Алматыдағы Қытай консулдығының алдында туыстарына араша сұраған бір топ әйелдің қарсылық акциясына шығып жүргеніне бір айдың жүзі болды. Не Қазақстан Үкіметі, не Қытай елшілігі үн қатар емес.

Бүгін 11 наурыз күні митингке шыққан наразылардың кейбірі денсаулығы сыр беріп, қан қысымы көтеріліп талып қалды. Акцияға қатысушы 57 жастағы Күлбара Өмірәлі Қытайда 1995 жылғы інісінің діни сеніміне бола 15 жылға сотталғанын, оның негізсіз айыпталғанын ашына айтты. Сонымен қоса, бүгінгі наразылыққа осыған дейін Қытайда сотталған інісін босатуды талап етіп санкцияланбаған пикет өткізгені үшін 10 күнге қамалып шыққан белсенді Байболат Күнболатұлының 60 жастағы анасы Зауатхан Тұрсын да қатысты.

Бейсенбі күнгі наразылық жиынына әдеттегідей жергілікті әкімдік пен прокуратура қызметкерлері келіп шараның заңсыз екенін алға тартып, ескерту жасады.

Себепсіз қамалған туыстарын босату талабымен ақпан айының басынан бері күн сайын консулдық алдына келіп жүрген көпшілік Қазақстан билігінен көмек сұрайды. Бұдан өзге, олар халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдарынан көмек сұрау үшін ақша жинауға да кіріскен.

Сыртқы істер министрлігі 25 ақпанда Ақорда мен Бейжің Қытайда қалған қазақтар мәселесін онлайн режимде талқылағанын хабарлаған. Бірақ консулдық алдында митингке шығып жүргендер талай талқы өтсе де нақты нәтиже болмағанына қапалы.

«Қытай геноцидін тоқтатуды» талап еткен азаматтар шекараның арғы бетінде негісіз ұзақ жылдарға сотталған туыстарын тез арада босату және елге жіберуді сұрайды. Нақақ қамалып отыр делінген жандардың арасында Қазақстан азаматтары да бар. Құзырлы органдар олар мемлекет қорғауында екенін айтқанымен, билік азаматтары мен қандастарымызға араша болудың орнына, осындағы наразыларды жауапқа тартып әлек.

"The Qazaq Times"