«Талибан» билікке келген қарсаңда Ауғанстандағы «Илсам мемлекеті» содырлары да теракттермен көзге түсе бастады. Осыған орай ауған жеріндегі ИМ содырларына қатысты мәліметтер де өзектілене түспек. Олай болса, Ауғанстанда ИМ террорлық тобының қанша соғыскер содыры бар? Олар елдің қай аймағында бекінген? Тәліптермен айырмасы қандай? «Талибан» мен «Ислам мемлекеті» террорлық тобының ортасында байланыстар бар ма? «Ислам мемлекеті Хорасан аймағы» деген не? Міне осы қатарлы сұрақтарды қаузап көруге тура келеді.
ИМ содырлары Ауғанстанда қалай пайда болған?
Жалпы ауған жерінде ИМ содырларының топтары 2015 жылдары пайда бола бастағаны белгілі. Кейін Ирак пен Сүрия жерінде жеңіліс тапқан ИМ содырларының Ауғанстанға топтала бастағаны туралы мәліметтер тараған. Өздерін «Ислам мемлекеті» деп атап Мосул қаласында «халифат жариялаған» террорлық топтар Пәкістан мен Ауғанстан жерінде әрекет ететін бөлімін «Ислам мемлекетінің Хорасан аймағы» деп атаған. Бұны шетелдік ақпарат құралдарында қысқартып ИМКА немесе ИМХА деп атап жүр. Міне, ауған жеріндегі ИМ содырлары осы атаумен белгілі.
Талибанмен байланысы
Идеологиялық томағасы бірдей болғанымен, Ирак пен Сүрия жеріндегі өзге саптастарына қарағанда ИМХА арасында Пәкістан мен Ауғанстаннан шыққан жиһадшыл әсірешілдер көбірек. Тіпті, «Талибан» қатарынан шығып ИМХА тобына қосылған содырлардың бар екені туралы да деректер бар. Зерттеушілердің дерегінше ондайлар көбінесе «Үлкен Халифат» идеологиясын қолдаушы немесе «Тәліптерді діни қағидаға жеткілікті қатаң емес деп сынаушылар» болып келеді.
Кейбір идеологиялық және ұстанымдық тұрғыда қайшылықтарының бар екені қарамастан, кейбір зерттеушілер «Ислам мемлекеті» террорлық тобы мен «Талибан» ұймы арасында белгілі деңгейде байланыстың бар екенін айтады. Осы аймақтағы террорлық ұйымдардың әрекеттерін бақылап келе жатқан Asia Pacific Foundation қоры зерттеушілерінің айтуынша екі топ арасында тікелей байланыс болмағанымен, Хакани желісі арқылы кейде ортақ қадамдар да жасап тұруы мүмкін деп болжайды.
Аталған қордың өкілі Сажжан Гокелдің айтуынша 2019-2021 жылдар арасында «Талибанды» қамтыған Ауғанстан мен Пәкістанда бекінген бірқатар террорлық топтар көптеген шабуыл операцияларын бірлесіп жасаған. Бұл олардың арасында үшінші тарап арқылы сақталатын байланыстың бар екенін көрсетеді дегенді алға тартады. Сондай-ақ, таяуда ғана тәліптер билікті басып алғаннан кейін Пуле-Чарки түрмесінен көптеген адамды босатты. Олардың арасында «Илслам мемлекеті» және «әл-Каида» сынды террорлық топтардың мүшелері де бар екені мәлім болған.
ИМКА құрамында қанша адам бар және қайда бекінген?
BBC жергілікті ақпарат көздері мен барлау мәліметтеріне сілтеме жасай отырып, ИМхА содырлары Ауғанстан мен Пәкістан ортасындағы Нангахар облысында бекініс алған. Осы өңірден шекара аттаған контрабандалық жүйеге де иелік ететіні туралы деректер де бар.
2019 жылғы мәліметтерде ИМХА қатарында 3500 шамасында қарулы содырдың бар екені айтылған. Алайда, одан бері тәліптермен территориялық талас және АҚШ бастаған коалиция күштерінің соққысынан көп жоғалтулар болғаны да мәлім. Алайда, олар түрлі жолармен өз қатарын толықтыруға күш салып жатқан болуы да бек мүмкін.
Маңызды бір түйін
«Талибан» ұйымы да исламдық халифат үшін соғысқанымен, шешуші сәтті соғысты тастап Катардағы қымбат қонақүйде жатып алып тыныштық жолын іздеп кетушілер». Міне бұл ИМХА тарабынан «Талибан»-ға айтылған сын. Екеуі де жиһатқа шақырушы топ болғанымен тәліптердің жиһаты Ауғанстан шекарасынан сыртқары емес. Кемінде қазірше солай. Бұдан тыс діни ұстанымдары да айырмаланып тұратыны қазірге дейін айтылды.
Бұған дейін АҚШ бастаған Батыс елдері Ауғанстандағы үкіметті қолдап, «Талибан» ұймына қарсы соғысып келген болса да дәл осы мәселеде Батыс пен «Талибан» мүддесі ортақтаса қалады. Бұл көп мәселенің ұшын шығарып тұрған түйін.