Климат саммиті аясында АҚШ президенті Жо Байден бірқатар нақты шаралар қабылдауға уәде етті. Сондай-ақ, климат мәселесінің аса маңызды екенін айта отырып, әлемдік ортақ мәселенің талқысына қатыспаған Қытай мен Ресей басшыларын сынға алды.
Сейсенбідегі мәлімдемесінде президент Байден саммитке қатысқан өзге елдермен 2030 жылға дейін орман кесуді тоқтату және 200 миллион гектар орманды, басқа да экожүйелерді қалпына келтіру туралы тарихи келісімге қол қоятынын хабарлады. Байден сонымен қатар метан шығарындыларын азайту үшін АҚШ үкіметінің энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік, тұрғын үй және ішкі істер департаменттерінің әртүрлі бөлімдерін біріктіру туралы жоспарын да жария етті.
Ғаламдық ортақ проблемаға қатысты бұл жиналыстың маңызын айрықша атап өткен АҚШ президенті отырысқа қатыспаған қытайлық және ресейлік әріптестерін сынға алды. «Менің ойымша, бұл Қытай үшін үлкен қателік. Шынын айтқанда, әлем Қытайға қарап «олар осындай халықаралық мәселеде қандай қосымша бастама көтереді» деп күтті. Қытайдың бұл жерде болмауы әлемге әсер ету жоғалтты. Менше бұл Ресейге де қатысты», – деді Байден сөзінде.
Ресей президенті Владимир Путин мен Қытай басшысы Ши Жинпиң аталған саммитке қатыспағанымен келіссөздер үшін өздерінің делегацияларын Глазгоға жіберген. Қытай өндіріс барысында көмір қышқыл текті ең көп шығаратын ел саналады, екінші орында АҚШ, ары қарай ЕО, Үндістан, бесінші орында Ресей тұрады.
Шотландияның Глазго қаласында өтіп жатқан саммит 14 қарашаға дейін жалғасады, оған 120 мемлекет пен халықаралық ұйым басшылары қатысып жатыр. Қытай мен Ресей басшылары болмаса да саммитте бірқатар маңызды келісімдер де жасалды. Айталық, 2030 жылға дейін метан газының бөлінісін азайту және осы жылға дейін орман кесуді тоқтату секілді шараларды айтуға болады.
Ресей президенті сейсенбідегі виртуалды кездесуде Ресейдің «орман кесуді бақылау бойынша қатаң шаралар көретінін» мәлімдеген, сондай-ақ, Ресей де 2030 жылға дейін орман кесуді тоқтату келісіміне қол қойған ел қатарында бар.