Былтыр Шымкент қаласында шу болған 125 мектептегі дау жаңаша сипат алды. Министр мен білім басқармасының басшысы орнынан босатқан және үш жылдан аса білім ордасын «заңсыздық ошағына» айналдырды деген күдікке іліккен, үстінен қылмыстық іс қозғалып, төрт бірдей құзырлы орган қызметінен кемшілік анықтаған экс-директор бұрынғы орнына қайта оралды.
Шымкент қаласының білім басқармасы басшысы Жанат Тәжиеваның орынбасары Айгүл Текебаева және басқарма заңгері аты шығып, қызметімен қоштасқан бұрынғы директорды ертіп келіп мектеп ұжымына қайта таныстырған. Редакцияға хабарласқан арызданушы мұғалімдер мұны заңсыздық пен бассыздыққа балайды.
Қалалық білім басқармасы, білім сапасын бақылау бөлімі, еңбек инспекциясы және мемлекеттік аудит қызметі сияқты төрт бірдей органның зерделеу жұмысымен мектептің өткен 3 жылындағы кемшілік шаш етектен анықталған. Ресми расталған деректің нәтижесінде антикор тарапынан қылмыстық іс те қозғалған. Салдарынан былтыр күзде экс-директор Әсет Сатыбалдиев қызметінен босатылған. Білім министрі Асхат Аймағамбетов комиссияның екі реттік тексерісі бойынша ондаған тармақтан тұратын олқылықтар қорытындысын айтып, экс-директор мен оның орынбасары қызметтен шеттетілгенін жеңістей мәлімдеген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкенттегі департаментінің аға тергеуші Нұрдәулет Сәрсенбек Қылмыстық кодекс бойынша тергеу екі айда сотқа жолданатынын айтқан. 10 желтоқсаннан бері жарты жыл өтсе де ауыр айыптармен күдікке іліккен директор судан таза, сүттен ақ деп танылып, бұрынғы лауазымына қайта тағайындалды. Мұның дәлелі ретінде наразы мұғалімдер редакцияға білім басқармасы Жанат Тәжиеваның бұйрығын ұсынды. Құжатта басқарма жетекшісі 2020 жылғы қарашада шығарған өз шешімін терістеп, Сатыбалдиевтің үйреніскен орнына оралғаны хабарланған.
Бір қызығы – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қозғаған негізгі қылмыстық істің тергеуі аяқталмай, сот үкімі шықпай жатып, экс-директордың басқармамен соттасып, білім ошағының басшысы лауазымына лайық деп танылуы дейді мұғалімдер.
Басқарма басшысы Тәжиева қызмет орнын жоқтап өзімен соттасқан экс-директорды ақпанда жеңгенімен, маусымның басында аппеляциялық деңгейде жеңіліп қалғанын айтады. Ол редакция тілшісіне берген коментарийінде республикалық жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсіргенін мәлімдеді.
Атын көрсетпеуді сұраған дереккөз мәліметінше, күдікті тарап өкілі басқарма басшысы Тәжиеваға туыстық қатынасы бар. Оның өзі де осыған дейінгі редакция қоңырауына берген жауабында алыс туыстық байланысы барын растаған.
Арызданушы мұғалімдер ұжымы бұл шешімді әділетсіздік, заң үстемдігінің жоқтығының көрінісі деп санайды. QT байланысқан Білім және ғылым министрлігі әзірге ресми түсінік бермеді.
Жанат Тәжиева ақпан айындағы сұхбатында «Мен де жеңілмеймін, білім прцесін ұйымдастыра алмаған, өз дәрежесіне келтіре алмаған адамды білім ұйымдарына қайта жақындатудың керегі жоқ» десе де, жазда жағдай басқаша құбылып сала берді. «Шымкенттік шешім» кеседей төңкеріле салады дейді арызданушы тарап.
Үшінші мегаполистің білім саясатына жауапты Тәжиева қысқы мәлімдемесінде сот экс-директордың қызметтен босатылуын негізсіз деп тапқан күннің өзінде басқарма «құзырлы органдар тарапынан бұрынғы директордың тарапынан заң бұзылғаны анықталса, орнынан босатуға құқылы» екенін мәлімдеді. Сонымен қоса, ол Сатыбалдиевке ешқандай қысым болмағанын, босату жөніндегі арызды денсаулық жағдайына байланысты өз еркімен жазғанын алға тартқан.
Былтыр күзде 125 жалпы орта мектебінде бірнеше жылға жалғасқан былықтың беті ашылып, әкімшілік пен ұжымның арасында дау туған еді. Бұл жөнінде ақпарат беттерінде жарияланып, QT жарты жылдан бері зерттеп келеді. 3,5 жыл бұрын есігін ашқан оқу ордасында мұғалімдер «жемқорлық, қаржы-мүлік жымқыру және қызметін асыра пайдалана отырып заңбұзушылықтарға жол берген» алғашқы директор мен маңайындағы орынбасарларын айыптап шағым түсірген. Арызданушы ұжымның редакцияға ұсынған дерек-дәйектері бойынша, үш жылдан бері мектепте қаржы жинау, ауызбастырық алу, кәсіподақтың біржақтығы (директорға тәуелділігі), газет-басылымдарға мәжбүрлі түрде жазғызу, от жағушыны жұмысқа орналастырудан бастап декреттен оралған қызметкерді жемқорлыққа итермелеу, каникулда ремонтқа, көрнекілік құралдарға, әкімшілікке салынған айыппұлды өтеуге және туған күн-мерекелерге жөнсіз ақша жинау сияқты түрлі заңсыздықтар орын алған. Антикор жалпы арызды нақты жағдайлар бойынша толықтыруды сұрағанда әр маман тап болған заңбұзушылық туралы жекелей қосымша арыз түсірген. Арызға 200-ге тарта маман қол қойған.