Алматыда Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынап, туыстарына бостандық сұраған қазақстандықтардың наразылық акциясын өткізіп жүргеніне 50 күннен асты.
Күн түнеріп, жауын сілбірлеп тұр. Жер сыз тартады. Сейсенбі күні сағ. 11.00 шамасында Қытай консулдығы орналасқан көшеге осы уақытқа дейін шығып жүрген он шақты адамнан үш әйел тағы келді. Олар басқалары ауырып қалғанын, кейбірінің жеке мәселелеріне байланысты келе алмағанын айтады. Полиция әдеттегідей елшілік ғимаратына баруға тырысқан кейуананы жуытпады.
Консулдық алдына жиналғандар «Консул лагерін жапсын!», «Қытай, қазақты қорлама», «Отбасымызды жіберсін», «Туыстарымызға еркіндік берсін», «Жазықсыздарды босатсын», «Қазақты қорламасын», «Геноцид тоқтатылсын!» деп айқайлады.
Қарсылық акциясына үздіксіз шығып келе жатқан наразылар туыстары мен отбасы мүшелерінің негізсіз айыптармен ұзақ жылдарға сотталды деп налиды. Кейбірінен бірнеше жыл бойы із-хабар үзілгенін, тіпті тірі я өлі екенін білмейді дейді. 70 жастағы анасына сұрау салған Гүлпия Қазыбек «консулдық алдына пикетке шыққаным үшін Қытайдағы ініме ескерту жасалыпты» дейді. Жеңісхан Жаңбырбай, Ләззатқан және Қайнигүл Қанабекқызын іздеген азаматтар билік тарапынан тұщымды қадам болмағанына ашынады.
«Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан ұлдарыма тағылған негізсіз айыптарды алып, елге оралуына көмектесуін сұраймын», – дейді қарт кейуана.
Консулдық маңындағы азаматтық акциядан бірнеше аптадан бері әлеуметтік желілерде тікелей эфир жүргізіп жүрген белсенді Серік Әжібай өзінің полицияға шақырылғанын хабарлады. «Баһадүрбек көшесіндегі баһадүр аналардың талабы іске ассын» деп наразыларға болысып жүрген оған Алматының Медеу аудандық полиция басқармасы қызметкерлері 28 наурыз түнде хабарласқан. Аудандық полиция басқармасының бастығы Дәурен Өтебаевтың қолы қойылған қағазда Серік Әжібайдың 1 ақпаннан бері бір топ адаммен елшілік орналасқан аумақта «Қытай азаматтарын қорғап, рұқсат етілмеген пикет өткізіп жүр» деп жазылған. Арыз иесі Әжібайды Әкімшілік кодекстің 488-бабы бойынша жауапқа тартуды сұраған деседі.
Екі айға жуық уақытқа жалғасқан наразылық ұйымдастырушыларына консулдықтан ешкім шықпаған. Сыртқы істер министрлігінен өкіл де келмеген. Бұған дейін Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо СІМ сұрауынан кейін Шыңжаңда қамалған қазақтардың «ҚХР азаматы» екенін және олардың «заң бұзғаны үшін жауапқа тартылғанын» мәлімдеген еді.
Халықаралық ұйымдар Бейжіңді Шыңжаңда түркітілді мұсылмандарды қудалағаны үшін айыптап, бірқатар батыс елдері Қытайға санкция салған.