далада арып-тозған, тұяғынан кетілген көтерем малдың кейпіне түскен ақсаған ауыл шарушылығы саласын сауықтырудың амалы қайсы деген жуын сұрақтың төңірегінде айтылар ұсыныс аз емес. Биліктің алдағы қадамы туралы Жасұлан Әбдіхалық:
«Үкімет ары қарау керек, алысқа қарау керек. Келер жыл, одан кейінгі жылдар 5-10 жылдық стратегиялық нақты жоспарлар түзу, болжам жасау. Соның негізінде су қорларын көбейту, шабындық көлемін ұлғайту, кемі бесжылдық жем-шөп қорын қалыптастыру. Әйтпесе алапат аштықтың астында қаламыз. Бұл әлі басы ғана» деді.
Әбдіхалықтың айтуынша, тым болмаса осындай қуаңшылықты пайдаланып бағаны қолдан көтерген алып-сатарларға тоқтам жасауға болар еді. Бұл «бағуға келмейтін, өз ырқымен жүретін халықаралық нарық емес», өңірдегі баға саясатын бақылауға болар еді.
Бердімұрат Төрекен қазірде кеш еместігін айтып, қуаңшылық жайлаған облыс-аудандарға билік Төтенше жағдай жариялап, қаулы шығару керек дейді.
«Министрлік жем-шөбін жеткізу үшін және қуаңшылық жайлаған әр облыстан құдық көзін ашу, қазу, зерттеу, зерттелген суы мол жерлерден арнайы жер қазу құралдары орнатылған стоноктар шығарып, шүйгінді жерлерге малы көп пен азды үйлестіріп қоныстандыруға, бұл бағытта жұмыс жасаушыларға, техниканың жанар-жағармайына тең дәрежеде немесе түгелдей субсидиялап, осыған республикалық бюджеттен қаржы бөлу керек. Әйтпесе, алдағы қыста өңірлер мал санынан мүлде айрылып қалуы мүмкін», – деп дабыл қағады депутат.
Үкіметттен миллиардтаған қаражат бөлінді. Қоғам белсендісі Жәнібек Қожық бұл қаржы сырғаланған, есептегі мал санына қарай ақшалай берілуіне қарсы.
– Менің наразы болуымның себебі: қазір қымбатшылық қос бүйірінен қысып, тұрмысы нашарлаған халық бұл ақшаны несиесін өтеуге не қажетіне жаратып қоюы мүмкін. Мұның есеп-қисабы, есепшот ашу біршама уақыт алады. Менің ұсынысым, біріншіден, мемлекет қаржысын жем-шөп жол шығынын, тасымалдауды ұйымдастыруға жұмсау қажет. Мысалы, Ақтөбеден келетін бір руллон шөптің жеткізу жол құнының өзі 5 мың теңге. Осыны жолға қойса, жем-шөп арзандар еді, – дейді ол мұны министрге ескерткені жөнінде толықтырып.
«Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен Үкімет резервінен өңіріміздің ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басы үшін мал азығына жұмсалған шығындарды ішінара өтеуге 1,9 млрд.теңге мөлшерінде қаражат бөлінген»
Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Серік Қалдығұл
Сарапшының екінші ұсынысы – әр аудан орталығынан арық малды бордақылайтын, елдің арық-кәрі малын үшдеңгейлі бағада қабылдайтын арнайы кешен ашу керек. «Халық қолындағы әлжуаз малды азайтып, одан түскен ақшаға жем-шөп алатын еді, сонда ғана қыстан аман шығуға болады». Ол елге кеңес беріп, Үкіметке құлаққағыс жасады:
«Елге айтарымыз, қолында бар азғантай малын Үкіметке тіркетіп, әзірден қалмай көлік сияқты сақтандырып қою қажет. Ертең қыстан өліп қалған жағдайда, біршама бөлігін өндіруге болады. Бұл амалдар жасалмаса, алдағы қыста тігерге тұяқ қалмайды, мал кетеді. Халықтан мал кетсе, жан да кетеді».
Маңғыстау билігінің айтары: Жазда қолға алынған терапия
Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Серік Қалдығұлдың QT редакциясына берген жауабына сүйенсек, 2019 жылы өңірде 55 мың тонна шөп, 23,4 мың тонна жем дайындалған. 2020 жылы 35,9 мың тонна шөп және 34,9 мың тонна жем пайдаланылған. Ал биыл жеті айда шабылып-жеткізілген 11,9 мың тона шөптің 9,3 мың тоннасы және 18 мың тонна жем өзге облыстардан тасымалданған. Облыста 13 бригаданың күшімен 2,6 мың тонна шөпті жергілікті шабындық пен қорықтардан орылған. 1 қаңтардағы дерек бойынша, өңірдегі 2622 шаруа қожалық жұмыс істейді.
Облыс әкімі өкімімен 2 маусымда жергілікті шарушылықтарды мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылған.
