Қабдеш Жұмаділов есімімен студент кезімде 1980 жылдардың соңында таныстым. Одан бұрын да Тарбағатай өңірінің қазақтарын Қазақстанға бастап кетіпті деген еміс-еміс әңгімелерді еститінбіз. Ол біздің көп нәрсеге көңіл бұра бермейтін бала кезіміз ғой.
1988 жыл Іле Педагогика институтының Филология факультетіне оқуға түстім. Сол кездің өзінде институт кітапханасы Қазақстан жазушыларының кітаптарына аса бай екен. Бай екен дейтінім, бізге Қазақстан ақын-жазушыларының шығармалары бертінде, Қазақстан егемендік алып, арадағы шегара толығымен ашылып, арлы-берлі жұрт ағыла бастағанда ғана молдап жете бастады. Одан бұрын бірен-сарандап болмаса, шөлімізді басар, көкірек көзімізді ашар бағалы кітаптар қолымызға түсе бермейтін.
Іле Пед. институтына оқуға түсу бізге, әсіресе, әдебиетке құмар жастарға мол мүмкіндік берді. Соның бірі мен айтып отырған кітапхана. Сол кітапханада М.Әуезовтен бастап қазіргі көзі тірі классиктердің шығармары да болды. Сондай күндердің бірінде қолымызға Қабдеш Жұмаділовтың "Тағдыры" мен "Қаздар қайтып барады" деген кітаптары түсті. Шығармаға арқау болған оқиғалар біздің өмірімізге тым жақын болғасын ба немесе қаламгердің суреткерлік қуатының орасандығын ба, әйтеу, бұл шығармалар бізді қатты баурап алды. Студенттер алмакезек жата-жастана оқыды. Ал, "Соңғы көш", "Дарабоз" секілді романдары Қазақстаннан туысшылай келген елмен бізге жетті. Кейінтінде, 1995 жылдары болу мүмкін "Таңғажайып дүниесі" қолдан қолға өтіп, біздегі оқырманның сүйікті кітабына айналып кетті.
Мен содан бастап Қабаң атын ардақтап, классикалық шығармаларына тәнті болдым. Жазушының есімін арғы беттегі ағайындар да ұлы Әуезов бастаған алыптар шоғырымен бірге атап, қадір тұта бастады. Сол кездегі біздің жұртта көп оқылатын Ілияс Есенберлиін, Оралхан Бөкей, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаевтардың қатарында Қабдеш Жүмаділов те бар еді. Тағы бір сөзбен айтқанда, Қабаңның эпиалық құлашы кең, көркемдік бояуы мол шығармаларының біздегі әдебиетке ықпалы зор болды. Әсіресе, тарихи тақырыпта жазған кесек туындылары көптеген қаламгерге қанат бітіріп, шабыттандырып жібергені шындық.
2004 жылы атамекен - Қазақстанға біржола қоныс аудардым. Қабаңды алғаш көруімде сол кезде болды. 2005 жылы болу мүмкін, Жазушылар одағына барған бір сәтімде кезігіп қалдым. Жасқана барып сәлем бердім. Сәлемімді алды. Күнде көріп жүрген азаматтардың бірі шығар деп ойлаған болу мүмкін, қысқаша ғана қал-жағдайымды сұрады да, қасындағы мен тани бермейтін адамдармен әңгімесін жалғап кете барды. Кейіннен Қабаңды көп көріп жүрдім. Қытай түрмесіне өмірінің қырық жылын берген ұлы жазушы Қажығұмар Шабданнын "Қылмыс" романының алты томдығының тұсаукесерінде де Қабеңмен бірге болдым. Бұл кітаптың жарық көруіне Қабаңның еңбегі ұшан теңіз екенін білдім. Қажығұмар Шабдан өмірден өткенше, өткеннен кейін де Қабаң даңықты жазушы ағасының іздеушісі, жоқтаушысы болды. Қажығұмарды көзі тірісінде атамекеніне әкелу үшін билікке батыл талаптар қойды. Оны осындағы қазақ қоғамы жақсы біледі деп ойлаймын. Міне, бұл Қабаңның нағыз азаматтық мінез еді! Мұндай батылдық пен шыншылдық, үлкен кесік, кісілік Қабаңның бойынан көптеп табылатын. Қабаң ұлт тағдырына, мемлекет мүдесіне, алыстағы қандастар мәселесіне келгенде, ешқашанда үнсіз қала алмайтын. Өз көзқарасын жаудан беті қайтып көрмеген Қабанбай бабасынша асқақ тұрып, батыл айтатын.
