Ауғанстанның орталық қаласы Кабулдағы әскери емханаға жасалған қарулы шабуылдан 20-дан астам қаза тауып, кемінде 16 адам жарақат алды. Ресми мәліметке қарағанда Сардар Дауд Хан емханасының сыртында екі үлкен жарылыс болған.

Куәгерлердің мәліметтеріне сілтеме жасаған BBC хабарында жарылыстан кейін қарулы содырлар емханаға басып кіріп оқ жаудырғаны айтылды. Артынша шабуылды «Ислам мемлекеті» террорлық тобы өз мойнына алатынын мәлімдеді.

«Талибан» ұйымының ресми өкілдерінің бірі Билал Карими алғашқы мәлімдемесінде «ИМ» содырларынан төрт адамның оққа ұшқанын айтқан болатын. Кейін  «Рейтер» агенттігіне жауап берген «Талибанның» ресми өкілі Забихулла Муджахид тікұшақпен жеткен тәліптердің арнайы жасақтары «ИМ» содырларының емханаға басып кіруіне тосқауыл қойып, шабуыл жасағандарды толықтай жойды деп мәлімдеді.

Аталған емханаға жасалған лаңкестік шабуыл және оған қарсы тойтарыс әрекеттері Ауғанстандағы «Талибан» мен «Ислам мемлекеті» тобы арасындағы қарулы қақтығыстың өршіп тұрғанын көрсетті.

The Qazaq Times