Шымкент қаласында былтыр күзден бері қоғамдық резонанс тудырып, бірнеше сериалға жалғасқан 125 мектептегі дау ушыға түсті. Тараптардың шиелініскен тартысы заң үстемдігінің іске асуында кемшілік барын көрсетті.
«Экс-директор мен сыбайластары білім ошағында үш жыл ойран салды» деген айыппен былтыр «қараша, желтоқсан мен сол бір-екі айда» бас көтерген 200-ге тарта мұғалімнің бір тобы жұма күні әділдік іздеп басар тауы қалмағанын айтып, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке қайрылды. Ұжымдық арыз Facebook желісінде тікелей эфирде бейне-шағым түрінде жолданды. (Ләззат Әжібекова жергілікті білім саласына жауапты басшылық өзге мектептердің осы бейне-үндеуге болысып-пікір білдіруіне тыйым салғаны жөнінде жазды.)
«Біз №125 жалпы орта білім беретін мектептің мұғалімдері 2020 жылдың қараша айынан бастап мектебімізде 2017 жылдан бері бері мектебіміздің директоры Ә.Сатыбалдиевтің сыбайлас жемқорлыққа жол беріп, ұжымның арасында сенімсіздік тудырғаны жөнінде ашық айтып, арыздандық. Сол себептен ұжым болып Шымкент қалалық білім бөліміне, жергілікті білім саласы бойынша сапа және бақылау департаментіне және қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне шағым түсірдік. Тексеру барысында осы құзыретті органдар бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады», – деп бастады, әкімге жүгінген топ өкілі Меруерт Қайырова ұжымдық шағымының мәтінін.
Бұл кезде басы дауға іліккен Әсет Сатыбалдиев денсаулығына байланысты ауруханада жатқан, өз еркімен білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның атына жұмыстан босату жөнінде өтініш жазған. 16 қарашада басқарма бастығының бұйрығымен қызметінен босаған. Бір қызығы, Сатыбалдиев екі күннен соң лауазымына оралуын талап етіп құзырлы органға шағымданады. Ұжымдық арыз негізінде желтоқсан айында антикордың жергілікті департаменті қозғаған №207900131000185 қылмыстық істе экс-директор Сатыбалдиев «күдікті» ретінде танылған. Биыл 26 ақпанда Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық соты Сатыбалдиевтің білім басқармасына қатысты шағымын қарап, талабын қанағаттандырудан бас тартады. Ал бұл кезде мектептегі директордың бос орнына лауазымдық конкурс жүргізіп жатқан.
«Ұжымның қалауымен және конкурстың әртүрлі сатысынан өз білімімен өткен іскер, білімді бұрынғы мектеп директорының орынбасары Араппай Урисов басшылыққа тағайындалды. Урисов мектеп директоры болған 5 айда ұжым арасында ешқандай сына не сыбайлас жемқорлыққа жол берілмеді. Газет-шүберекке, сыныпқа қажетті заттардың барлығына мемлекеттен қаржы бөлінетініне көзіміз жетті. Осы уақытта мұғалімдер мен және қызметкерлердің қалтасына қол сұғылып ешқандай ақша жиналған жоқ. Сатыбалдиев кезінде декреттік демалысқа кеткен мұғалімдер мен конкурспен тегін келген мұғалімдер жұмысқа орналасты. Демократия, еңбек құқығының шынайы дәмін таттық. Мұғалімдердің жұмысқа деген жаңа тынысы ашылды. Алайда Ә.Сатыбалдиев 2 маусымда аппеляциялық сотта жеңіп, мектеп директоры болып қайта келді», – делінген хатта.
Арызданушы мұғалімдердің айтуынша, ұжым республикалық «Жемқорлыққа қарсы күрес халықтық комитет» қоғамдық қорына көмек сұрап жүгінген. 23 маусым күні Нұр Отан партиясының қалалық филиалы шуға қатысты барлық тараптың қатысуымен талқы өткізген. Мұғалімдер «дискуссия барысында басқарма басшысы Жанат Тәжиева экс-директор Әсет Сатыбалдиевтің жұмыстан шеттету ойында жоқтығы белгілі болып, керісінше ымыраластығы байқалды» дейді.
«Себебі жиында қоғам белсендісі Әсет Ибрахим ұжымдық арызымыз бен мемлекеттік аудиттің 3 258 582 теңге тауарлық құндылықтар және негізгі құралдардың жетпейтіндігін анықтаған актісін Тәжиеваның қолына ұстатты және шара қолдануын сұрады. Тиісінше біздің өкіліміз Жаңабек Әбішев басқарма басшысына осы құжатты пайдалана отырып, ҚР Еңбек кодексінің 48 бабының 1,3,5 тармақтары бойынша мемлекеттік «мүліктің және басқа да құндылықтардың сақталуын қамтамасыз етпегені үшін жұмыстан шеттетуге құқығы барын» нақтылап көрсетсе де, ол (Тәжиева – QT) Сатыбалдиевті орнынан босатпақ түгілі тергеу біткенше уақытша шеттеткісі келмейтінін анық байқатты», – деді басқарма басшысының әрекетсіздігіне күдіктенген мұғалімдер.
