Алматы облысы Талғар ауданының Полиция басқармасы QT редакциясының тілшісі түсірген фальсификация және журналистік кәсіби қызметіне жасалған қысым жөніндегі шағымды қараудан бас тартқан.
25 шілде редакция қызметкерлері Талғар ауданы Алатау ауылдық округіне қарасты Қызыл-қайрат елді мекеніндегі сайлау учаскелеріне барған, 19 орта мектептің ғимаратында орналасқан 844-сайлау учаскесінде комиссия төрайымы журналистің кәсіби қызметіне кедергі жасауға тырысқан. Сағат 19.11-де тілші қызметтік куәлігін көрсетіп, редакциядан берілген журналистік тапсырманың түпнұсқасын тіркеуге комиссия мүшелеріне ұсынды. Сайлау учаскесінде ұйымдастырушылардан өзге сайлаушылардың қатары сирек. Бюллетень салуға арналған жәшік ширек мөлшері де толмаған. Осы мезетте Facebook желісіндегі парақшада тікелей эфир жүргізіп жүрген тілші шақырту хатымен келген Айгүл Ыдырыс Омарқызы есімді сайлаушының өз аты-жөні тұсына өзге адамның қолы қойлығанына куә болды. Сайлаушы бұған шамданып, ренішін білдірді де шақырту билетін тастап кетіп қалған.
«Анда отырған қыздың өзі шақырту әкеп беріп еді «келіңіз» деп. Енді келсем, мынадай жағдай. Менің орныма қол қойып тастаған. Бұлай істеуге бола ма? Полицейге айттым», – деген кейуана өкпелеп, бір жағы камерадан тартынған күйде учаскеден шығып кетті.
Дәл осы сияқты жағдайға редакция қызметкері Қойшыбек Мүбарак та куә болды. Бюллетенін алар кезде сайлауға қатыспаған жолдасы Нұрбәтима Байтұрсынқызының аты-жөні көрсетілген графаға басқа біреудің қол қойғанын аңғарған.
БАҚ өкілдерінің көзінше екі азаматтың орнына бюллетеньге қол қойылып қойғаны жөніндегі жағдайға полиция да, сайлау комиссиясы да ешқандай шара қолданбады. Заңбұзушылықты құжат жүзінде тіркеудің орнына сайлау учаскесінің төрайымы Айгерім Есенова Бахытқызы ғимараттың сыртында тұрған журналиске шүйлігіп, ПТР тестінің теріс қорытындысын талап етті.
Алатау ауылдық округі әкімі кандидатын ұсынған 6 үміткер:
-
- Қасымов Қайрат Сағындықұлы (44 жаста) – «Nur Otan» саяси партиясынан (уақытша жұмыссыз);
- Смағұлов Мұкаметали Даркенбайұлы (40 жаста) – «ADAL» саяси партиясынан («Бал-АНА 2017» ЖШС-нің шаруашылық меңгерушісі);
- Жүндібаев Төлеужан Дүйсентайұлы (53 жаста) – «Қазақстан халық партиясы» ҚБ (зейнеткер);
- Мұхаметқалиев Мадияр Мұхаметқалиұлы (44 жаста) – Өзін-өзі ұсынған («Талгарирригация» МКК директоры);
- Сағымбекұлы Абзалбек (48 жаста) – «Ақ Жол» саяси партиясынан («Гаухар Тас» ЖШС директоры);
- Сейтов Азамат Серікұлы (46 жаста) – Өзін-өзі ұсынған («Бірлік» ӨК директордың орынбасары).
Ол аудандық СК төрағасы Мұхит Дүйсебаевпен аулада тұрған тілшіні телефон арқылы сыртқы даусын қосып тілдестірді. Талғар аудандық сайлау комиссиясының төрағасы да жағдай бойынша түсініктеме беріп, дереу шара қолданудан гөрі учаскеден тыс жүрген тілшінің әрекетін «заңыздық» деп атап, учаскеге аттатпауға тырысты. Төрайым ПТР тестінің теріс қорытындысы жоқ тілшіні АСК төрағасы кіргізбей жөнінде бұйрық бергенін жеткізді.
