Ресей, Қытай саясаты және климаттың өзгеруі – НАТО үшін басты қатер. Солтүстік Атлантикалық альянстың бас хатшысы Йенс Столтенберг ұйымның 2020 жылғы жұмысы туралы баяндамасында осылай деп мәлімдеді.

«Ресейдің тұрақсыздандырушы саясаты, терроризм, кибершабуылдар, Қытайдың дамуы негізгі қатерлер. Бірде-бір ел мұны жалғыз жеңе алмайды. Сондықтан біз стратегиялық жағынан ынтымақтастық орнатуымыз тиіс. НАТО авторитарлық Қытай мен агрессивті саясат ұстанатын Ресейдің сын-қатерлеріне төтеп бере алуы керек», – деді ол. Бас хатшы биылғы Альянс саммитінде ұсынылатын НАТО-2030 стратегиясында Ресейден төнетін қауіп-қатерге қарсы жоспарлардың дайындалғанын айтты.

Столтенбергтің айтуынша, қазір Қытай мен Ресей саясаты ортақ. Әсіресе, тараптар бірге НАТО қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әскери жаттығулар өткізіп жатыр.

Былтыр Солтүстік Атлантикалық одақ елдерінің әскери шығындары 3,9%--ға өскен.

Бірнеше жыл бұрын Time басылымы «Қытай мен Ресей батыстық серіктестеріне орасан қауіп туғызады» атты сараптама жариялаған болатын. Сараптама лиді «Қытай мен Ресей тандемі орасан зор қауіп туғызады» деп басталады. Бұған себеп көп. Мәселен, осы аптада АҚШ барлау қызметі аталған екі алпауыт альянс 1950-ші жылдардың ортасында яғни қырғи-қабақ соғыс кезінде Америкаға және оның одақтастарына үлкен қауіп төндірген, әлі де солай деген қорытындыға келді. Ресей мен Қытай тең құқылы серіктестер, бірақ екі елдің экономикалық жағдайындағы айырмашылық (Ресей ЖІӨ 2016 жылы – 1,268 триллион доллар, Қытай - 10,73 триллион) және экономикалық өсу серпіні (2016 жылы – Қытайда 6,7%, Ресейде 0,6%) мұндай әріптестікті қаншалықты тең құқылы деп санауға болатынын ойлауға мәжбүрлейді дейді автор.

Біріншіден, екі ел де халықаралық ынтымақтастық тұрғысында жалған мәлімдеме жасап, Батыс елдерінің қатарына енуге тырысады. Еуропа елдері Иранмен ядролық келісімді сақтап қалуға тырысқанда, АҚШ-тың ұйымнан шыққанына қарамастан, Бейжің мен Мәскеу бұрынғы позициясын сақтап қалды. Осы арқылы қос мемлекет халықаралық шартты сақтағысы келетіндігін айтып жалтарды. Аталған мақалада: «шынтуайтына келгенде, Путин де, Ши Жинпиң де Ақ үй басшысының беделіне нұқсан келтіріп, батыс елдерін Америкаға қарсы қойғысы келеді», – делінген.

Екіншіден, екі ел кибершабуыл және киберқылмыс ісінде елеулі «жетістіктерге» жетті. Солтүстік Америка мен Еуропада саяси және коммерциялық мақсаттарда хакерлік шабуылдар ұйымдастырды. Осы салада олардың қабілеттілік ауқымы соншалықты жоғары, киберқылмыста тәжірибесі мол. Қазіргі уақытта бірде-бір демократиялық ел ресейлік хакерлердің сайлауға араласпағанын сеніммен айта алмайды және шетелдік компаниялар Қытайдан келген хакерлердің құрбаны болғанын жасырмайды.

"The Qazaq Times"