Дүйсенбіде Қазақстанның Энергетика министрлігі Атырау мұнай өңдеу зауытын жөндеу жұмыстары 2022 жылға ауыстырылғанын хабарлады.
«Мұнай өнімдері нарығындағы қазіргі жағдайға байланысты Атырау МӨЗ жөндеу мерзімін келесі жылға ауыстыру туралы шешім қабылданды», – делінген ведомство хабарламасында.
Ақпаратқа қарағанда, тамыз-қыркүйек айларында Қазақстанда дизель отыны нормадан тыс көп тұтынылған. Үш бірдей МӨЗ аталған тоғыз айда 3,7 млн тонна өнім өндірген. Билік аномалды сұраныстың күрт арту себебін «дизель отынының бағасы төмен болғандықтан, транзиттік жүк көліктерінің ағыны жаппай ішкі нарыққа жүгінуіне» байланысты түсіндіреді.
Нарықты тез арада тұрақтандырып, елді сапалы отынмен қамтамасыз етуге уәде еткен министрлік қазір жүйені механикалық режимде, «қолмен басқара» бастағанын мәлімдеді.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Данияр Тиесов Ресми дерегінше, қазір күн сайын Шымкент зауытында шамамен 5,5 мың тонна, Атырау зауытында 4,4 мың тоннаға жуық дизель отыны өндіріліп жатыр.
Сонымен қоса, Тиесовтің айтуынша, қыркүйек айында егін жинау науқанына өтінімдер толығымен жабылғанын, диқандарға дизель отыны жеңілдікпен сатылған.
Биыл қаңтар-қыркүйек айларында бір ғана Атырау МӨЗ 4 млн тонна мұнай өңдеген, одан 1,1 млн тонна дизель отыны мен 935 мың тонна жанармай өндірілген. Осы қарқынды отын тапшылығы кезінде төмендетіп алмас үшін «мұнай астанасындағы» іргелі зауыт үздіксіз жұмысын істеуге тиіс. Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев мұнай өңдеуші компаниялардың басшыларынан кәсіпорындардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді талап етті делінген ресми ақпаратта.
Атыраудағы зауыттың бас директоры Арман Қайрденов «ішкі нарықты дизельмен қамтамасыз ету мақсатында жоспардағы қондырғыларды жөндеу мерзімі шегеріліп, басқа уақытқа ауыстырылады» деді. Жөндеу мерзімін ауыстыру «жыл соңына дейін қосымша 82 251 тонна дизель отынын өндіруге мүмкіндік береді».
Осыған дейін көктемнің басында министрлік Шымкент пен Павлодардағы екі мұнай өңдеу зауыты жұмысын уақытша тоқтатып, жөндеу кезінде бензин тапшылығы болмайды деп уәде берген. Іс жүзінде қарапайым дизель отынының өзі шарықтап кетті. Биыл жазда Тоқаев 2018 жылы ғана зауыт күрделі жаңғыртудан өткеніне қарамастан, кәсіпорын жұмысында әлі де іркілістер барын сынаған. Соның салдарынан мұнай өнімдерінің барлық түрі бойынша өндіріс көлемі кемігенін алға тартқан.