Былтыр күзде Шымкент қаласында былығы ашылған 125 мектептегі «жемқорлық-жымқыру» мәселесі бойынша қозғалған іс қоғамдық резонанс сипаты бәсеңдегеннен кейін тоқтатылып жабылған.
«Экс-директор мен сыбайластары білім ошағында үш жыл ойран салды» деген айыппен былтыр «қараша, желтоқсан мен сол бір-екі айда» бас көтерген 200-ге тарта мұғалімнің бір тобы әділдік іздеп тауаны шағылғанын айтады. 3 шілдеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Шымкент қаласы бойынша департаменті редакцияға жолдаған қосымша жауап хатында қоғамда резонанс тудырған істі маусым айының аяғында тоқтатып тастағанын хабарлады. Бірақ Антикор мемлекеттік құзырлы органдар жанынан құрылған комиссия қорытындысы бойынша анықталған көптеген кемшілік пен арызданушы ұжым ұсынған ондаған тармақтан тұратын айғақты айыптаулар бола тұра істің кенет тоқтатылуының себебін түсіндірмеді. Хаттың орындаушысы Сәбит Жүзбаевқа хабарласқанда толық түсінік бере алмайтынын жеткізді.
Кезінде Шпекбаевтың қолынан ІІ дәрежелі «Айбын» орденін алған, қазір қалалық департамент басшысы міндетін уақытша атқарушы Бауыржан Ұзынжас:
«25.05.2021 жылы қала прокуратурасымен қабылданған шешім зерделеніп, іс бойынша қосымша тергеу амалдарын жүргізу үшін нұсқау беріліп, тергеушімен қабылданған шешім келісуден бас тартылған.
28.06.2021 жылы аталған қылмыстық ісі бойынша қала прокуратурасының қаулысында көрсетілген қосымша тергеу амалдары толығымен орындалып, қылмыстық іс бойынша ҚР ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағына сәйкес тоқтату туралы шешім қабылданды. Бұл қала прокуратурасымен келісіліп, қылмыстық іс мұрағатқа жолдандығы жөнінде хабарлаймын», – деп жауап берді.
Ұжымдық арыз негізінде желтоқсан айында антикордың жергілікті департаменті қозғаған №207900131000185 қылмыстық істе ескі де жаңа директор Әсет Сатыбалдиев «күдікті» ретінде танылған.
Осыған дейін желтоқсан айында тергеуші Нұрдәулет Сәрсенбек тілшіге айтқан сөзінде іс соңына дейін жететінін, әділ де ашық тергеуге уәде берген.
Арызданушы ұжымның редакцияға және құзырлы органдарға ұсынған дерек-дәйектері бойынша, үш жарым жыл мектепте қаржы жинау, ауызбастырық алу, кәсіподақтың біржақтығы (директорға тәуелділігі), газет-басылымдарға мәжбүрлі түрде жазғызу, от жағушыны жұмысқа орналастырудан бастап декреттен оралған қызметкерді жемқорлыққа итермелеу, каникулда ремонтқа, көрнекілік құралдарға, әкімшілікке салынған айыппұлды өтеуге және туған күн-мерекелерге жөнсіз ақша жинау сияқты кемінде 25 тармақтан тұратын түрлі заңсыздықтар орын алған. Антикор жалпы арызды нақты жағдайлар бойынша толықтыруды сұрағанда әр маман тап болған заңбұзушылық туралы жекелей қосымша арыз түсірген. Тілші «күдікті» ретінде танылып, артынан «шытырман» әдіспен ақталған Сатыбалдиев пен оның «сыбайластары» аталған орынбасарларына хабарласқанымен тілдесу мүмкін болмады.
Жарты жылдай қалалық Білім басқармасы, министрліктің (БжҒМ) Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті, Мемлекеттік еңбек инспекциясы және Мемлекеттік аудит қызметі сияқты төрт бірдей органның зерделеу жұмысымен мектептің өткен 3,5 жылындағы кемшілік көптеп анықталған. Комиссия қорытындылары сайтта жарияланды. Білім министрі Асхат Аймағамбетов брифингте, сұхбатында комиссияның екі реттік тексерісі бойынша ондаған тармақтан тұратын олқылық анықталғанын айтып, экс-директор мен оның орынбасары қызметтен шеттетілгенін ашық мәлімдеген.
Дегенмен ұжым-директор арасындағы дау өзгеше өңденіп, экс-директор мен басқарма басшысы тартысына айналды. Сотта бір ұтып, бір жеңілген басқарма өз райынан қайтып, бұйрығының күшін жойды. Екі ортада антикор шетін тұсы мен шикілігі көп қалың істі ашық та әділ жүргізуге берген уәдесін ұмытып, кенеттен істі тоқтатты. Қоғам назарын аударған қойыртпақ істің жарты жолда қалай жабылып қалғаны, құқықтық негізі түсініксіз.
Шілде айның басында «басқарма мен күдікті директордың спектаклінің көрермені болғанымызды өзіміз білмей қалдық» деп шенеуніктерге алданғанын айтқан мұғалімдер қала әкімі Мұрат Әйтеновке қайрылып, үндеу жолдаған. Ұжымдық арыз Facebook желісінде тікелей эфирде бейне-шағым түрінде жолданды. (Ләззат Әжібекова жергілікті білім саласына жауапты басшылық өзге мектептердің осы бейне-үндеуге болысып-пікір білдіруіне тыйым салғаны жөнінде жазды). Дегенмен әкімдіктен жауап болмаған.
Нұр Отан партиясының қалалық филиалында өткен «жиында қоғам белсендісі Әсет Ибрахим ұжымдық арызымыз бен мемлекеттік аудиттің 3 258 582 теңге тауарлық құндылықтар және негізгі құралдардың жетпейтіндігін анықтаған актісін Тәжиеваның қолына ұстатты және шара қолдануын сұрады. Тиісінше біздің өкіліміз Жаңабек Әбішев басқарма басшысына осы құжатты пайдалана отырып, ҚР Еңбек кодексінің 48 бабының 1,3,5 тармақтары бойынша мемлекеттік «мүліктің және басқа да құндылықтардың сақталуын қамтамасыз етпегені үшін жұмыстан шеттетуге құқығы барын» нақтылап көрсетсе де, ол (Тәжиева – QT) Сатыбалдиевті орнынан босатпақ түгілі тергеу біткенше уақытша шеттеткісі келмейтінін анық байқатты», – деген басқарма басшысының әрекетсіздігіне күдіктенген мұғалімдер.
Министр, әкім, басқарма басшысы, антикор басшысы, прокуратураға жүгініп «ақиқатын түгендей алмаған» ұстаздар алдағы уақытта «күресін жалғастыра бермек».