Наразы ұстаздар басқарма көптің қалауы түскен Урисовті ұжымдық арыздың шуы басылсын деген алдарқату мақсатында директор лауазымына отырғызды дейді.
«Тәжиева мен Сатыбалдиевтің арасында келісім болған және бізді уақытша алдарқату, басу операциясы, спектаклі орын алған деген күдік ұялады. Мемлекет бюджетін екі мәрте шығынға батырған: алғашында жеңіліп, кейіннен ұтқан Сатыбалдиевке қатысты Тәжиеваның амалсыздан кассациялық сотқа шағым түсіру кейпі; өз өтінішімен босатылған, басқа негізгі қылмыстық іске күдікті ретінде тартылған бұрынғы кадрды конкурспен заңды жолмен сайланған қазір қызметтегі директордың орнына қайта тағайындауы; мектеп қаржысынан оның бос жүрген уақытына жалақы өндіртуі – мұның бәрі екеуара келісілген спектакль екенін дәлелдейді», – деп шағынды.
Мұңлық хәлге түстік деген мұғалімдер жарық іздеп, мәселені көтергеннен кейін басқарманың «суық қабағына», «жұмсақ әрі астарлы қысымына» тап болғанына қапалы.
Жарты жылдан аса уақыт телегей теңіз дәлел-дерек ұсынса да, әділдікке жете алмағанына мұңданған мұғалімдер Сатыбалдиев пен қалалық білім бөлімінің басшысының «арасында болған көпшілікке түсініксіз әрі күмәнді әрекеттерге сай, мемлекет қазынасының, яғни халық қаржысының шығын болып жатқанын ескертеді». Бұған мемлекеттік аудит тарапынан жүргізілген комиссия қорытынды-хаттамасында көрсетілгендей көптеген материалдық құндылықтар мен мүліктердің жоғалуы «айғақ бола алады». Сонымен қоса, мұғалімдер Сатыбалдиевтің «басқарма өтінішті қысым көрсетіп мәжбүрлі түрде жаздырғаны» туралы сотқа айтқан уәжі жалған екеніне сенімді. Арызданушы ұжым экс-директорды моральға қайшы әрекетке барды, мұнысы білім беру ошағында және тәрбие процесінде басшы лауазымының этикасына сыйыспайды деп санайды.
Сиырқұйымшақ сипат алған істен әбден мазасы кеткен мұғалімдер қала әкімінен «құзырлы органдар анықтаған материалдық құндылықтардың жетіспеушілігіне қатысты комиссия құруды және ұжымдық арыз бойынша қозғалған іске сот соңғы нүкте қойғанша экс-директор Сатыбалдиевті қызметтен мектептен уақытша шеттетуін сұрайды». Сондай-ақ, ұстаздар құқықтық нормалар негізінде білім саласына жауапты мекеме басшының шешімін өзгертуге құқығы барын Әйтеновтің есіне салды.
Жоғарғы-Шымкент соттары vs Прокуратура: Деректер антонимі
Редакция соттан шешімнің өзгеру себебі мен құқықтық негізі жөнінде түсінік беруін сұрады. Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Рахымбеков басқарма экс-директордың өтінішін тікелей өзінен қабылдап алмағанын хабарлады. Басқарма-директор арасындағы дауда мектеп ұжымының арызы ескерілмеген, тек тәртіптік процесс қаралған.
«Өйткені басқарманың Әсет Сатыбалдиевпен арада жасалған еңбек шартын бұзуына (ұжымдық арыздағы – QT) баяндалған мән-жайлар, соңғының қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны немесе оның тарапынан тәртіптік теріс қылықтың орын алуының өз дәлелін табуы негіз болмаған. Сонымен қатар, сот алқасына ұсынылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті тергеушісінің 2021 жылғы 20 мамырдағы қаулысына қарағанда, №207900131000185 қылмыстық ісін сотқа дейін тергеп-тексеру дәлелдемелер жеткіліксіз болуына байланысты тоқтатылған», – делінген Рахымбеков қол қойған жауап хатта.
Осы сарындағы жауапты астанадағы Жоғарғы сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшының орынбасары Елдос Жұмақсанов та қайталады. Жоғарғы сот 28 маусымда редакцияға жолдаған ресми хатында «Сатыбалдиевке қатысты қозғалған №207900131000185 қылмыстық ісі бойынша сотқа дейін тергеп-тексеруі дәлелдемелердің жеткіліксіз болуына байланысты тоқтатылған» деп хабарлады.
Қала прокурорының бірінші орынбасары Нұржан Сейдалиев арызданушы тарапты «прокуратура №207900131000185 қылмыстық ісін тоқтату туралы тергеу органының шешіміне келісуден бас тартып, іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттерін жүргізуге нұсқау бергенін» хабарлаған. Демек іс тоқтамаған. Бірақ Жоғарғы және жергілікті қалалық сот істің тоқтағанын айтады. Сот билігінің екі бірдей инстанциясына жолданған редакция сұрау хатында прокуратура 25 мамырда істі тоқтатпауға шешім шығарғаны көрсетілген. Алайда жабылмаған істі «тоқтады» деп ноқталады.
