Еуропалық одақ Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысым жасағаны үшін Қытайға санкция салды. Одаққа мүше 27 елдің қара тізіміне Қытайдың төрт шенеунігі және мемлекеттік бір мекеме енген.
Қара тізімге енгендер Еуропа одағына кіре алмайды және активтері бұғатталады.
Бұған дейін АҚШ-тың экс-мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қытайдың Шыңжаңдағы әрекетін геноцид деп таныды. Кейіннен Қытай СІМ америкалық шенеуніктерге санкция енгізетінін айтты. Бейжің билігінің Шыңжаңдағы әрекеттерін геноцид деп тану – Трамп үкіметінің биліктен кетер алдында Қытайға қарсы соңғы шарасы. Шыңжаңдағы аз санды ұлттарға жасалған қысымдар мен Бейжіңнің адам құқықтарын ауыр дәрежеде бұзу әрекеттері көптеген елдерде талқыланып келді.
2018 жылдың тамызында БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссар басқармасының өкілдері Шыңжаңдағы түзету лагерлерінде 1 млн-ға жуық мұсылманжардың заңсыз ұсталғанын және адам құқықтарының тапталғанын мәлімдеді. Басқарма бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, осы аймаққа бақылаушылар жіберуді ұсынды.
Қытай билігі Шыңжаңда пенитенциарлық мекемелердің ауқымды желісін құру туралы ақпаратты бірнеше рет жоққа шығарды. Сонымен қатар, 2018 жылдың соңында олар өңірде білім беру және кәсіптік даярлау орталықтары жұмыс істейтінін хабарлаған. Қытай шенеуніктерінің мәлімдеуінше, онда терроризм мен экстремизм идеяларының ықпалына түскен, қытай тілін, жазу негіздерін, коммуникативтік дағдыларды және ҚХР заңнамасының негіздерін оқитын адамдар бар. Бұл орталықтардағы адамдардың нақты санын Қытай билігі жасырын ұстап отыр.