– Бүгін сайлауға қатысқан азаматтардың санын мен неге сізге айтуым керек? Тиісті органдарға пайыз мөлшерімен есебін өткізіп қойдым. ...Не заңсыздық... Яхья (өзінің орнына қол қойылғанына шағымданған азаматтың бірі – QT) өмір бойы конфликт іздеп жүрген адам. Сайлауда 12 жыл істеп жүрген адам ретінде айтайын. ...Енді қоя салады ғой. Жалғыз сізде емес, сайлау барысында шатасып қойып кеткен шығар. Әр сайлауда осындай екі-үш жағдай болып тұрады. Басқаша қойып тастаса, оны сызып тастамайды ғой. Келген адам қасына қоя салады ғой, – деді учаске төрайымы Есенова.
Сайлауға қатыспаған жұбайының орнына қол қойып тастаған деген Қойшыбек Мүбарактің шағымын тыңдаған полиция ешқандай шара қолданған жоқ.
Сайлау учаскесінде бірер сәтке кіріп, жағдай жайлы толымды ақпарат алмақ болған, бірақ әкімшілік кедергіге ұшыраған редакция тілшісі аудандық және учаскелік комиссия тарапынан шектеудің құқықтық негіздемесі жеткілікті дәрежеде түсіндірілмегендіктен, аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы С.Құмабековқа арыз түсірген. Кешкісін сағат 20.35 шамасында полицей Ринат Бексаинов арызды қабылдап алды. Дегенмен арада 24 сағат 6 минут өткенде, 26 шілде 20.41-де редакция тілшісіне Электронды Үкімет порталының операторы 1414 нөмірінен жауап келді.
Онда «Өтінішіңіз бойынша Талғар ауданының ПБ органда алғашқы тексеру әрекеттерін жүргізе отырып, өтініш тіркеліп-қаралды және шешім қабылданды: Қараусыз қалдырылған және номенклатуралық істе сақталады» делінген.
Сайлау күні Қазақстанның Халық партиясының сенімді өкілі әрі байқаушы Бақыт Жүсіпов оқиғаға толықтай куә болған. Оның есебінше, 19.00-дегі жағдай бойынша, сайлаудың он екінші сағатында, шамамен 200 шақты сайлаушы келген. Шу шыққан 844-сайлау учаскесінде 2518 адам тіркелген. Сайлауды бақылаған тағы бір сенімді өкіл Қабиболла Сейтеков «сайлаушылардың құқығы бұзылғаны және учаскелік комиссияның әрекетсіздігін елеусіз» қалдырмайтынын айтты.
844-сайлау учаскесінде редакция куә болған жағдайда үш түрлі мәселеге тап болды. Олар:
- Сайлау учаскесі тізіміндегі бірнеше сайлаушының (Айгүл Ыдырыс, Меликам Яхья, Нұрбәтима Байтұрсын) орнына жалған қол қойылып, бюллетеньдері сырттай қолданылған. Редакция куә болған жағдайға комиссия не полиция тарапынан ешқандай әрекет жасалмады. Мемлекеттік қызметкерлер фальсификация фактісінен гөрі бар назарды аулада жүрген журналистің ПТР тесті қорытындысы немесе екпе паспорты болмауына аудартуға тырысты. Комиссия төрайымы тілшіге дөрекілік танытып, «Басымды қатырма!» деген пәрменмен учаскеге жуытпады.
- Сағат 19.15-ке дейін жалпы тізімдегі 2518 сайлаушының шамамен 200-ге жуығы қатысқан сайлау учаскесінің комиссиясы қорытынды хаттамада 1964 адам келгені көрсетілген. 20.00-ге дейінгі сыртқы есік аузында бақылап тұрған журналистер 45 минутта 1,7 мыңнан аса адамның нөпірлеп келе қоймағанына сенімді.