Менің Қабаңмен толық танысуым, аз-кем араласуым былай болды. Бір кездері Қабеңе "Кездік" деген өлең арнағаным бар. Ол өлең топтамаларыммен бірге "Қазақ әдебиетіне" шықты.
Кездік
(Қабдеш Жұмаділовке)
Ер жігітті танытар ісі егесте,
Алып шығар ақылдың күші емес пе.
Сені көрсем, Қабеке,
Нар атамның
Мүйіз сапты кездігі түседі еске.
Кәнігі қарт аң жайын білетұғын,
Білетұғын қуатын бұғы етінің.
Қонышына шегірен етігінің
Сол кездігін жасырып жүретұғын.
Еркін өскен,
Ерке өскен зайырында,
Ерлік енші даланың қай ұлына.
Жұрт біледі:
Сұлатқан атам менің
Орқашардың апайтөс аюын да.
Тұрған сосын, қасқайып тасып, толып,
Жолдасына олжасын шашып, бөліп...
Сүйсіне ол қараған кездігіне,
Бармағымен жүзін бір басып көріп.
Астындағы айғыры кісінеуік,
Жаулары да жаситын мысы кеміп.
Көкжалдар ма?
Көкжалдар ауып кеткен,
Атамыздың кездігі түсіне еніп.
Ата кетті ...
Естіртпей ақырғы үнін,
(Аңыздай ғып тек ескі батырлығын).
Кездік тұтар тұқымның түрі менмін,
Мойтап болып сандықта жатыр бүгін...
Ер жігітті танытар ісі егесте,
Алып шығар ақылдың күші емес пе.
Сені көрсем, жан аға,
Сол атамның
Мүйіз сапты кездігі түседі еске.
Ақиқаттай уыздың нәрі кетіп,
Көңіл деген кесенің бәрі кетік.
Ал, сен болсаң жүргенің шыңболаттай,
Жалғандықтың жүрегін жарып өтіп.
Ері жұртта қалса да,
Езі көшіп,
Ертеңгіге ойлының сөзі несіп.
Сені ұстауға қоғам – шал қорқақ тартар,
Алам ба деп өз қолын өзі кесіп...
Сол жылдары болу керек, қасымда Ауыт Мұқибек досым бар жазушылар одағына бара қалдық. Сол жерде Қабаң бар екен. Имене барып сәлем бердік. Ауытты бұрыннан біледі екен. Сосын Ауыттың қолқалауымен Қабаңды ертіп жақындау маңдағы кафенің жаздық шатырының астына жайғаса қалдық. Бір кесе ыстық кофеден кейін барып бұл бала кім дегендей бетіме қарады. Ауыт аты-жөнімді айтқаны сол -ақ екен, Қабең жібіп сала берді. Өзіне арнаған өлеңімді оқыпты. Мінезін ашқан болу керек, сол өлеңге разы екенін айтты. Кейін сол өлеңді 80 жастық мерейтойына арнап шығарған көп томдығының мақалалар мен одалар бөліміне кіргізді. Содан бері, Қабаң бұл жалғанмен қоштасқанша жақын жүрдік. Арғы беттен келген ағайындардың келелі жиналыстарында Қабаң төбедей боп төрде отыратын. Төредей боп, өзінің ойларын, түйгенін, кесігін айтатын. Ол кісінің ықылас-батасын алу біз үшін үлкен мәртебе, биік аброй саналатын.
Данышпан Мұхтар Әуезовтың алдын көрген, дәрісін тыңдаған Қабаңның қазақ әдебиетіндегі орны да тым биікте болды. Шығармалары бергі және арғы беттегі ағайынның құнды дүниесіне айналды. Ұлы қаламгер біздің туған топырағымыздың және онда өмір сүрген адамдардың қилы тағдырын жазды. Сол өлкенің өксігі мен арманын жеткізді. Расын айтқанда, Қабдеш Жүмаділов ел-жұрты алдындағы парызын адалдықпен асыра орындаған ірі тұлға, дарабоз жазушы!
Бақұл болыңыз, сойы текті Қабдеш аға!