Қазақсанның білім министр Асхат Аймағамбетов 8 сәуір Орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте әдетте сайлау кезінде биліктің «қолбаласына» айналатын мұғалімдерді Ұлттық халық санағын ұйымдастыру ісіне еріксіз қатыстырмауға күш салып жатқанын жеткізді. Министр өзі басқаратын саладағы коронавирусқа шалдыққан оқушылар мен педагогтар санын білмейді.
Қазақстанда көктем туғалы 50 мыңға тарта сырқат анықталып, 500-ге жуық адам қайтыс болды. Кейбір өңірлер «қызыл аймаққа» енгелі бері бір айға тақады. Әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан «кезекші сыныптарды» да қашықтан оқ форматына ауыстыруды талап еткен пікір көбейді.
«Жағдай қазіргідей ушыға берер болса, онда толығымен онлайн форматта оқуға тура келеді. Барлығы эпидемиологиялық ахуалға және қауіпсіздік мәселеге байланысты. ...Дәстүрлі форматқа ауысқан соң аурушаңдық көбейді деген пікірлер де бар. Бірақ жақсылап талдайтын болсақ, дәстүрлі оқыту жүйесінде ауру деңгейінің соншама күрт өскені байқалмайды», – деді министр Аймағамбетов редакция сұрағына.
Оның айтуынша, осы оқу жылы басталғалы 13 мыңнан астам бала ауырған. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда пандемия кезінде науқастанғандар саны 312,5 мыңнан (КВИ+ 261,5 мың, КВИ- 51 мың) асқан. Тілшінің коронавирус пен пневмонияға шалдыққан оқушылар мен мұғалімдердің есебі туралы сұраққа министр «мектепте я үй жағдайында жұқтырғанын анықтау министрлік құзіретіне кірмейді» деді.
– Мұғалімдерді өзіне тән емес жұмысқа тартпауымыз керек дейміз, мектеп әр балаға күнделікті хабарласа алмайды. Баланың ЖРВИ немесе коронавирусқа шалдыққанын нақты анықтап, күнделікті белгілеп отыру мектеп педагогтарының құзіретіне кірмейді. Біздіңше, бұл дұрыс емес. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйенеміз. ...Мұғалімдер мұны арнайы есеп ретінде жүгізбейді. Бірақ біз сіздің ұсыныңызға сәйкес тиісті министрлікпен бірге жұмыстанып, бұл ақпаратты жинап беретін боламыз, – деді ол.
Бұдан өзге QT тілшісі министрлік басшысына биыл күзге жоспарланған Ұлттық халық санағына мұғалімдердің қатысу-қатыспауына байланысты сұрақ қойды. Аймағамбетов жұмыс «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында жүргізілетінін жиі қайталады. «Заңнамаға сәйкес, мұғалімдер бөгде жұмысқа тартылмауы тиіс».
– Біз алда болатын іс-шараға қатыспау бойынша тиісті жұмысты жүргіземіз. Біздіңше, санақ болсын, басқа болсын, мұғалімдердің қатысқаны дұрыс емес. Өйткені санаққа арнайы қаржы бөлінеді. Мұғалім өзінің сабағы мен функциясын орындауы керек, – деді.
Министр биыл 10 қаңтарда өткен Парламенттік сайлауды ұйымдастыру ісіне күштеп тартылған мұғалімдер жайлы бейхабар екенін, мәселе тек шағым бойынша қаралатынын айтады.
«Құқығы бұзылғаны жайлы шағым түскен бойда дереу жауапқа тартамыз. Биыл қаңтар айынан бастап барлық өңірде педагогикалық әдеп жөніндегі кеңесте жүзден аса лауазымды тұлғалар заңнаманы бұзғаны үшін жауапқа тартылды. ...Мұғалім жеке құқықтары негізінде әртүрлі саяси-әлеуметтік қозғалыстар мен партиялардың іс-шарасына қатысам десе, оның өз еркі. Егер мәжбүрлеп тартылса, онда тиісті жұмыс жүргізіледі», – деген министр сайлауда «қызметі сіңген» мұғалімдердің санын ұсына алмайтынын мәлімдеді.
Ашық дереккөз мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда 7,5 мыңнан аса мектепте 3,3 млн оқушы білім алады. Онда 350 мыңдай педагог бар. Елдегі әрқандай ірі саяси науқандар, олардың қатарында халық санағы мен сайлауды үйлестіру процесіне онмыңдаған мұғалімдер қатысатыны белгілі. Бұған наразы мұғалімдер, азаматтық белсенділер ұстаздарды сайлау ісіне араластырмау мәселесін көп көтерген. Бірақ отыз жылдық супер-президенттік режимдегі билік бұдан әлі де бас тартар емес.
Көптеген фальсификация әрекетімен есте қалған биылғы сайлауды ЕҚЫҰ миссиясының «шынайы бәсекесіз әрі демократиялық талаптарға қайшы өтті» деп бағалаған. Батыс байқаушылары осы уақытқа дейін Қазақстанда өткен сайлаудың бірде-бірі «демократия талаптарына сай өтпегенінй айтады.