- Сайлау учаскесі төрайымы Айгерім Есенова БАҚ өкілінің мемлекеттегі саяси өмірдің елеулі оқиғасынан ақпарат таратуына кедергі жасап, кәсіби қызметін шектеуі және Талғар аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Мұхит Дүйсебаев сынды басшылар заңда қылмыстық жауапкершілік көзделген фальсификация фактісіне бейжай қарап, бар назарды «тілшімен күрес спектакліне» бағыттауы – көп күмәнді ойға жетелейді. Журналистің тыйым туралы құқықтық негіздемені таныстыру жөніндегі сұрауы да сайлау учаскесі комиссиясы тарапынан жауапсыз қалды. Қызметтік-жеке куәлігі мен редакция тапсырмасын қатар ұсынған ақпарат құралының өкіліне жеті сайлау учаскесінде еш кедергісіз кіріп-шығуына мүмкіндік беріліп, заңбұзушылық бояуы байқалған учаскеде талап күшейе қойғаны – заң үстемдегінің алағұла, бірізді емес, көпстандартты екенін аңғартады.
Редакция хабарласқан Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі және облыстық сайлау комиссиясы төрағасы Тимур Дәуітов аталған жағдай бойынша бейхабар екенін, ресми сұрау хат жолдау қажеттігін айтты. ОСК бұл жағдай жөнінде үнсіз. Құзырлы органдардың ешбірі түсініктеме берген жоқ.
Редакция тілшісі Алматы облысында тап болған қысым Жамбыл облысы Шу ауданында да қайталанды. Өңірге іссапармен барған QT журналисі Мият Кәшібайды полицей кешке қарай сайлау комиссиясының пәрменімен учаскеден күштеп қуып шыққан.
25 шілде күні былтыр күзде Тоқаев айтқан бастама негізінде республикада аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауыл округтерінің 730 әкімін сайлау науқаны өтті. ОСК мәліметінше, 2 мыңнан аса кандидаттың 1419-ы өз-өзін ұсынғандар, 878-і алты саяси партияның атынан түскендер. Кандидаттар ішінде 1839 ер, 458 әйел азамат бар. 730 елді мекеннің басшысын таңдау 1847 сайлау учаскесінде жүзеге асты. Соның бірқатары Алматы облысының Талғар ауданы бойынша әкім лауазымына сайлау төрт бірдей ауылдық округтегі 23 сайлау учаскесінде өтті.
QT тілшісі ақпарат таратқан 863-868 арасындағы алты сайлау учаскесіндегі халықтың қатысу белсенділігі 4,68%-ды көрсетті. Ал редакция қызметкеріне кіруге тыйым салынған я кәсіби қызметіне кедергі жасалған және жете алмаған учаскелерде ресми хаттаманың қорытындысы «жұрттың өте белсенді» болғанына сендіруге тырысады.
Ресми ақпаратқа қарағанда, ауыл халқының сайлауға қатысу жағынан ШҚО 90,9% көрсеткішпен алға шықса, ең төменгі орынды 66,5%-бен Алматы облысы қанағат тұтты. Тәуелсіз сарапшылар мен азаматтық байқаушылардың пікірінше, шынайы жағдайда есеп бұл мөлшерден бірнеше есе кем болған.
Ақорда «саяси модернизацияның жаңа кезеңі» әрі «демократияға бастайтын үлкен өзгеріс» деп атаған алғашқы әкімдерді сайлау көрінісі әдеттегідей жер-жерде фальсификация, тілшілерге кедергі жасау жағдайымен өрнектелді. Желі қолданушылары бұл жолғы сайлаудың өте бәсең сипатта, ақпараттандыру жағы кемшін болғанын көп жазды.