Қазақстан постназарбаев кезеңіне дайындық бастады. Бірінші кезекте бұл мәселеге активтерінің болашағы алаңдатқан шенеунік, инвесторлар бас қатырады. 30 жылға жуық ел басқарған Назарбаев президенттіктен кеткеннен бастап олар жаңа саяси сценарий құрастырды: шетелге көшу немесе саясатта да, экономикада да өз позицияларын сақтап қалу. Бұл – жеке мүдде. Ал осы 30 жыл ішінде Қазақстан сөз бостандығы, адам құқығы мәселесінде әлемдік рейтингте төменгі орындардан көрініп, «қос билік – авторитарлы жүйе» орнаған мемлекет ретінде танылып үлгерді. Сонымен қатар, биліктегі «кландық» жүйе тұтас ел аумағында қалыптасқан.

Біздің бағалауымыз бойынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың «суперкланы» билеуші элитаның ішіндегі ең күрделі жағдайға тап болып отыр. Дегенмен, негізгі басшысы биліктен кетсе де, қазір клан мүшелері елдегі ең әлеуетті және ықпалды топ беделін сақтап қалған.

Бүгінде отыз жылда орнаған Назарбаев «суперкланының» нақты мөлшерін ешкім білмейді. Бұл жүйенің құрылымы пирамида тәрізді болғандықтан, жер-жерде қалыптасып үлгерген. Пирамиданың жоғарғы жағында Тұңғыш президент пен «Ұлт көшбасшысы», одан кейін інісі, әйелі, балалары, немерелері мен жиендері, ірі олигархтар бар. Осылайша, рулық-туыстық қатынас тәрізді биліктегі басқарушылар осы пирамиданы құрап келеді.

Бірінші президент ұзақ уақыт бойы элитаның өкілі саналатын әртүрлі тұлғалар арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысты. Қазір олардың біразы «даму – көтерілу – кульминация – құлау – оңалу» процестерін бастан кешіп жатыр. Бір тұлға биліктің рақымынан айырылған кезде екіншісі жоғары өрлейтінін ескерсек, элита мүшелері бір-біріне іштей тосқауыл болып, үлкен ықпалға ие болуына жол бермейді.

Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқаруы да мына 3 факторды аңғартады. Біріншіден, Қауіпсіздік кеңесінің президент әкімшілігі және үкіметпен қатар заңды құқықтарға ие, жеке бюджеті бар, конституциялық құрылым болып бөлініп шығуы оған Ақорда маңындағы саяси топтар арасындағы билік тепе-теңдігін ұстап тұруға септігін тигізеді.

Екіншіден, Назарбаев бұл кеңесті жеке дара басқару арқылы билік транзитін жеңіл әрі қауіпсіз жүзеге асыруды жоспарлаған.

Үшінші: Қауіпсіздік кеңесінің президент әкімшілігі, үкімет және парламентпен тең дәрежедегі саяси құрылым болып қайта құрылуы билік транзиті кезінде болуы мүмкін клан аралық тартыстардың немесе керсінше күш біріктірулердің болу ықтималдығын төмендетеді.

6 шілде – астанада туған күн, Қазақстанда «қаралы күн» 

Аймақтардағы «мини-назарбаевтар»

Басқарушы биліктегі негізгі «суперклан» аймақ-аймақтарға таралып, нәтижесінде «мини-назарбаевтар» қалыптасқан. Бұл сөзімізге бір ғана мысал келтірейік.

Сәуір бойы Алматы облысының тұрғындары «кландық жүйемен басқаратын» Сабырбаевтар отбасын қызу талқылады. Отбасының басшысы Амандос Сабырбаев Ақсу ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарса, жұбайы Сәуле Сабырбаева осы ауданның кәсіпкерлік бөлімінің меңгерушісі болған. Ал олардың ұлы Санжар Сабырбаев өңірдің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған. Демек, ұлы анасының қызметіне жетекшілік еткен, ал Амандос Сабырбаев үйде де, қызметте де әйеліне нұсқау беріп, оның жұмысын бақылай алған.

