Дүйсенбі күні НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг пен Қытай сыртқы істер министрі Уаң И бейне диалог өткізді. Диалог барысында Столтенберг Қытайдың ядролық арсеналын дамытуы мен әскери модернизациясының ашық болмауына алаңдаушылығын жеткізді.

Әдетте НАТО мен Қытай ортасында ресми түрде мұндай диалог көп бола бермейді. Дүйсенбідегі бейне диалог туралы Бейжің мен НАТО-ның ресми мәлімдемелері де бір-біріне ұқсамай шықты. Бежің бейне-сөйлесу туралы ресми мәлімдемесінде ядролық арсенал мен милитаризация жайындағы НАТО бас хатшысының алаңдаушылығы туралы ештеңе айтқан жоқ, тек Қытай НАТО-мен пікір алмасуға барынша ашық деп көрсеткен. Уаң И сөзінде «Қытай бұрын да НАТО-ның қарсыласы емес, болашақта да болмайтынын» айтқан.

«Алайда, соңғы жылдары кейбір НАТО мүшелері Қытай аумағына жақындау үшін әскери кемелері мен ұшақтарын жіберуде», – деген Қытай сыртқы істер министрі НАТО бас хатшысына.  Сондай-ақ: «НАТО өзінің бастапқы географиялық орналасуын сақтауы және аймақтың бейбіт пен тұрақтылықтың дамуында сындарлы рөл атқаруы тиіс», – деп қостаған.

НАТО жария еткен баспасөз баянында ұйымның Қытайды дұшпан ретінде есептемейтінін, алайда халықаралық міндеттемелерін орындап, халықаралық ережелерді сақтауға шақырғанын айтқан. Сондай-ақ, Столтенберг Уаң Имен диалог барысында Қытайдың әскери модернизациясының ашық болмауы мен ядролық арсеналын қарқынды күшейтіп жатуына алаңдаушылығын да ашық білдірген.

Қытайдың ядролық қуатын күшейтіп жатқаны туралы осы айдың бас шенінде өткен НАТО-ның кезекті конференциясында талқыланған болатын. НАТО тарабы Қытайдан держава ретінде жаһандық қару-жарақты бақылау бойынша міндеттерді сақтауын талап етеді.

The Qazaq Times