Биліктегі «Нұр Отан» партиясын жиі өткір сынайтын белсенді Санавар Закирова «саяси астары бар әрі әділетсіз» деп санайтын сот шешімдерінің күшін жоюды және партия құруға мүкіндік беруді талап етеді. Оны былтыр қыркүйекте қазақстандық құқық қорғаушылар саяси тұтқын ретінде таныған. 16 наурыз Еуроодақ өкілдігіне «Нұр Отан» басшылығы мен оның кейбір мүшелеріне жеке санкция салуды сұрай барған топтағы белсендімен редакция тілшісі әңгімелесіп көрді.
Осыған дейін ақпанның 11-і Қазақстанда адам құқықтарының жағдайы нашарлауына байланысты 20 талаптан тұратын қарар қабылдаған Еуропарламент депутаттары құқық бұзуға жол берген лауазымды тұлғаларға санкция салу туралы бастама көтерген.
Еуропарламент депутаттарына жодаған арызыңызда кімдерге санкция салуды сұрадыңыз?
– Өкілдік қызметкері карантин шектеуіне байланысты барлық арызды бір кісі алып кірсін деді. Сосын мен 13 адамның шағымын жинап алып кірдім. Арызымызды аудармашы-хатшы Исаева мен шетелдік бір азамат қабылдады. Әділдік іздеп сарылған арыз берушінің әрқайсы өз сот төрағасына, сот орындаушысы мен прокурорына санкция салуды сұрады.
Ал сіз?..
– Мен партияның жетекшілеріне санкция салу талабымен бардым. «Жетекшілері кім?» деген сұраққа орай Нұрсұлтан Назарбаев пен орынбасары Бауыржан Байбекті атадым. Барғандардың арасында Бибігүл Тұяқова Назарбаевтың үстінен санкция берілуін сұрады. Ақпарат құралдарына таратқан арызда билік партиясының басшылығымен қатар жоғары сот төрағасы Жақып Асанов, бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов, бас поицей Ерлан Тұрғымбаевқа санкция енгізуді қалаймыз.
Ақпарат құралдары жазған мәліметтерге қарағанда, бір емес бірнеше рет қамалып, қомақты көлемде айыппұл арқалағансыз. Өзіңіз «қудалау» деп санайтын жолға алып келген нендей жағдай?
– Екі рет бес тәуліктен қамалдым. Еш негізсіз митингке қатысты, полицияға қарсылық көрсетті деген айып тақты. Одан кейін «Нұр Отан» «беделіне нұқсан келтірді» деген желеумен 2019 жылғы 15 қарашада Алматының Жетісу аудандық соты 6 млн теңге айыппұл салды, бұл сот орындаушысының алымымен 7 млн-ға шамалас. Айыппұлды үш адам бөліп өтесін делінген, өзге екеуінің төлеуге жарамайды, мүгедектігі бар жандар. Қазір кәсіпкер болған соң өзім төлеп жатырмын. Әзірге 2 млн-ын төлеп қойдым.
Бір қызығы, сот арыз түскеннен екі күн өтпей жатып үкім шығарды. Партия үстімнен 13 қараша арызданған бойда сот 15-і жазаға кесті. Сол кезде астанадағы орталық «Әзірет Сұлтан» мешітіне барып халықтан садақа сұрадым, партияға өтеуім керек деп. Мұным үшін де 12 мың 600 теңге әкімшілік айыппұл салды.
Медеу аудандық сотының шешімімен (2020 жылдың 15 шілдесінен 2021 жылдың 22 қаңтарына дейін) жарты жылдан астам уақыт қамауда отырдым. Қалған үш айдай мерзімнің өтеміне 57 мың теңге көлемінде айыппұл төлеп шықтым.
Осыншама шырғалаңға жеткізген қайнар себеп қайсы? Не түрткі болды?
– Қарапайым жеке кәсіпкерден азаматтық белсендіге айналдырған – құқықтық жүйедегі әділетсіздік. Соттың заңсыз шешімін терістеймін деп жүріп биліктің шынайы бет-бейнесін таныдым, жерідім. Бірнеше жыл бұрын Қарағанды қаласының мемлекеттік кірістер департаменті тұрақтағы автокөлігімді еш құжатсыз, атқару парағынсыз, сотқа шақырмастан, тіпті сотсыз, заңсыз алып кетті. Сот шешімі болса, аплеляцяға жүгінер едім, еш дерек жоқ. Не дерекқорда Закированың көлігі алынды деген мәлімет жоқ.
Демек, бұған дейін қарапайым кәсіпкерлердің қатарында жүрген сізді «құқық бұзушылыққа қарсы күрес» азаматтық белсендіге айналдырғаны ғой, солай ма?
– Әлбетте. Осы іс бойынша баспаған тауым, тартпаған тұтқам жоқ. Бас прокуратура, «Нұр Отан» партиясы, Антикор... Көлігімнің заңсыз тартып алғанын айтып қаншама бардым, бәрі заң сіз жақта дейді, бірақ заң іске келгенде жансыз. Мүлкімді жоқтап, әділдік іздеп лажсыз «Кітапханаға» барам дегенде бес күнге жапты. Артынан «Ақордаға» арызымды өткізем деп барғанда тағы бес тәулікке қамады. Ойлап қарасам, Қазақстанда заңның аты бар да заты жоқ, жүгінер ақиқат жоқ. Ақыр соңы 11 ақпан күні Еуропарламент қабылдаған Қазақстандағы адам құқығы жайлы қарардан кейінсанкция сұрап, елордадағы өкілдігіне жүгіндім. Осылайша көлігімді қайтарам деп жүріп азаматтық белсендіге айналдым.