Осымен қоса, Жоғарғы сот Сатыбалдиевтің «талап арызы азаматтық сот ісін жүргізу тәртібінде қаралған және оған өзге қозғалған қылмыстық істің қатысы жоқ» деген ұстанымда. Тәжиева осыған дейінгі ақпарат құралдарына берген пікірлерінде «мұндай адамды білім саласына жолатпау керегін» айтып, қызметтен босатылуына ұжымдық арыз басты себеп болған деген.
Департамент мәліметінше, жауапкер рөліндегі басқарма талап қоюшы Сатыбалдиевтің «Еңбек кодексінің 56-бабының 4-тармағында көзделген хабардар ету мерзімі ішінде хабарламаны кері қайтарып алу құқығын шектегенін» ескере келе, Тәжиеваның 2020 жылғы 16 қарашадағы №762 «Ә.Ә.Сатыбалдиев туралы» бұйрығы заңсыз деп танылған. Нәтижесінде экс-директор лауазымына оралып, Еңбек кодексінің 161-бабының 1-тармағына сай, оның пайдасына амалсыз бос жүрген жарты жылдық орташа жалақысы өндірілген.
Қазір басқарманың Сатыбалдиевті ақтаған апелляциялық сот алқасының қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхатын Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы қарап жатыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті редакцияның тергеу барысы мен жай-жапсары, тергеушінің істі тоқтатуға тырысу себебі жөніндегі сұрақтарына құпиялық нормасымен (ҚР ҚПК-нің 201-бабының 1-бөлігі) жауап бере алмайтынын жеткізді. Мұғалімдер әу баста істі әділ тергеуге уәдені үйіп-төгіп, артынша істі жабуға ұмтылған тергеуші Нұрдәулет Сәрсенбекке сенімсіздік білдірген. Жуырда басқа тергеуші тағайындалуы мүмкін.
Даудың басы: «Директор – басқарма – ұжым» триадасы
Былтыр күзде Шымкент қаласындағы 125 жалпы білім беретін орта мектебі мұғалімдері әлеуметтік желілерде бірнеше жылға жалғасқан «созылмалы-жүйелі былықтың» бетін ашқан. Арызданушы ұжымның редакцияға және құзырлы органдарға ұсынған дерек-дәйектері бойынша, үш жарым жыл мектепте қаржы жинау, ауызбастырық алу, кәсіподақтың біржақтығы (директорға тәуелділігі), газет-басылымдарға мәжбүрлі түрде жазғызу, от жағушыны жұмысқа орналастырудан бастап декреттен оралған қызметкерді жемқорлыққа итермелеу, каникулда ремонтқа, көрнекілік құралдарға, әкімшілікке салынған айыппұлды өтеуге және туған күн-мерекелерге жөнсіз ақша жинау сияқты кемінде 25 тармақтан тұратын түрлі заңсыздықтар орын алған. Антикор жалпы арызды нақты жағдайлар бойынша толықтыруды сұрағанда әр маман тап болған заңбұзушылық туралы жекелей қосымша арыз түсірген.
Қалалық білім басқармасы, министрліктің (БжҒМ) білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті, мемлекеттік еңбек инспекциясы және мемлекеттік аудит қызметі сияқты төрт бірдей органның зерделеу жұмысымен мектептің өткен 3,5 жылындағы кемшілік шаш етектен анықталған. Комиссия қорытындылары сайтта жарияланды. Білім министрі Асхат Аймағамбетов брифингте, сұхбатында комиссияның екі реттік тексерісі бойынша ондаған тармақтан тұратын олқылық анықталғанын айтып, экс-директор мен оның орынбасары қызметтен шеттетілгенін ашық мәлімдеген.
Дегенмен ұжым-директор арасындағы дау өзгеше өңденіп, экс-директор мен басқарма басшысы тартысына айналды. Сотта бір ұтып, бір жеңілген басқарма елеусіз өз райынан қайтып, бұйрығының күшін жойды. Екі ортада антикор шетін тұсы мен шикілігі көп қалың істі ашық та әділ жүргізуге берген уәдесін ұмытып, кенеттен істі тоқтатуға тырысты. Қоғам назарын аударған қойыртпақ істің қалай шешілері әзірге белгісіз. Редакция көптің көкейінде сұрақ туғызған шулы істі жіті бақылайтын болады.
Антикор дерегінше, ел арасында «жемқорлық ошағы» атанған Шымкент қаласы бойынша білім саласында 2019 жылы 3 қылмыс тіркеліп, оның екеуі сотқа жолданған. Ал былтыр 31 қылмыс тіркеліп, оның 30 сотқа жіберілген. Биылдыққа 4 қылмыс тіркеліп, түгелі сот қарауына ұсынылған.