Маңғыстау және Ақтөбе облыстары арасында жасалған меморандум аясында (Ақтөбе облысының) Байғанин, Алға, Темір және Қобда аудандарынан 100 мың га жуық жайылым жерлері жергілікті шаруашылықтарға уақытша шабындыққа конкурс негізінде берілетін болды. Осыған ұқсас 28 шілдеде БҚО әкімдігімен мал азығын тасымалдау және уақытша жайылымға шабындыққа жер беру жөнінде келісім түзілді.
Қазіргі таңда арпа жемінің келісі 92, шөптің орамы 10 мың, түгі 1 мың теңгеден сатылып жатыр. Мал жанын сақтап қалу үшін Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарына 2160 бас жылқы, 215 бас түйе, 1090 бас мүйізді ірі қара мал және 3437 бас ұсақ мал жайылымдарға айдап-жеткізілген. Өзге өңірлерден 2290 орама және мың түк, ондаған вагон шөп келді. Қазір аудан және ауыл әкімдерінің өкімімен мал басын түгендеу бойынша арнайы комиссиялар құрылып, жұмыс жүргізуде.
Ауылдық комиссия тіркелген төрт түлік малдың аналық мал бастарын анықтап, тиісті жиынтық акт толтырады. Аудандық не қалалық комиссия бәрін жинақтап, ведомость тотырып, басқармаға жолдайды. Басқарма осының негізінде мал азығына жұмсалған шығындары ішінара өтелетін шаруа қожалықтар мен үй шаруашылықтарына қаражат аударады. Бөлінген қаражат тамыз айының соңына дейін игеріледі деп жоспарланған.
Облыстық басқарма редакцияға жолдаған хатында «15 шілдедегі жағдай бойынша, 612 мың бас малдың 1159-ы ғана қуаңшылықтан қырылды» деген мәлімет ұсынды. Бірақ өткен бейсенбі, тамыздың 12-сі күні алғаш брифинг өткізген министр Ербол Қарашөкеев баяндамасында өңірде 840 мыңға жуық мал бар деп мәлімдеді. Министр редакция тілшісінің әкімдік пен министрлік деректеріндегі қайшылық туралы сұрағына жауап бере алмады.
Жұт салдары туралы болжам
Егер жауапты тараптар дер кезде әрекет етпесе, күзде мұның салдары неге алып келуі мүмкін? Кей сарапшылар күзгі соғымда еттің келісі 5 мың теңгеге дейін қымбаттауы ықтимал дейді. Сүт өнімдері де қымбаттайды деседі. Жәнібек Қожықтың алдағы күзгі-қысқы ахуалға байланысты болжамы үрейлі.
«Алғашқы үлпек қар түскенде келісі 5 мың теңге болмақ түгілі, таразға тартар ет те табылмайды. Мал арып-жұтап, қырылып жатса... жерде шөп жоқ, жем де жоқ. Алда қыс тұр қақаған аязын бүркіп. Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен дегенге келеміз. Ауыл шарушылығына мамандануға әбден лайық осындай территорияда отырып малды қолдан қырып алсақ, мемлекеттілігімізге үлкен сын, ауыртпалық болары сөзсіз», – дейді ол.
Бердімұрат Төрекен де Үкіметтің шашау тірлігімен «қымбатшылық болмайды деген бекершілік» дейді. Өйткені «бақылауы көп, нәтижесі жоқ бағаны реттеу институтының жұмысы дұрыс бағытта емес. күнкөріс қамымен отырған шаруашылық өз еңбегін ақтау үшін де бағаны лажсыз көтереді. Субсидияның иісін де білмейтін олардың әрқайсы бір-екі жанұя асырап отырып, бордақылаған малын, одан алған сүтін қалай төмен бағаға берсін?..» дейді.
«Түлік арасында, әсіресе, ірі қара бір құласа тұрмайды. Тұрған күнде де келер жылы төл бермейді. Яғни өсім тоқтайды. Осыншама деңгейге бір күнде жетпеген шығар. Кемі жарты жылда, арысы қыстан бергі қалыптасқан жағдай. Көз алдындағы малды құрдымға жіберіп, дер кезінде дабыл қақпаған ауыл, аудан, облыс атқамінерлерінің кінәсі бұл! Табиғатқа жаба салып, тасада отырғандарды түгел жауапқа тарту керек. Малы көтерем болып әрекетсіз отырған әкімдерді түгел жұмыстан аластату керек. Өз ауылының малына ие бола алмаған әкімдер адамдарды жарылқай алмас», – дейді Жасұлан Әбдіхалық.