Түсінікті. Абақтыға жабылған соң көп өтпей босауыңызды себебі неде?
– Азаматтық белсенді ретінде партия құрам деген райымнан қайтпаймын. Былтыр 20 қаңтар астанада «Біздің құқық» («Наше Право» – орысша аудармасы) бастамашыл тобының штаб-пәтері ретінде кеңсе ашып, адамдарды тіркей бастаған едік. Алға 10 қаңтарда өткен парламенттік сайлауға қатысамыз деп мақсат еткен едік. Бірақ орта жолда маған жала жауып, қамап тастады. Сайлаудан кейін босата салды.
Санавар ханым, азаматтық белсенділер арасында «Нұр Отан» билік партиясын ашық сынаған, оның «үрейін» айтып жүрген жандардың бірісіз. Сіздіңше, «Нұр Отан» неден қорқады, ашыңқырап айтсаңыз?
– Анығында партия құрып, оны тіркеу қиын іс емес. Десе де билік-«Нұр Отан» партиясы шынайы әрі ашық бәсекеден тартынады, оны қалмайды. Неге десеңіз, «Нұр Отан» «фейк партия», құжат жүзінде бір миллион адам мүше болғанымен, оның бәрі еркімен кіргендер емес. Мемқаржыға қатысы бар алпауыт компаниялардың қызметкерлері, мұғалімдер мен дәрігерлерді партияға мәжбүрлеп өткізген. Онымен бірге, олардың жалақысынан жарна алып отыр. Егер оларға қазір таңдау еркі беріліп, рұқсат етсе, басым бөлігі «Нұр Отаннан» қашып кетер еді. Мұны партия басшылары жақсы біледі. Бұл партия 20 жылда халыққа ештеңе жасаған жоқ, ешқандай жеңілдік әкелген жоқ, экономика өте нашар. Ел әбден кедейленді, осы себепті «Нұр Отаннан» безер хәлде. Егер тәуелсіз жаңа партия құрылса, көпшілік даусын сонда беруге даяр тұр. Бұған 2019 жылғы президент сайлауы айғақ бола алады. Жұрт бірауыздан Қосановты қолдағанда ол елдің сенім-үмітін жер қылғаны есімізде. Сол кезде-ақ халық «Нұр Отан» партиясының адамдарына дауыс бермейтіні белгілі болды. Бұны партбасшылар жақсы біледі. Жаңа партиядан жеңіліп қалудан қорқып, тіркемейді.
Билікке қарай қайсыбір саясаттанушылар сияқты жүйенің ішінен баруға қалай қарайсыз? Былтыр күзде бостандықта болғаныңызда, оған қоса «Нұр Отаннан» ұсыныс жасалғанда, қайткен болар едіңіз?
– Мен ашық адаммын, ақты – ақ, қараны – қара деймін. Сол кезде ұсыныс еткенде, «Нұр Отан» болса да, басқа партия болса да кіретін едім. Айтатарымды айтып, істерімді істеп заңға арқа сүйер едім. Түптеп келгенде, билік мені шақырмайды. Себебі олар менің тікмінез екенімді біледі. Мен өте қатал адаммын, алдап-арбауға ермеймін, тек заңға иек артамын, заң бұзбаймын және өзгелерден де соны талап етемін. Заң жазылды ма, бәріне бірдей болуы керек.
Демек, ұстанымыңызда «бейресми мәміле» болмай ма?
– Мына билікпен келісудің ешқандай мүмкіндігі жоқ. 2018 жылдан бері Ақордаға, Жоғары сотқа, Бас прокуратура, Антикорға, «Нұр Отанға» да талай бардым. Жаздым, айттым, түсіндірдім, сұрадым... Олар адамды түсінбейді, түсінсе де әдейі істей ме, халыққа ешқандай көмек бермейді. Сонда көзім жеткені – мына биліктен халыққа қайыр жоғына. Сондықтан да ешқандай түсіністік, ешқандай келісімнің мүмкіндігі жоқ. Олар елге елжіремейді, ұрлағаннан басқа түк білмейді.
Әдетте Қазақстанда азаматтық белсенділерге түрлі жолдармен қысым жасалады немесе жеке мүлкіне зиян келтіріледі. Ең көп таралған әдістің бірі – жақындарын ескерту, көлігін өртеу сияқты. Осы уақыт аралығында сізге әлдебір тараптан қандай да бір күш көрсету әрекеті болды ма?
– Күйеу балама жұмысынан қысым жасалды. Туыс-жақындарымның көбі жұмыссыз болғандықтан, аса күш көрсете алмады. Туристік компаниям бар-ды, қамауда отырғанымда бас-көз болар өзім жоқ, соңында ісім жүріспей жабуға тура келді. Билік полицияны үйге жіберу арқылы сес көрсеткісі келеді. Анам «формадағыларды» көргенде қобалжып қан қысымы көтеріледі. Олар тіпті 8 наурызда қала әкімдігінің келісімімен өткен митингке қатысқаным үшін де анама келіп, түсініктіме жазып кетуімді ескертіпті. Мен бұдан бас тарттым. Сағынтаевпен келісілген, санкцияланған митингке шыққаныма бола еш шақыртусыз әрі негізсіз талабын орындамаймын.
Әңгімеңізге рақмет.