Қазақстанда жылына жүзден аса бала періштеге айналады. Карантинде Наурыз тойына жарты миллиард шашқан Шымкент әкімдігі «ыстық нүктелерді» бағдаршаммен жарақтауға келгенде неге кеш қозғалды, Қазақстан жолы балалар мен жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз бе деген сауалдарға жауап іздеп көреміз.
Шымкент қаласының әкімдігі ұсынған дерекке сәйкес, былтыр 8 классикалық және 7 белсенді жаяу жүргіншілер өткеліне ескертуші бағдаршам орнатылған.
«2021 жылы Шымкент қаласында жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жалпы саны 12 бағдаршам орнату жоспарланған. Соның ішінде 4 бағдаршам қазіргі таңда орнатылды, 8 бағдаршамжыл соңына дейін орнату жоспарланып жатыр. Сондай-ақ, биыл жалпы саны 12 белсенді жаяу жолаушылар өткелін салынады. Әзірге 3 белсенді жаяу жолаушылар өткелі орнатылды, жыл аяғына қарай тағы 9 өткелі орнатылатын болады», – делінген ресми хабарламада.
Дегенмен «белсенді жаяу жүргіншілер өткеліне» қойылған сигналдық сары-қызыл көзді бағдаршам әрдайым қауіпсіздікке кепіл бола алмайды. Оның мысалын биыл 14 мамырда болған жол-көлік оқиғасынан көруге болады. Күндіз сағат 12.30 шамасында Шымкент қаласы Темірлан көшесінің бойындағы Еуразия дүкені аялдамасынан түсіп, жол ортасындағы жаяу жүргіншілер өтпесінде (пешеход – орысша) өтіп келе жатқан 15 жастағы оқушы Абдукарим Бақбергенді бір жеңіл көлік жүргізушісі жол белгілерін елеместен қатты жылдамдықпен қағып өткен. 9-сыныптың мемлекеттік емтиханын тапсырып үйіне келе жатқан бала ауыр-күшті соққыдан келесі жолаққа қиғашынан кемінде 30 метрге ұшып құлаған. Жасөспірім екі апта реанимацияда жатып, ми бағаны қатты зақымдалғандықтан қайтыс болған.
«Әкесінен аманат болып қалған жалғыз сүйенішім еді, азаматым еді. Жүргізуші ескертуші бағдаршамды көре тұра тежегішті де баспаған. Қарсы беттегі екі жолақ жол беріп тосып тұрғанын, балам жүріп келе жатқанын көрсе де ережеге бағынбай басып кеткен. Жол-көлік оқиғасы орын алған жерден жедел жәрдем қызметі арқылы №1 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген бала 15 күн бойы реанимацияда команың ІІІ ең ауыр сатысында ес-түссіз хәлде жасанды тыныстау аппаратының көмегімен жарты ай жатты. Аталатсаң да боталатпа деуші еді. 29 мамырға қараған түні 00:56 сағатта демі үзілді. Ешкімнің басына бермесін, заңның күші қайда, ешкім елемейді», – дейді анасы Гүлбахар Тілеуқабыл.
Оқиға барысына куә болған Мақсұт Есқали (кейіпкер айтуымен аты-жөні өзгертілді) көліктің алды ашық болғанын әрі кемінде 100 км/сағ жылдамдықпен соққанын айтады.
Жалғыз ұлына үміт артып келген жалғызбасты анасы жол ережесін бұзғандарға жазаны қатайтуды талап етеді.
«Бұл бірінші жағдай емес. Осыған дейін он шақты адам дәл осы жерде зардап шекті. Бағдаршам орнату талабын талай мәрте көтердік. Бәрі нәтижесіз қалды. Бақбергеннің жағдайынан кейін жолақты бояды. Ескертуші бағдаршамды ешкім елемейді. Барыс пен Алаш базарының ортасында бүкіл жүргізуші басады. Себебі жасыл түсті реттелетін бағдаршам, не камера жоқ. Осы арада патрульдер «тиын жасайды», бір бағдаршам орнату үшін міндетті түрде бала періштеге айналуы керек пе еді? Әйтпесе, бұл үлкен жолдың бойы, қалаға қарасты Абай ауданындағы маңызды жол. Мыңдаған тұрғын мекендейді, балалар күнделікті жолдың екі бетімен мектепке барып-келеді», – деп налиды өзін Естияр Ахмет деп таныстырған елді мекен тұрғынының бірі.
Осы мәселе жөнінде редакция сұрауына жауап берген индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховқа сілтеп, «тұрғындар жиі зардап шегетін Темірлан тас жолы 236 мекен-жайы бойынша шілде айының аяғына дейін жаяу жүргіншілер бағдаршамы орнатылады» деп хабарлады.
Жарты ай аурухана алдында түнеген туыстары астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығы, Алматы қаласындағы және Германия, Швейцария, Чехия тәрізді бірқатар елдердегі мамандарға жүгініп, көмек іздеген. Бірақ медицина мұндай жарақатқа қауқарсыз болып шыққан.
Аталған оқиға бойынша Шымкент қалалық Полиция департаменті тарапынан №217900031000303 қылмыстық іс қозғалды. Дегенмен жәбірленуші тарап ЖҚЕ 10 және 14 баптары өрескел бұзылғанына қарамастан, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде полиция жылдамдықты анықтауда шарасыздық танытты дейді.
«Қазақстанда баланы қағып өлтірген немесе өмірлік ауыр зардап келтіріп, күрделі ауруға душар еткен жүргізушілердің заңның жұмсақтығы себепті көбінде мерзімінен бұрын шартты түрде босатылып жатады. Шындап келгенде, іс жүзінде кісі өліміне себеп болған «жауапсыз» жүргізушілер бірер жылда-ақ үйіне оралады, ал орны толмас қайғыға ұшыраған зардап шегуші тарап ештеңені өзгерте алмайды, құқығы қалпына келмейді. Бұл – барып тұрған әділетсіздік және мемлекеттің бұған көз жұма қарауына құқығы жоқ!», – дейді марқұмның туыстары.
Жәбірленуші тарап кәмілет жасына толмаған балаларды реттелетін жол белгілері бар жерде қағып зардап шеккізген кез келген жол қозғалысына қатысушыларға арналған жазаны қатайтуды сұрап Бас прокуратураға, ІІМ мен балалар құқығын қорғау жөніндегі омбудсменге жүгінген. Олардың сұрауына толық жауап берілмеген. Мектептен қайтарда бақиға аттанған баланың тустары соттан әділ жаза сұрайды, ешкімнің жапа шекпегенін қалайды.
ІІМ баспасөз қызметі ұсынған мәліметке қарағанда, Қазақстанда жол бойында қайтыс болған балалар саны азаймай тұр.
«Республика аумағында кәмелет жасқа толмағандардың қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғалары туралы мәлімет:
-
2019 жылы 2220 бала жарақаттанды, 119 бала қайтыс болды.
-
2020 жылы 1482 бала жарақаттанды, 110 бала қайтыс болды.
-
2021 жылдың 5 айында 1107 жарақаттанды, 43 бала қайтыс болды», – деп хабарлайды ведомство редакция сұрағына.
Былтыр елде 4525 жаяу жүргінші орта және ауыр деңгейде жарақаттанған және 562 жүргінші көз жұмған. Бір Шымкент қаласында былтыр жаяу жүргіншілер өтпесінде 149 адам жарақаттанса, тағы 31 адам (2019 ж. 15 адам) қайтыс болған. Жаяу жүргіншілерге арналған жолақта қаза тапқан тұрғындар қатары екі есеге артқан.