Маңғыстауда мал ұстаудың баяны және шаруаларға кеңес
Бұрын көктемде жауыннан қайткенде де жер көктейтін еді, көкпен ауызданған мал кішкене болсын тойынатын. Шілдеде сәл арықтап, күзде тағы жаңбыр жауып күздікке жайылатын. Шөп күйіп кеткен күннің өзінде де қамба шөп қалатын. Маңғыстауда қар жаумағаннан кейін қолда мал тұрмайды. Бір онкүндіктен басқа уақытта түзде жүретін. Қысқасы, жем-шөптің қажеті шамалы еді. Ал ертең бір қырбық қар түсер болса, онда мал қалмайды. Үстіртте қарашада шығыстан 20-30 м/с жылдамдықпен бір суық жел тұрып алады, сонда қар аралас жауын жауады. Сол уақта өзі арық әрі көтерем мал қырылып қалуы мүмкін деген қауіп бар.
Маңғыстауға тән төрт маусымның тілін білетін Жәнібек Қожықтың баяндауындағы тіршілік болмысы. Ол «әркім өз қорасына жететіндей жем-шөппен қамтылуы қажет, тағы бір шарт – қазір шама келгенше қолдағы өліп қалады-ау деген малдан құтылған жөн» деп кеңес береді.
«Су тегін болса да өлмей тұрып өткізу керек. Қолыңнан шөбіңді жеп-жеп алып, ертең бәрібір өліп қалса, обал әрі ысырап. Бүгін халық бала-шағасының аузынан, зейнетақы-барынан жырып малын асырап отыр. Мал адамды емес, адам малын асырауға мәжбүр. Кейде қаланың халқына ұқсап сатып алған дұрыс-ау деп ойлаймыз», – деп ашынады қоғам белсендісі.
Елде бар ірі қара және ұсақ мал санын нақтылап айту қиын. Осылай деген Бердімұрат Төрекен мұның себебін бізде түсіндірме және үйлестіру жұмысының болмауынан көреді.
– Мал санын тіркеу, чиптеу, сырғалау... бәрі-бәрі қазір қаражатты қажет ететін машақат болып отыр. Мұны жаппай іске асыру да қалтаға салмақ. Сондықтан жай шаруа малының шынайы есебін беру-бермеу туралы әлі ойланып жүр. Мал санын толық беретіндер – субсидияның дәмін татқандар. Олар бай тәжірибесін қарапайым малшыға ешқашан бөліспейді, – дейді депутат Төрекен.
Халық «асарына» үйреніскен «ең бейшара Үкімет»
Жалпы Қазақстанның «аграрлы державаға» айналу туралы арманын сарапшылардың бір бөлігі «аты бар да әрекетсіз, сәйкесінше жеміссіз жоспар» деп сынайды. Отандық ауыл шаруашылығы саласын оңалтуға арналған балама тетік ретінде орта деңгейдегі қарапайым шаруаларға жағдай жасау және мемлекет тарапынан нақты көмек беру дейді.
«Шетелдің қай-қайсында малға үкіметтік көмек беріледі. Маңғыстау малының 20-30% шаруашылықтарда, қалғаны түгел жеке қолда. Жай шаруаға бірде-бір мәрте жәрдем берілмеген. Халық көмек бер деп те айып көрген жоқ. Қазір де солай. Бірақ қырғынға қарап отыра алмай дабыл қағып жатқанымыз рас. 250 кг болатын бір руллон шөптің өзі Ақтөбе, Қостанай, Түркістан облыстарындағы бағадан үш есе қымбат келіп жатыр. Ауыл шарушылығы оңалмаса, мемлекет тірегінен айырылады. Шөпті жергілікті алқаптан шауып алатынбыз, бір түк шөп 600 теңге болатын. Кебек жемнің 18-20 келісі 1300-1500 теңге еді. Руллонның бағасы 10-12 мың теңге еді. Биыл қуаңшылықтан соң бір ғана жем-шөп тасымалының өзі аспандап кетті», – дейді Қожық.
Төрекен елде шикізаттан дайын өнімдерді өндіретін зауыттар ашу керегін айтады. Оның пікірінше, шеттен ауыл шаруашылығы тауарларын кіргізуді тоқтату – өте маңызды әрі зәру шара.
«Агросаланы меншіктер болсақ, онда әр облыстан шаруаның өнімін еңбек ақтайтын бағада қабылдайтын арнайы орталық ашу қажет. Мал бағуға мүмкіндік берсе, малшы да, үкімет те ұтылмайды», – дейді аудан депутаты.
«Арыс жарылады, халық жұмыла жүріп ас-суын әзірлеп, баспана салысады. Мақтааралды су басады, халық қайықпен жүріп қаржы жинап жыртығын бүтіндейді. Ковид келді, халық тағы жылу жинап дәрісін алып, дауасын жасайды. Енді шөп жинап, жұттан шығуға жанталасып жатыр». «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» құру саясатын ұстанамын деген Тоқаев президент орнына келгелі ел басынан өткерген оқиғалардың бір парасын сөз еткен Жасұлан Әбдіхалық:
– Бұл үкімет тәуелсіз мемлекет тарихында – вирустан адамын, жұттан малын сақтап қала алмаған «ең бейшара үкімет» болып қалады, – дейді.