Алматы облысының мемлекеттік қызмет істері департаментінде бірлесе қызмет етіп жүрген үштікке тұрғындардың назары ауды. Кейіннен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бұл отбасының мүдделер қайшылығына қатысы бар-жоғын анықтады. Нәтижесінде бірлесе жұмыс істейтін отбасылық кланның кей мүшелері қызметін ауыстырды. Бұл – аймақтардағы «мини-назарбаевтардың» бір парасы ғана.

Биліктегі әулеттің болашағы

2019 жылы 20 наурызда Қазақстан парламенті сенатының депутаттары Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваны сенат төрағасы етіп бірауыздан сайлады. Экс-президенттің қызы 2016 жылы қыркүйекте әкесінің жарлығымен сенат депутаты болып сайланып, кейін сенаттың халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін басқарды. Осылайша, Қазақстанда 30 жылға жуық билік еткен Нұрсұлтан Назарбаев қызметінен кеткен соң оның үлкен қызы мемлекетті басқару жүйесіндегі екінші тұлғаға айналды. Әкесінің отставкасынан соң «қызы оның орнын басуы мүмкін» деген болжамдар да айтылған.

Сол жылы Назарбаев президент қызметін үзеңгілесі Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырып, өзі отставкаға кетті. Қызметіне кірісе сала Тоқаев халықаралық қарым-қатынастағы сабақтастықты сақтап, ел ішінде біртіндеп реформа жүргізуге уәде берген. Бірақ ол алдыңғы басшы құрған жүйенің ізін жалғайтынын айтты. Бірінші президенттің үстемдігін мойындап, астананы оның атымен атады.

Фото: knews.kg

Де-юре тұрғысында Қазақстан президенті қызметін Тоқаев атқарса да, негізгі билік Назарбаевтың қолында екенін бірнеше сарапшылар айтып та, жазып та келеді. Елде саяси белсенділерге үкіметтен қысым көрсетумен қатар, БАҚ бостандығы мен адам құқықтары мәселесінде де халықаралық рейтингтерде «қанағаттанарлықсыз» орында тұрған Қазақстан «қос билік» орнаған мемлекет ретінде танылды.

«Суперклан» тақырыбына қайта оралар болсақ, Назарбаевтың көптеген жақын туыстары бүгінде билікте де, оның жанында да жүр. Бұл – кеңестік диктаторлардан басты айырмашылық десек те болады. Соңғы он жарым жыл ішінде экс-президенттің жақын туыстары мен жақындары елеулі саяси проблемаларға тап болса да, кез келген жағдайда үстемдік танытып келеді.

Егер жоғарыда айтылған пирамида құраушыларына мемлекеттік қаражатты жымқыру айыптары бойынша ауқымды қылмыстық іс қозғалса, постназарбаев кезеңіне дейін ірі саяси өзгерістер орын алар еді. Теориялық тұрғыдан алғанда, бұл қадам дұрыс болуы мүмкін. Бірақ оның орын алу, даму ықтималдығы жоғары емес. Ал қандай жағдай болмасын, «суперклан» көшбасшысының биліктен түбегейлі кетуі оның мүшелерін мобилизациялауға және олардың өз отбасынан Назарбаевтың ізбасарын ұсынуға әкеледі.

Екінші жағынан, «суперклан» түпкілікті түрде Назарбаева мен Нұрәлі Әлиев, Тимур Құлыбаев (Динара Құлыбаеваның қатысуынсыз), Әлия Назарбаева, Қайрат Сатыбалды және Самат Әбіш, Ахметжан Есімов, Болат Назарбаев, Әсел Құрманбаева (Исабаева) және оның ұлдары Тауман Нұрсұлтанұлы мен Байкен Нұрсұлтан кландарына ыдырауда.

"The Qazaq Times"